Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсыдан үйренейік, көштен қалмайық!

31.01.2025, 7:00 67

HALYQLINE.KZ

 (Ұлттық  баспасөз  күніндегі  ұлықтарға  арнау  сөз)

2 ақпан – Ұлттық басылым күнін биыл екінші рет атап өтеміз. Шынын айтсақ, осынау ұлт, ел үшін өте маңызы зор мәртебелі мерекенің мәнісін әлі терең түсіне алмай жүрміз. Егер түсінетін болсақ, қазақ үшін қай заманда да баспасөздің қажет екеніне көзімізді жеткізер едік. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының осыдан 112 жыл бұрын, «Қазақ» газетінің №1 санында жазған: «Дүниенің төріне қызыққандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік. Басқалардың заманға қарай өтіп бара жатқан амалын көруімізге бізге газет-журнал керек» деген сөзін қаперімізден шығармас едік.

Тілшілердің  тірлігін  көзімен  көрсе…

Баспасөздің беделі, жазбаша мәтіннің маңызы ешқашан төмендемейді.

Жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді. Менің болмыс-бітімім талдау жасауға бейім. Сөйлейтін сөздерімнің, мәлімдемелерімнің, тіпті жолдайтын хаттарым мен жеделхаттарымның мәтінін де өзім мұқият қараймын» деп басылымдардың қоғамдағы алатын орнын нақты мысалымен көрсетіп берді. Президент сол жолғы сұхбатын «Ана тілі» газетіне беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткісі келгенін ашық айтты. Қош делік.

Алайда, Президенттің өзі қолдап отырған қазақ баспасөзінің бүгінгі хал-ахуалына келгенде тілімізді тістеп қалатынымыз анық. Мұның себебі көп. Соның бірі – Мәдениет және ақпарат министрінің пәрменінің жоқтығы, журналистерге немқұрайды қарайтыны дер едім. Біздің елде бұл лауазымға тағайындалатын адам Президенттің сөйлеген сөздерін көшіріп жариялаумен, БАҚ туралы статистикалық мәліметтерді жинаумен ғана айналысатын тәрізді. Айтпақшы, министр қоғамға танымал тұлғаларды туған күнімен құттықтау деген жұмысын мұқият атқарады. Одан қала берді құзырлы министрліктің басшысы Аида Балаева журналистерге мемлекет баспана берген кезде бір-екі рет жылт етіп, жалпақ жұрттың көзіне көрінеді де, қайтадан ғайып болады. Өз басым Ақпарат министрлігін басқарып отырған адамның газет-журналдардың бірінің редакциясына бас сұғып, журналистердің хал-күйін сұрап-білгенін көрмеппін (бәлкім, жария қылмай ондай жиындарға барып жүрген шығар).

Министр ханым тым құрығында Астанадағы баспасөздің қара шаңырағы – «Астана ақшамы» газетінің редакциясына келсе, шықпа жаным шықпамен күн көріп жүрген тілшілердің тірлігін көзімен көріп, құлағымен еститін еді. Биыл 35 жылдығын атап өтетін редакцияның материалдық-техникалық жағдайына үңілсе құба-құп болар еді. 240 мың теңге жалақымен ай сайын жан бағып жүрген журналистер – нағыз еңбек адамы емей кімдер?!. Газетте кадрлардың тұрақсыздығы деген мәселе де бар. Мұның ең бірінші себебі – жалақының аздығы. Газет басшылығы бұл мәселені тілшілерге қаламақы төлеу жолымен шешуге талпынып еді, одан нәтиже болмады. Қазір өз тілшілеріне қаламақы төлемей, газет авторларына қаламақы төлейтін жалғыз редакция осы шығар. Газетке жақсы оқылатын, еркін ойлы мақала жазылуы үшін қаламақы төленуі керек. Дұрыс, әділ қаламақы саясатын жүзеге асыратын кез кезді. Министр ханым тым құрығанда газет тілшілеріне қаламақы төлеудің нақты жолын көрсетіп, тілекші болып кетсе, қалам ұстаған қауым содан да бір желпініп қалар еді. Соңғы жылдары ұстаздар мен дәрігерлердің (басқа мамандық иелері де солай) еңбекақысы бірнеше есеге көтеріліп, журналистердің жалақысы сол күйінде қалды. Соның салдарынан кәсіби журналистер бизнеске кетіп жатыр. Сол себептен масс-медиа туралы заңға түзету енгізіп, журналистердің шығармашылық жұмысын бағалап, ізденісін арттыратын «қаламақы белгілеуді» заңдық тұрғыда бекіту керек.

Жақсыдан  неге  үлгі  алмаймыз?

«Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» дегендей, айта-айта аузымыз талған мәселенің бірі – баспасөзге мемлекеттік тапсырыс беру саясатын өзгерту. Біз жайшылықта баспа БАҚ-тағы контент сапасын өзгерту туралы жиі әңгіме айтамыз, баяндама жасаймыз. Құр сөзден іске көшудің тіке жолы – мемлекеттік тапсырыс беру жүйесін өзгерту. Мысалы, газет-журналдарға мемлекеттік тапсырыстың ақшасы тек сараптамалық мақала, журналистік зерттеу, сараптамалық шолу сияқты материалдарға ғана берілсін. Баспа басылымдар заманауи жаңа форматтарға көшуі үшін барлық газет-журнал редакцияларына мультимедиялық форматты дамытуға талап қойылсын. Сонда іс оңға басып, сапалы контент пайда болады. Олай болмаған жағдайда, газет оқырмандарының саны азая береді. Өзіңіз ойлаңызшы, бір депутаттың Президенттің Жолдауына қатысты айтыла-айтыла жауыр болған арзанқол пікірін оқығанша, автокөліктердің бағасына қатысты жазылған терең сараптамалық мақаланың оқырман қайсысын таңдайды? Әлбетте, екіншісін.

Менің ойымша, шығармашылық ұжымдарды қолдауды мемлекеттік тапсырыс есебімен емес, Әзербайжандағыдай ірі-ірі мұнай компаниялар арқылы қор қалыптастыру арқылы қаржыландыру керек. Сонда ғана журналистер елдің дамуына шынайы үлес қосып, қоғамда әділеттілік принциптері салтанат құрады. Қазақ баспасөзінің дәл бүгінгі жағдайы қайыр сұрағанмен тең. Әзербайжанды мысалға алдық қой. Бізбен бауырлас ел, міне, 150 жыл бойы Ұлттық басылым күнін шынайы, әділ атап өтіп келеді. Жыл сайын, 22 шілде күні Әзербайжанда журналистер Ұлттық басылым күнін асыға күтеді. Әділетті басшы Ильхам Әлиев ең алдымен БАҚ өкілдерінің әлеуметтік пакетіне назар аударады. Барлық медиа мамандарға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ең бастысы, баспанасыз жүрген әріптестерімізге үй беріледі. Бұған дейін журналистерге арналған 2 үлкен үй берілсе, тағы 3 үй салынып жатыр. Осындай тамаша үрдісті қырғыздар да қолға алды. Бір қуанарлығы, бұл оң тәжірибе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда да жүзеге асырыла бастады. Үкіметтен үй алатындар қатарына «Астана ақшамы» газетінің қызметкерлері де кіретін күн туса, бәріміз үшін зор қуаныш болар еді. Бұдан бөлек, журналистердің кәсіби қызметін атқару кезіндегі құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіби білімі мен білігін арттыруға барынша қолайлы жағдай жасау деген мәселелер бар. Жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттерді оқыту, медиа маманы етіп дайындауға қатысты да құзырлы министрлік ештеңе жасаған жоқ. Тым болмаса студенттерге сапалы мәтін жазып үйретуді бір жолға қоятын уақыт әлдеқашан жетті.

Баспасөз  бен  жасанды  зерденің  текетіресі  бола  ма?

Жасыратыны жоқ, қазір цифрлық медиа баспасөздің жағдайын одан әрі ушықтырып жіберді. 4 жас пен 75 жас аралығындағы ақпарат тұтынушылардың 95 пайызы интернеттегі, әлеуметтік желілердегі медиа өнімдерді тұтынатын заман келді. Жасанды технологияның есік қағып тұрғаны анау. Қазір екі адамның бірі: «Жасанды зерде журналистің қызметін атқара ала ма?» деген сауалды қояды. Халықаралық сарапшылардың 74 пайызы жасанды зерде (ЖЗ) газет редакцияларына жұмыс өнімділігін арттыруға, журналистердің толық шығармашылық қызметпен айналысуына мүмкіндік туғызады деген пікірде. Reuters Institute-нің әлемдегі 40 мемлекетте жүргізген әлеуметтік зерттеуіне қатысқан медиа индустрияның 135 көшбасшысының ой-пікірі осыған саяды. Ең бастысы, барлық үдерістің ортасында адам баласы тұрады. ЖЗ саласындағы шетелдік сарапшы, NYT-тің редакциялық директоры Зак Сьюардтың пайымдауынша, ЖЗ адамға ақпаратты іздеу мен жүйелеуге, мәліметтерді талдауға көмектеседі, бірақ ол әрқашан адамның бақылауымен жұмыс істейді.

Лондондағы экономика мектебінің JournalismAI зерттеу жобасының жетекшісі, профессор Чарли Беккет заманауи технологиялардан таң қалатындай ғажайыптар күтудің қажеті жоқтығын айтады. «Бұған дейін адам қолымен жазылып келген мәтіндерде қате көп болатын. Біз мәтінді өңдеп, редакциялап шыққаннан кейін сапа жақсарады. Жасанды зердеге қатысты да жағдай тура сондай. Өңдесек сапалы өнім шығады» дейді ол. Кейбір түймедейді түйедей етіп жеткізгісі келіп тұратын блогерлер жазып жүргендей, ЖЗ сот болып жатқан залға кіріп, күдікті адамнан сұхбат ала алмайтыны анық. Ол мектептегі атыстан зардап шеккен баланың ата-анасымен де жедел тіл қатысып, оқырманның сеніміне кіре алмайтыны бесенеден белгілі. Өйткені, осы үдерісті адам басқарып отырады. ЖЗ алдағы уақытта жұмыс орындарының қысқаруына ықпал ететіні сөзсіз. Сайып келгенде, цифрлық технологиялардан қорқып-үркудің керегі жоқ. Сол технологияны өз өмірімізге пайдалы ету, жұмысымызды жеңілдету, біліктілігіміз бен сауатымызды арттыру жағын ойласақ, ұтылмайтынымыз анық.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

«Халықтың» коллажы.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: