Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінде дирижерлер шеруі өтті

24.02.2025, 17:40 58

HALYQLINE.KZ

Дәуірлер көшінде ұлы мұра болып қалған ұлттық музыканы дәріптеудің тағылымы мол. Өйткені мәдениет пен өнер ұлттың өткені мен бүгінін байланыстырып, болашаққа бағдар бола алады. Осы мақсатта Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің әуенді асқақтатқан, қос ішекті күмбірлеткен «Жас екпін» атты концерті өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Самат Абылаев. Бас дирижері — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кеулімжай Ботабаев.

Ұлттық музыка салтанат құрған кеш төл оркестріміздің айшықты дамуына үлесін қосып жүрген жас ұстаз, Республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты Руслан Балмасовтың шығармашылығына арналды. Айтулы кеште Р.Балмасовтың ұстазы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор К.Ботабаев және еліміздің өзге өңірлерінен келген жас дирижерлер «Шымкент концерт» концерттік ұйымының қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ж.Мейірбеков, Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Ә.Бейсеков, «Folk show» жобасының авторы әрі дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ә.Азбаев, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Н.Әшімхан, Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ш.Исаев өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бүгінгі дирижерлер шеруі аймақтың төл өнерін ғана емес, тұтас дирижерлік өнердің насихатталуына, өңіраралық шығармашылық байланыстың нығаюына әрі достық пен өнерге құрметтің артуына негіз болды. Рухани кеште филармония аралас хоры, жетекшісі – Арайлым Қуаныш, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ә.Әбсадықов (соло домбырада) және Ж.Жұмабек (соло домбырада), жырау, дәстүрлі орындаушы Н.Ақтаев көрерменді ұлттық саздың сиқырына бөлеп, есте қаларлық кеш сыйлады.

Сонымен қатар, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары С.Тасбергенова, М.Аманжолов, республикалық конкурстардың лауреаты Ж.Жұмаш және филармония солистері Д.Қыдырбай, Ж.Жүсіпов әсем әнімен Сыр сахнасын ерекше думанға бөледі.

Ұлттық саз кешінде Руслан Балмасов анасына гүл шоқтарын табыстап, құрмет-қошемет көрсетті. Ұлының шығармашылық кешімен тұспа-тұс келген туған күнінде анасы толқыныс пен тебіреніс күйде керемет кештің куәсі болды.

Сонымен қатар, жас дарын, дирижердің ұлы Рамазан Балмасов та өзі білім алатын М.Қалауов атындағы өнер мектебінің домбырашыларымен бірге өнер көрсетіп, талғампаз тыңдарманды тәнті етті. Жетекшісі – Дархан Жаңабаев.

Облыстық филармония кәсіби өнер ұжымдарының өзге өңірлермен шығармашылық байланыс орнату әрі тәжірибе алмасу бағытындағы іс-шараларын алдағы уақытта да басты негізге алмақ.

Жамбыл МЕЙІРБЕКОВ, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері:

– Руслан Балмасовтың өнерімен бұрыннан таныспын. Өте талантты дирижер, мықты музыкант. Бұған дейін 2021 жылы жеке шығармашылық кешін берген болатын, сол концертте де арнайы өнерімді көрсеттім. Мінеки, бүгін тағы да қызылордалық көрермендермен қауышқалы тұрмын. Елімізде қазір дирижерлік өнер қарқынды дамып жатыр. Неге десеңіз, жас дирижерлер қатарымызды толықтыруда. Оның бәрі алдымен ананың ақ сүтімен берілетін талант және оқып-білімін жетілдірудің нәтижесі деп білемін. Өткен ширек ғасырмен салыстырғанда бұл өнер әлдеқайда дамыған деп айта аламын.

Әбілқайырхан БЕЙСЕКОВ, Н.Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты:

– Шамамен бір ай бұрын Сыр еліне келіп, дирижерлер шеруіне қатысыңыз деген ұсыныс түскен болатын. Қуана келістім. Өйткені, еліміздегі маңдайалды мықты оркестрлеріміздің бірі Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрімен бір сахнада өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе, үлкен құрмет. Ұлттық музыка салтанат құрған кеште Н.Тілендиевтің «Махамбет» шығармасын оркестрдің орындауында дирижерладым. Еліміздегі дирижерлік өнердің дамуы өте жақсы. Республикаға белгілі ұстаздардан тәлім алған шәкірттердің жаман болмасы анық. Ұстаздарына қарап бой түзеп, жас дирижерлер жақсы деңгейлер көрсетіп келеді.

Шыңғыс ИСАЕВ, Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі:

– Сыр еліне келіп жатқан мақсатымыз Руслан маэстроның шығармашылық кеші болатын. Еліміздің түрлі аймағында жұмыс істеп жүрген жас дирижерлердің басын қосып, керемет кеш беріп жатыр екен. Керемет бастама, жақсы дүние. Ұсынысты қуана-қуана қабыл алдық. Әрдайым әр облыста осындай дүние болса екен. Тек дирижерлер емес, тұтас оркестр бір-біріне шығармашылық сапармен барып, өнерлерін көрерменге паш етсе екен деген тілек бар.

Әділет АЗБАЕВ, «Folk show» жобасының авторы әрі дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі:

– Руслан Балмасов – досым, өнердегі әріптесім. Қызылорда өңірінің өнерін дамытуға үлкен үлесін қосып жүрген мықты маман иесі, гобоист, жас дирижер. Шығармашылық кешіне арнайы шақыртуын қуана қабыл алдық. Дирижер мамандығы – үлкен еңбекқорлықты, шыдамдылықты, жұмысты қажет ететін мамандық. Қазіргі уақытта елімізде дирижерлік өнер қарқынды дамып келеді. Бұрынғы уақытта бұл мамандыққа тек үлкен кісілер келетін болса, қазір мамандық жасарып келе жатыр. Жастар оқып, білім алып, өз туған жерінде нәтижелі жұмыстар істеп, еңбектерін сіңіріп жүр. Артылатын жауапкершілік, үміт өте үлкен. Істеліп жатқан жұмыстар, жобалар өте көп. Алда әлі талай шығармашылық байланыс орнататын боламыз.

Нұрғали ӘШІМХАН, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының магистранты:

– Туған жерімде өтетін осындай кереметтей шығармашылық кешке арнайы шақырту алғаныма өте қуаныштымын. Себебі, саладағы алғашқы баспалдағым осы аймақтан басталды. Шығармашылық кешке ерекше әрі жаңа туынды алып келдім. Бұл шығарманың осы концертте алғашқы дебюттік орындалуы болды.

Қ.ВЛАДИМИРҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: