Бүгін С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ҚазКСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, график суретші, ақын Қайырбай Зәкірұлының 80 жасқа толуына орай өнер шеберінің шығармашылығын еске түсіріп, таным дүниесін тамашалау мақсатында «Сыр перзенті суретші, қағілез қаламгер» атты еске алу кешін ұйымдастырды.
Аталмыш шараға суретшілер, Қызылорда қаласының оқушылар мен жасөспірімдер үйінің және М.Қалауов атындағы Қызылорда қалалық өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Шара барысында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Көлбай Әбілханұлы, Гүлнар Рамазанова, Бекзат Жақыпов суретшінің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып естелік әңгімелермен бөлісті.
Адам баласының тылсым әлемінің, жан дүниесіне тереңінен үңіле отырып, өнердің нәзік иірімдерінен туындылар тоқыған қылқалам шеберін еске алу, еңбектерін жаңғырту, шығармашылығын дәріптеу шараның негізгі мақсаты болды.
Сонымен қатар, жас суретшілер Қайырбай Зәкірұлының галерея қорындағы «Сыр жаға. Иранбек», «Сыр жаға. Асқар», «Ақмешіт, А.Дәулетбаев көшесі», «Келмембет батыр» атты шығармаларымен танысты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!