Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы қытайлық компаниядардың басшыларымен кездесті

24.02.2025, 17:15 56

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірінің делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс және мұнай компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар. Сапардың негізгі мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.

Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Сиань қаласындағы мұнай-газ, химия өнеркәсібі саласындағы компания жетекшілерімен кездесті. Алдымен «Yan’an Energy Equipment Group» компаниясы басшысымен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«Бірінші кезекте Қызылорда облысы мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бүгінгі кездесуге қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Біз Қытайдың озық технологияларын облыс өнеркәсібіне енгізу үшін арнайы делегация жасақтап келдік.

Мұнай-газ – өнеркәсіптің маңызды салаларының бірі және облыс экономикасының негізі. Оның үлесі өңірдің өнеркәсіптік өндірісінің 48,7%-дан астамын құрайды, 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Облыс аумағында мұнай өндірумен және барлаумен 49 кеніште 25 компания айналысады.

Алайда, мұнай ұңғымаларының көпшілігінің сарқылуына байланысты қорды толықтыру мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі 5,5 мың метр ұңғыманы бұрғылауда. Қазіргі таңда бұрғылау жұмыстары шамамен 5,4 мың тереңдікке жетті.

Осы ретте, құрметті мырзалар, компанияның заманауи технологиясы мен тәжірибесін ескеріп, Қызылорда облысында бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз.

Облыс әкімдігі өз тарапынан зауыттарды орналастыру үшін жер, инженерлік инфрақұрылым, жан-жақты логистикалық қолдау білдіруге дайын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы «Xian ANCN Smart Instrument Inc» мұнай-газ компаниясының басшысымен кездесті.

«Xian ANCN Smart Instrument Inc» компаниясы 2007 жылы құрылған. Негізгі қызметі – газ кен орнының автономды басқару жүйелерін, жарылысқа қауіпсіз тексеру роботтарын, смарт өлшеу құралдарын және басқа да мұнай-газ жабдықтарын өндіру. Компанияда 320 қызметкер, 100 ғылыми-зерттеу тобының мүшесі, 340 ғылыми зерттеу патенті бар.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, жауапты сала басшылары, кәсіпкерлер Синьянь қаласында инвестициялық тұрғыдан әлеуетті бизнес өкілдерімен кездесті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: