Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талғатымның тұлғасы тарихта таңбалансын

30.01.2025, 10:20 123

Есентай  ҚОЗЫБАЕВ:

Бір сәт өткенге көз жүгіртсек, тағдыр деген әміршіге тәнті боламыз. Тарих таңдауы ма, әлде тағдыр талабы ма деп қаламыз. «Тағдыр» бетінде әдетте түрлі тағдырды баяндаймыз, жария етеміз. Бүгінгі шығарылым толғанысқа толы, қанмен жазылған оқиғаны, ел есінде ерлігімен сақталған бейбіт күннің батыры жайында болмақ. Әкесі Есентай Қозыбаевпен ескі естеліктердің парағын қайта ашпақпыз. Жалындап тұрған жиырма бес жасында жанкештілігімен жақынын қорғау жолында қаза тапқан Талғаттың тарихқа айналған ғұмыры әмбеге аян. Бүгінгі сұхбатымыз да осы Талғат Қозыбаевқа арналады.

СЫРДЫҢ  САРЫ  ЖІГІТІНЕ  АЙНАЛДЫМ

– Армысыз ата, есеңгіреткен естеліктерді еске алу да оңай емес әрине, соған қарамастан балаңыздың жарқын ғұмырын жұртшылыққа бөлісуді жөн көріп, сұхбатқа келісім бергеніңізге рақмет. Алдымен өзіңіздің өмірдерегіңізден бастайықшы. Сонау Арқаның азаматы ел есімін танитын бейбіт күннің батыры Талғатты Сыр елінде тәрбиеледіңіз. Сарыарқаның төрінен Сыр бойына  келуге  не  себеп  болды?

– Өмір тарихым сонау 1944 жылы совет өкіметінің дәуірінен бастау алады. Біз туған уақытта Жезқазған облысы болатын. Кейіннен Қарағандыға қосылды. Соның Қоскөл атты ауылдық жерінде туып-өстім. Біздер сол Қажымұқанның тікелей ұрпағы, Қыпшақтың ішінде Алтыбас деген атадан тараймыз. Марқұм шешем де 92 баулы Қыпшақтан тараған. Анам 17 құрсақ көтерген, мен – соның ең кенжесімін. Содан қазір үшеуміз-ақ қалдық қой. Ертеректе, ол дәуірде дәрігер деген жоқ, туғаннан шетінеп өле берген, жаны қалғаны біз секілді өмірін сүрген.

Жалпы, Бөдей деген әулет бар, үлкен кісі, атамыз. Бес баласы болған, Тәжібай, Әжібай, Қозыбай, Сары, Қасым деген. Қасым Бөдеев  – әкемнің туған інісі. Терең­өзекте, бұрынғы Қызылдихан дейміз, сонда «Ақмаржан» өсірудің майталманы Ыбырай Жақаевтың  шәкірті, кейіннен  Сыр еліне танымал  күрішші болған. «Социалистік  Еңбек Ері» атағын алған азамат. Біздің уақытта батпақты үй деген болмады, айда­лада қараша үйде өстік. Сонымен ауылдағы 7 класстық мектебімді бітіріп, кезінде ағылшындар мыс шығарған Қарсақбай поселкесінде 10-сыныпты оқып шықтым. Содан не керек, жоғарғы оқуға осы Сыр өңіріне тапсырамын деп шештім. Қасым әкемді айттым ғой, сол кісінің қолына келдім. Қозы­бай әкемнің кемпірі бар, сол кісіге мені атаған, тегін берген. Сол Қозыбай әкемнің кемпірін қолыма алып, 1963 жылы Сыр бойына ағылшын пәні мұғалімі мамандығына оқуға тапсыруға келдім. Міне, содан бері Сырдың сары жігітіне айналдым. 1964 жылы 1-курстан әскерге шақырылдым. Сол заманда әкемнің ауылында «Тарт қолыңды Кубадан!» деген қиын жағдай болды. Баяғы Колчактарды батпаққа батыратын Сусанинге жіберді. Әскери қарулы күштерге, механикаға сол сәттен қызығушылығым оянып, әскерді аяқтаған соң техник-механик оқуын оқимын деп өзіме серт бердім. Үш жыл дегенде әскерді аяқтап, аман-есен елге оралар шақта апатқа ұшырадым. Көлік аударылған уақытта жапқысы (клапан) маңдайға соғып, мұрын жарылған. Оны кейіннен емдеп, денеден тері алып жамап тігеді екен. Сол отаны жасатып, қаңтарда елге оралдым. Елім дегенім сол, Сырдың бойы. Анам Арқаның төсінде, оқу арасы дема­лысымда арагідік жағдай сұрасып барып  тұратынмын. Осылайша, Сырда қалып, бой  түзедік.

