Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде жұртшылықпен кездесіп, Парламент Мәжілісінің депутаты М.Әбенов, құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдауға келген 81 азамат негізінен жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу, әлеуметтік көмек, көпір салу, жер үлесін алу, инфрақұрылым және өзге де түйткілді мәселелерді көтерді. Құзырлы орган басшылары халықты қабылдап, өтініштерін тыңдады.
Аймақ басшысы қозғалған мәселелерді мамандар мұқият зерделейтінін, соның негізінде заң шеңберінде шешім қабылданатынын айтты. Тұрғындардың сауалдарын жан-жақты зерттеп, терең талдауды жауапты басқарма басшыларына тапсырды.
Жеке қабылдауға келген кент тұрғыны шаруа қожалығындағы заңды үлес жерін және шаруашылық есебіндегі техникаларды қайтарып алуға көмек сұрады. Облыс әкімі қатысушылар құрамынан шығу және жер учаскесiн бөлу туралы құжаттар әзірлену сатысында екенін жеткізді.
Тартоғай ауылының тұрғыны өзі тұратын ауылды, Сұлутөбе, Майлытоғай, Бәйгеқұм, Бала би елді мекендерін газдандыруды сұрады. Аталған ауылдарға газ жүргізудің жоба-сметалық құжаттамасына енгізілген түзетудің орындылығын мақұлдау мәселесі облыстық бюджет комиссиясы отырысында қаралады.
Қабылдауда тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларынан өз мәселелерінің заңдық тұрғыдағы шешімін сұрады. Барлық сауалға толыққанды жауап, маман кеңесі берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!