Ресей, АҚШ және Украина арасындағы қақтығыс жаһандық тәртіптің өзгеруіне ықпал ететін ең күрделі геосаяси түйіндердің бірі болып қалып отыр. 2022 жылы басталған соғыс халықаралық қатынастардың бүкіл құрылымын өзгертіп, әлемдік державалар арасындағы күш тепе-теңдігін қайта қарастыруға мәжбүр етті.
АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың билікке келуімен бұл үштіктің арасындағы қарым-қатынас жаңа кезеңге өтті. Трамптың сыртқы саясаттағы прагматизмі, Ресеймен диалогты жандандыруға ұмтылысы және Украинаға қатысты ұстанымы аймақтық және жаһандық деңгейдегі ықтимал өзгерістерге жол ашуда. Оның «соғысты жылдам аяқтау» жөніндегі талаптары мен АҚШ пен Ресейдің Украинасыз тікелей келіссөздерге отыруы халықаралық аренада үлкен дау туғызды.
Бұл мақаламызда Ресей – АҚШ – Украина үштігінің қазіргі қарым-қатынасы жан-жақты талданады. Біз Трамп әкімшілігінің стратегиясын, оның соғысты тоқтатуға бағытталған қадамдарын және бұл әрекеттердің Украина мен бүкіл әлем үшін қандай салдарларға әкелуі мүмкін екенін саралаймыз. Сондай-ақ, соңғы келіссөздер, экономикалық мүдделер мен Еуропалық одақтың реакциясы аясында жаһандық саясаттың болашақ бағыттарын қарастырамыз.
ТРАМПТЫҢ ҚОС САЯСАТКЕРМЕН ӘҢГІМЕСІ. КЕЛІСІМГЕ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ
Таяуда ғана АҚШ президенті Дональд Трамп қос тарап саясаткерлерімен әңгіме-дүкен құрып, «соғысты тоқтату» стратегиясын жан-жақты талқылаған-тұғын. Путинмен ол тікелей келіссөздерді осы бастан қамдастыру жөнінде сөйлессе, ал Зеленскиймен жұма күні өткен Мюнхендегі конференция мән-жайын нақтылапты.
Ақүй көшбасшысының айтысына сенсек, Ресей президенті ортақ келісімге келуден тайынып тұрған жоқ. Бұған дейін саяси сарапшылар Путиннің бұл жайындағы нақты позициясын нақтылай алмай әбігерге түскен. Себебі, Путин кей сөзінде соғысқа Украинаны кінәлі десе, кейде соғысты «ұлттық мүддеге» санап, тоқтатпаймын дегенге келтіреді. Десек те, Трамп Путиннің аталған келісімге «бас изеп» отырғанына сенімді.
Президент Трамптың сөзінше, екі Владимир де бейбіт келісімге келуге мүдделі. Сондай-ақ, ол жуық арада Ресей басшысымен Сауд Арабиясында жүздесу өткізіп, бәрін ортаға салуға дайын екендігін жеткізді. Дегенмен, президент «Украина бұл келіссөздерге нақты тарап болуға лайық па?» деген сұрағына нақты жауап бере алмай, тәлтіректеп қалды.
Осы орайда саяси сарапшы Марк Кац «Азаттыққа» берген пікірінде Трамптың ортақ келісімнен өз үлесін алып қалғысы келетіндігін жасырмағанын айтады. Оның мәлімдеуінше, Трамптың басты басымдықтарының бірі – Украинадағы сирек кездесетін металдарды бақылау. Бұл ресурс америкалық әскери-өнеркәсіптік кешен үшін стратегиялық маңызға ие, сондықтан Трамп әкімшілігі Украинаға осы салада артықшылықтар ұсынуға дайын болуы мүмкін.
– Трамптың келіссөздерді Путинмен жүргізуге басымдық беруі Зеленскийдің мүдделерінің қаншалықты ескерілетініне күмән туғызады. Сонымен қатар, Ресей басшысы да өз позициясын жұмсартқандай көрінеді. Бұрынғыдай «денацификация» немесе Украина билігін өзгерту туралы талаптар қойылып отырған жоқ. Қазіргі кезеңде Путиннің басты мақсаты – оккупацияланған аумақтарды өз бақылауында ұстап қалу және Киевтің әскери әлеуетін шектеу, – дейді ол.
Сонымен қатар, Кацтың ойынша, Путин үшін ең тиімді стратегия – қазіргі келіссөздерді пайдаланып, уақыт ұту. Егер Трамптың көмегімен бітім жасалып, Батыс елдері Украина мәселесіне назарын бәсеңдетсе, Ресей кейіннен әскери әлеуетін қалпына келтіріп, агрессиялық іс-қимылдарын қайта бастауы ықтимал.
Трамптың дипломатиялық ұстанымы соғыстың түбегейлі тоқтауына жаңа леп беруі мүмкін. Десе де, әзірге болған келіссөздерге көз жүгіртсек, Украинаның екінші тарапқа ысырылып қалғанын байқау қиын емес.
Ресей, АҚШ және Украина арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталды. Бірақ бұл кезең бейбітшілікке апара ма, әлде жаңа қақтығыстарға жол аша ма – оны уақыт көрсетеді.
ТРАМПТЫҢ АЙЛАСЫ
Президент қос тараппен тең дәрежеде сөйлескен кейіп танытқанымен, Батыс Еуропа, яғни Украинаны қолдаушылар бірдеңенің дұрыс еместігін бірден сезді. Қысқаша айтқанда, Еуроодақ та, Украина да Трамптың алғашқы мәлімдемелеріне сенімсіздік танытып отыр. Өйткені, Трамп Путинмен кездесудің қаншалықты маңызды екенін алға тартқанымен, Киевке бару жөнінде сұраққа келгенде абдырап қалды. Оның айтуынша, АҚШ делегаттары қос мемлекет өкілдерімен де біркелкі келіссөздер жүргізу барысында. Алайда, Ақүй басшысы дипломатиялық қарым-қатынасқа нақты қандай форматта қол жеткізетіндігін нақтылай алмай отыр.
– Менің ойымша, Трамп әкімшілігі Украинаға қолдау көрсетуден бас тартпайды және Ресейдің заңсыз басып алған украин жерлерін сақтап қалуына келіспейді. Бұл тұрғыда жағдай алты ай бұрынғыға қарағанда әлдеқайда түсінікті, – дейді саяси сарапшы Илан Берман.
Оның пікірінше, Дональд Трамптың даулы мәлімдемесі тарихи контекстке негізделген. «Президент Трамп Украинаның едәуір бөлігі, әсіресе Донбасс халқы, өздерін орыс деп санағанын меңзегендей. Бірақ оның назарынан тыс қалған маңызды жайт – үш жылға созылған соғыс бұл ұстанымды түбегейлі өзгертті» деп атап өтті сарапшы.
Берманның айтуынша, Ақүй басшысының айналасында осы мәселеге терең үңілетін білікті мамандар болуы керек. Егер президенттің кеңесшілері оған бұл күрделі жағдайды жан-жақты түсіндірмесе, оның украин халқы үшін келіссөздер барысында не нәрсенің қабылданатыны жөнінде мүлдем қате пайымы қалыптасуы мүмкін.
Сөздің төркіні, Трамп бұл келіссөз арқылы Украинаны құр жібергісі келмейтін секілді. Яғни, Трамптың бұл стратегияда арнайы жоспары бар. Кей саяси сарапшының пікіріне құлақ түрсек, Трамп осы күнге дейін Украинаға берген АҚШ көмегінің есесін алғысы келеді. Мысалы – табиғи ресурс. Және тағы бір айта кетерлігі, Украина да бұл шешімге үн-түнсіз келісіп отырған секілді. АҚШ-тың экс-президенті Джо Байден Украинға барынша көмек-қолын созып, қолдау көрсетсе, Трамп мейлінше тезірек соғыстың біткенін, бертін келе Ресейдің «үлкен жетілікке» қайта оралғанын қалайды. Сол себепті де АҚШ келісім ретінде Қырымды Ресейге беруді құптап отырғанға ұқсайды.
МЮНХЕН КОНФЕРЕНЦИЯСЫ. НЕ АЙТЫЛДЫ?
Осы мәселе төңірегінде Германияның Мюнхен қаласында өткен халықаралық қауіпсіздік конференциясы биыл әлемдік саясаттағы жаңа геосаяси құпиялар мен алаңдаушылықтардың айқын көрінісі болды деуге толық негіз бар. Украинадағы соғысқа қатысты пікірталастар конференцияның негізгі өзегі болғанымен, басты мәселе – Киевтің келіссөздер процесінен шеттетілуі және АҚШ-Еуропа қарым-қатынасындағы жаңа динамика еді.
Мюнхен конференциясының қорытындысы еуропалық көшбасшылар үшін ауыр сын болды. Халықаралық қорғаныс және қауіпсіздік орталығының директоры Кристи Райк өз пікірінде конференцияға қатысқан көптеген еуропалық сарапшының көңіл күйін өзі білдірді. Оның айтуынша, Украина Вашингтоннан әділ бейбітшілік күте алмайтынын түсініп, енді үмітін Еуропаға артқан. Бірақ, сарапшының пікірінше, Еуропаның бұл міндетті атқара алуына күмән бар.
Райктың сөзі Еуропаның өз ішіндегі саяси келіспеушіліктер мен тұрақсыздықтарды меңзейтіндей. Бір жағынан, Брюссель Украинаға қолдау көрсетуге мүдделі болса да, екінші жағынан, нақты іс-қимылдар жеткіліксіз. Сарапшылар Еуропаның әлі күнге дейін соғыс жағдайында нақты стратегиялық шешім қабылдауға қауқарсыз екенін алға тартады.
Мюнхен конференциясы басталмай тұрып, АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы ұзақ сөйлескені белгілі болды. Бұл кездесу Киев пен Еуропа астаналарында үлкен алаңдаушылық тудырды. Бұдан кейін Трамп әкімшілігі Сауд Арабиясында Ресеймен келіссөз жүргізетін арнайы делегация жіберетінін жариялады.
Бұл шешімнің астарында Украина мүдделерінің ескерілмеу қаупі тұрғаны айқын. Киевтің ресми өкілдері «Украинасыз Украина туралы келіссөздер болмайды» деген ұстанымда екенін бірнеше рет мәлімдеді. Президент Владимир Зеленский конференцияда сөйлеген сөзінде бұл мәселеге ерекше тоқталып:
– Украина ешқашан біздің қатысуымызсыз жасалған келісімдерді мойындамайды. Бұл қағида тек біздің елге ғана емес, бүкіл Еуропаға қатысты болуы тиіс. Украинасыз Украина туралы шешім жоқ. Еуропасыз Еуропа туралы шешім болмауы керек, – деп мәлімдеді.
Алайда АҚШ-тың қазіргі бағыты Украина үшін алаңдатарлық. Вице-президент Джей Ди Вэнс Мюнхендегі баяндамасында Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне емес, Еуропаның өз ішіндегі мәселелеріне көбірек назар аударды. Ол Еуропаны сөз бостандығынан бас тартып, иммиграциялық дағдарысты дұрыс реттей алмады деп айыптайды. Бұл Вашингтонның сыртқы саясаттағы басымдықтары өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Мюнхен конференциясы кейбір сарапшы үшін тарихи аналогияларға негіз болды. Бір тарап 1938 жылғы Невилл Чемберленнің Германиямен «бейбіт келісімге» келіп, Гитлерді тоқтатуға тырысқанын еске түсірсе, енді біреулері 2007 жылы Владимир Путиннің дәл осы конференцияда Батыстың «бірполярлы әлемін» айыптаған мәлімдемесін еске алды.
Бірақ та шындық басқаша болуы мүмкін. Украина мен Еуропа Мюнхеннен кейін белгісіздікке толы жаңа дәуірге аяқ басты. Бұл жолы тарих алдын ала жазылған сценарийді ұсынбайды, оны енді әлемдік саясаттағы ойыншылар өздері қалыптастыруда. Украина үшін басты мәселе – бейбіт келіссөздерге қатысу құқығын сақтап қалу болса, Еуропа үшін – өз жауапкершілігін толық сезініп, нақты қадамдарға көшу.
ЭР-РИЯДТАҒЫ ЖИЫН. РЕСЕЙ мен АҚШ ӨКІЛДЕРІ НЕ ШЕШЕ АЛДЫ?
Осы орайда 18 ақпан күні Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) АҚШ пен Ресей өкілдері Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде алғашқы келіссөздерін өткізді. Бұл кездесу Вашингтон мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды қалпына келтіру және келіссөздер процесін бастауға негіз қалау мақсатында өтті. Дегенмен, сарапшылар бұл келіссөздер әлі нақты нәтиже бермейтінін, тек ұзақ әрі күрделі дипломатиялық процестің бастамасы ғана екенін айтуда.
Кездесу барысында тараптар төрт негізгі бағыт бойынша келісімге келді:
1. Вашингтон мен Мәскеудегі дипломатиялық өкілдіктерді қалпына келтіру
Бұл қадам екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған. Соңғы жылдары дипломаттардың өзара шығарылуы екі елдің байланысын әлсіреткен болатын.
2. Украинадағы соғыс жөнінде жоғары деңгейдегі арнайы топ құру
Бұл топтың қандай нақты мәселелерді талқылайтыны әзірге белгісіз. Бірақ негізгі сұрақтар – Украина НАТО-ға мүше бола ма, соғысушы тараптарға қару-жарақ жеткізу жалғаса ма, Ресейге қарсы санкциялар жеңілдетіле ме – осы төңіректе өрбуі мүмкін.
3. Геосаяси және экономикалық ынтымақтастықты зерттеу
Мәскеу мен Вашингтон арасындағы экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды жандандыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сарапшылар бұл тұрғыда ғарыш саласындағы ынтымақтастық қайта қалпына келуі мүмкін деп болжайды.
4. Келіссөздерді тұрақты түрде жалғастыру
АҚШ пен Ресей өкілдері алдағы уақытта кездесулерін жалғастыруға уағдаласты. Мәскеу бұл үшін арнайы өкіл тағайындамақ, ал АҚШ өз өкілдерін жуық арада анықтайды.
Ресей тарапы Украинадағы жағдайды «Еуропадағы қауіпсіздік мәселесінің бір бөлігі» ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Кремльдің басты талаптарының бірі – 2008 жылы НАТО тарапынан Украинаға берілген мүшелікке үміткер мәртебесінен бас тарту. Сонымен қатар, Ресей НАТО-ның Украинаға әскер кіргізу мүмкіндігіне үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді.
Украина мен оның одақтастары бұл келіссөздерге күмәнмен қарап отыр. Киевтің алаңдаушылығы орынды – себебі, келіссөздерге Украинаның өзі қатысқан жоқ, ал бұл оның мүдделерін елемеу қаупін тудырады. Украина президенті Владимир Зеленский бұл кездесуді сынға алып, бейбіт келіссөздерге Еуропалық одақ, Ұлыбритания және Түркия да қатысуы керек екенін айтты.
Еуропалық елдер де өзара пікір таластыруда. Парижде өткен шұғыл саммитте еуропалық көшбасшылар Украинаға әскери және экономикалық қолдау көрсету мәселесін талқылағанымен, нақты шешімге келе алмады. АҚШ өкілдерінің пікірінше, соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктері «Еуропаның жетекшілігімен» жүзеге асуы тиіс.
Бұл келіссөздерді тарихи бетбұрыс деп айтуға әлі ерте. АҚШ-тың бұрынғы президенттері Джордж Буш пен Барак Обама да Ресеймен қарым-қатынасты реттеуге тырысқан, бірақ нәтижесінде Грузия мен Украинадағы қақтығыстар күшейе түсті. Сол себепті, қазіргі келіссөздердің де табысты аяқталатынына кепілдік жоқ.
Қазіргі кездегі ең үлкен қауіп – АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресеймен келісімге келу үшін Украина мен Еуропаның мүдделерін елемеуі. Бұл жағдай Еуропалық одақты жаңа стратегия әзірлеуге және қорғанысқа көбірек инвестиция құюға итермелеуі мүмкін.
ТҮЙІН. Аталған басқосулар мен келіссөздер арқылы бірден шешім шығарып, дөп пікір айту қиынға соғып тұр. Ресей мен Украина өздігінше келісімге келгенімен, түптің түбінде қос мемлекет толық мәмілеге келуі үшін біраз уақыт керек секілді. Ал Дональд Трамптың белсенділігі оның басшы ретіндегі қарым-қабілетін көрсете тұра, имиджіне біраз серпін бергелі тұр. Біз бұған дейін де Трампты реалист менеджер санатына қосқан едік. Оның Украинаға деген көзқарасы, дипломатиялық біркелкілігі бұл сөзімізге дәлел болып отыр. Неде болса, екі ел де бейбітшілікке қол жеткізіп, баз баяғы қалпына келеді деп сенеміз.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Сіз не дейсіз?
Нұргелді ӘБДІҒАНИ, саясаттанушы:
СОҒЫС ҚАЙТКЕН КҮНДЕ ДЕ ТОҚТАЙДЫ!
Украинадағы қан қақсатқан соғыстың жүріп жатқанына да үш жылдың жүзі болды. Аталған қақтығыс екі тараптың қай-қайсына да оңай тимеді. Басқыншылықты бастаған Ресейге де, олармен табан тіресе күрескен Украинаға да. Жалпы, саясатта бәрімізге белгілі классика бар. Соғыс түптің түбінде келіссөзбен аяқталады деген. Украинадағы соғыстың да бәрібір келіссөз арқылы аяқталатыны болжаулы нәрсе еді. Қазір АҚШ-тың жаңа саяси басшылығы, Трамптың командасы үш жылға созылған соғысты тоқтату үшін бар күшін салатыны анық. Оған екі тараптың да қарсы еместігіне куә болып отырмыз. Ал Трамптың ең алдымен Ресеймен сөйлесуі, сондай-ақ, соңғы уақыттары Зеленский тарапына айтылып жатқан риторикалардың бәрі дерлік – осы келіссөздердің шеңберінде жасалған дүние. Ұлыбританияның экс-премьері Борис Джонсон осы тұрғыда жақсы пікір айтты. «Бұл – Трамптың ортақ келіссөз жүргізу тактикасы» деді ол бір сөзінде.
Осы соғысты тоқтату үшін бірнеше алғышарт қажет. Соның бірі – тараптарды келіссөз үстеліне отырғызу. Зеленский соғыстың алғашқы күнінен бастап «Біз соғысты тез арада тоқтатқымыз келеді, ортақ мәмілеге келуді де мақсат етеміз» деп жағы талғанша айтып келеді. Осы тұрғыдағы басты мәселе – келіссөз үстеліне Путинді көндіру. Ал егер соғыстың жалғасуы кімге тиімді болса, Путинге тиімді болар еді. Бәріміз білетіндей, Ресей – өз халқын тоталитарлық режимде, үркітіп ұстауы, өзге елге үстемдік етуі арқылы өз-өзін қанағаттандыратын мемлекет. Оған бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, Кавказ елдеріндегі Армения мен Әзірбайжанның Қарабаққа таласының басы-қасында болуы, Африка елдерінде болған әскери істерге араласуы – сөзімізге дәлел. Қорыта айтқанда, елді соғыспен басқару – Ресейдің классикалық үлгісі. Осы орайда Трамптың қыспағы мен саяси қитұрқы әрекетін Путинді біртіндеп компромиске тартудың амалы ретінде алып қарасақ болады. Бұл істің жайлап жүзеге асып жатқанына Ресейдің Эр-Риядта өткен екі ел арасындағы конференция жиыны жайлы «жылымық» көзқарасы арқылы куә болып отырмыз. «Біздің позициямыз айқын, біз ешкіммен келісімге келмейміз» деген ұстанымды ұстаған Ресей бүгінде бірте-бірте жұмсарып келе жатқан секілді.
Тағы айта кететін жайт, АҚШ тарапынан Украинаға жасалып жатқан ақпараттық қысымның өзіндік плюсі де бар. Әрине, Трамптың сөздерінің Украинаның беделіне нұқсан келтіріп жатқаны анық. Бірақ, Трамптың соғыс барысында президент Зеленскийге қойып отырған ультиматумы екі ел арасындағы қауіпсіздікке кепіл болып тұр. Арнайы қауіпсіздік кепілдігі деп жазылмаса да, белгілі бір деңгейде АҚШ пен Украинаның диалог жүргізе алатынына айқын дәлел. Ал Украина басшылығының келісімнен аздап жалтарып, ойланып отырған себебі – қауіпсіздік кепілдігінің нақты қамтамасыз етілмеуі. Бұған дейін 1994 жылы өткен Будапешт келісімінде «ешкім ешкімге тұтқиылдан шабуыл жасамайды» деп уәде берген Ресей бүгінде сөзінде тұрмады. Сол себепті де Украина күмәнданып отыр. Бір жағынан Украинаға керегі – соғыстың азғантай уақытқа үзіліс алуы емес, ұзақ уақытқа бейбітшіліктің орнауы. Еуроодақ қауіпсіздік кепілдігін бұған дейін беріп қойған. Украинаның дәметіп отырғаны – АҚШ кепілдігі.
Өкініштісі сол, Украина Ресей территориясына кеткен, окуппацияға ұшыраған өңірлерін әскери күшпен ендігіде қайтара алмайды. Еуропа да бұл тұрғыда Ресейге қарсы шығуға, бейбіт жолмен болсын, агрессиялық жолмен болсын Украинаға көмек қолын созуға қауқарсыз екендігін біз өз көзімізбен көріп отырмыз.
Неде болса, соғыстың алдағы уақытта тоқтайтындығы, екі жақ ортақ келісімге келетіндігі анық. Алайда, соғыс біз ойлағандай бірден тоқтамайды, кезең-кезеңімен жалғасып, әртүрлі этаптан өтеді. Алғашында екі ел «атысты тоқтату» кезеңінен өтуі керек. Артынша қос мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас қайта жандана бастайды. Сондай-ақ, екі ел басшылығының тікелей, бірнеше кездесуі өтеді. Осы тұрғыда АҚШ президенті Трамп өзінің кәсіпкерлігінен бөлек, дипломатиялық қарым-қабілетін де көрсетіп отыр. Ал Путин де өз елінің экономикалық ахуалына алаңдаса, келіспеуден басқа амалы жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!