ТАЛҒАТЫМЫЗ  ТОҒЫЗ  ЖЫЛ ТОЛҒАТҚАН  ТҰҢҒЫШЫМЫЗ  БОЛДЫ

– «Тектілік тұқым қуады» демекші, өзіңіз Қыпшақ руынансыз, оның ішінде Алтыбастың ұрпағы. Алтыбас руынан талай батыр, атақты адамдар шыққан. Атап айтсақ, ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин, күш атасы Қажымұқан. Осы тұста келесі сұрақты бүгінгі елдің батыры Талғат ұлыңызға арнағым келіп отыр. Бүгінде бүкіл қазақ елінің мақтанышына, ұрпақтың ұранына айналған азамат, осы бір ерлік оқиға болғанға  дейін  қандай  жігіт  болған  еді?

Талғат Қозыбаев

– Әлгінде айтқан әскери борышымды өтеп, Қызылорда политехникумының техник-механик мамандығына оқуға түстім. Қызылдихандағы Қасым әкемнің үйіне оқудан тыс демалыс күндері барып тұратынмын. Осындай сапардың бірінде сол ауылдың Шынар есімді  аруымен таныс­тым. Таныстық  достыққа, достық махаббат деген  ұлы  сезімге  ұласты. Көңіл жарастырып, шаңырақ көтердік. Оқуымды аяқтап, XXI партсьезд атындағы кеңшардың техника саласына еңбекке араластым. Шынар апаң осы шаруашылықта хатшы-машинистка, кейін шаруашылық меңгерушісі, есепші жұмыстарын істеді. Осылайша ел қатарлы өмір сүрдік. Отбасында сәбидің үнін есту әрбір әулетке зор бақыт емес пе?! Бұл жағдай алғашқы бес жылда білінбегенімен, келе-келе көңілді күпті ете бастады. Кейін­нен Құдайдың құдіреті, отасқанымызға он жыл дегенде шекесі торсықтай, балпанақтай баланы берді. Ұлан-асыр той болып, есімін халық­тың қалаулы азаматы, батыр Талғат Бигелдиновтей  болсын  деп,  «Талғат»  қойдық.

Алмат Талғатұлы

 – Осы  тұста Талғатыңыздың  бала  шағын бір  қозғап  өтсеңіз. Спортқа епті, шап­шаң  жігіт болды деп естідік. Бала Талғат қай  спорт  түрін  ұнатушы  еді?

– Иә, спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Бала күнінен намысшыл, өжет келетін. Дене бітімі де спортқа сай, ел айтқандай шапшаң тұғын. Қасым әкемнің немересі Мұрат ағасындай боксшы болғым келеді дейтін. Кім жалғыз баласының сөзін жерге тастасын. Жарбол есімді досым әлгі бокс үйірмесінде жаттықтырушы еді. Талғатымды соған сеніп тапсырдым. Төртінші сыны­бынан бастап қатысып, 9-сыныбында жасөспірімдер арасында облыс чемпионы болды. Кейіннен, 10-сыныпты тамамдап, оқуға  түсуге  талаптанып  жүрді.

