Әрбір адам өз мамандығына адалдық танытуы тиіс. Шыны керек, қазіргі қоғамда әртүрлі жетіспеушіліктің салдарынан мықты мамандар өзінің сүйікті ісін өзгесімен алмастырып жатады. Бірақ, біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Кез келген адам қай салада жүрсе де, оның ісі мен сөзі айналасындағыларды жақсылыққа, ізгілікке бастап отыруы шарт. Осы орайда, ұстаздар қауымы баланың шырағданы, шын бағбаны бола алады. Оны өз ісімен дәлелдеп те жүр.
Жақында БАҚ беттерінен өте үрейлі мақала оқыдым. Ғалымдардың зерттеуінше, әлемде қазір 7 мыңдай тіл бар екен. Оның 40 пайызынан астамына жойылу қаупі төніп отыр. Мұны халықаралық ғалымдар тобы өз зерттеуінде мысалға келтіреді. Қазақ тілінің маманы болғандықтан, мұндай ақпараттар бізді елең еткізеді. Әрине, біздің мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғары. Цифрландыру саласы, мемлекеттік құжаттар мен жасанды интеллектіде де қазақ тілінің бәсі жоғары болып келеді. Бұл қатарға ел тұрғындарының сөйлеу көрсеткішін де қосқан жөн. Мысалы, Ұлттық статикалық бюроның дерегінше, 2021 жылғы соңғы халық санағының қорытындысында Қазақстан халқының 77,4 пайызы мемлекеттік қазақ тілінде еркін сөйлейтіні белгілі болса, ауызша түсінетіндерді қосқанда 85,5 пайызға шыққан.
![](https://halyqline.kz/wp-content/uploads/2025/02/whatsapp-image-2025-02-06-at-10.39.50-1024x1024.jpeg)
Әрине, қоғамда қазақ тіліне қатысты мәселе жоқ емес. Әрі мемлекеттік тілге қатысты жайттар ірі не ұсақ деп бөлінбесе керек. Мысалы, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінде мынадай мәселе бар. Орыс сыныптарындағы балалардың қазақша сөйлемеуі, қазақша қарапайым сөздерді түсінбеуі және бос уақытында өзге тілде әңгімелесуі деген сияқты жайттар кездеседі. Біз мұндай жағдайда қазақ тілі пәнін барынша қызықты етіп өткізуге мән береміз. Қазіргі уақытта ақпараттық технология қарыштап дамып кетті. Сабақ барысында оқушыларға мемлекеттік тілді түсінікті түрде оқыту – аса маңызды. Біз олардың қоғамнан өз орнын табуы және мамандыққа алдын ала бейімдеу және оны таңдауда дұрыс қадам жасауға ықпал етеміз. Тек қана білім, тәрбиемен шектеліп қалмай, олардың кәсіби бағытталуы мен тұлғалық дамуына да мән берген жөн. Бастауыш сынып оқушыларына қазақ тілінің кереметтігін сөз етумен қоса, болашақтағы мамандығын түсіндіру, оларға жаңа мүмкіндіктер ашу – ұстаздардың басты міндеті. Расында, білім беру жүйесінің сапасы мен ұстаздардың құзыреттілігі оқушыларға тікелей әсер етеді.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қазақ тілінің мән-маңызына ерекше тоқталып, мемлекеттік тілдің аясы кеңеюі үшін барлық жағдайды жасауды жауапты органдарға тапсырып келеді. Жастарды, жасөспірімдерді, балаларды кішкентай кезінен ана тіліне баулу мен бейімдеудің маңызы зор. Әлбетте, жасампаз ұрпақ өз болашағын ертерек бағдарлағаны, бағамдағаны дұрыс. Бұл іске қоғам болып жұмылуымыз керек. Десе де, бала бірінші тәрбиені отбасынан алады. Сондықтан, ана тілімізді ардақтауда ата-аналар да жауапкершілікті сезінсе екен дейміз. Бұл – ел Тәуелсіздігі үшін маңызды қадам. Өйткені, елдің болашағы, Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі – бүгінгі оқушылар.
Айсана ШАЙХЫ,
«Orda school» жеке мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!