БАЛАМ  «ӘДІЛЕТСІЗДІКТІ  ТҮБІМЕН  ЖОЯМЫН»  ДЕЙТІН

– Талғаттың осы заң саласына келуіне кім себепші болды? Сіздің тараптарыңыздан мұндай жүгі мен жауапкершілігі, сондай-ақ қаупі мен қатері қатар жүретін мамандыққа түсуіне қарсылық не қорқыныш болмады ма?

– «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қазақта, тәрбиемізде осы ұстанымды ұран еттік. Біз үшін баламыздың таңдауы бірінші орында болды. Өзі заң сала­сына қызығатын, бала күнінен құқықтық баптарды білуге асық еді. Талабы бар баланың тілегі орындалуына қалай қарсы тұрамыз? Талғатым туысқаншыл тұғын. Қыр басы – Арқаның төсі, менің туып-өскен еліме  оқуға  түсемін  дегенінде,  неге Астана, Алматы емес деп сұрағанымда, Қарағанды  – әкемнің  туған жері, туыс­тарымды танып, арасында амандық-саулық сұрасып, барып тұрамын дейтін. Солайша, 1996 жылы Қара­ғанды қаласындағы Е.Бөкетов, атындағы сол кездегі республикадағы нөмірі екінші білім ордасының құқықтану факультетіне  оқуға  қабылданды.

Бой-сойы келіскен, тік шашты, қысаң көзді сары балам 5 жылдық оқуын тамам­дап, Павлодарға жұмысқа қабылданды. Тәуелсіздіктің түтіні түзу шығуын  қамтамыз  етемін  деп, бар жалынды  жастығын  осы  салаға  арнады.

– Осы аралыққа сәл тоқталайықшы. Оқыс оқиға болмай тұрып, Талғатыңыздың сонау Қарағанды қаласында танысып, табыс­қан сүйгені болған екен. Осы турасында толығы­рақ  тарқатып  берсеңіз.

– Иә, сол заманда біздің бар ойымыз баламызды үйленді­ріп, үй қылып, қарттықтың қадамы таяған­да немере сүйіп отыру еді. Әттең! Амал не, тілеген тілегімізді бізге жасырып, айта алмай кетіпті. Оқыс оқиғадан кейін ғана Талғатымның бізді өзінің сүйгені Сәулесі мен ұлы Алматжанымен таныстырмақшы ойы болғанын кеш білдік. Жалғанның жазғаны осы шығар. Жалындаған жасында мына маңдаймызға сыймай кетті-ау! Жарат­қанның  жазғанына  шара  жоқ…

Қарағандыда қатар оқыған Сәулесі – сауатты, заң саласының майталманы бол­ған екен. Жарықтық, жалғыз жүрегі, сүйге­нінің көзі, Талғатының аманаты Алматын бізге аманаттады. Кез келгеннің қолынан келе бермейтін, оның ішінде нәзікжанды әйел затының батылдығына бүгінде басымды иіп, алғысымды білдіремін. Амалдың жоқтығы, қайран қыршын  Сәуленің де бүгін­де  бақилық  болған  жайы  бар…

– Алла алдарынан жарылқасын. Оқыс оқиға деп жатырмыз. Осы орны толмас қазаның болғанына бүгінде 22 жылға жуық уақыт өтіпті. Ерлікті ешкім айтып жасамайды. Еске алудың өзі оңай емес. Десек те, ескі жараның орнын тырнағандай болмайық, рұқсат етсеңіз, оқиға  барысына бір оралсақ.

– Иә, оның орынды, қызым. Қазаны қайтара алмаймыз. «Жалғыздың жары – Құдай» демекші, жалғызымызды бермей бір сынады, беріп еді, енді алып тағы бір сына­ды. Көнуден басқа Алланың ісіне қарсы шыға алмаймыз. Құдайға сенген халықпыз ғой, десе де ашынған әке-ана көңілі кіші­рейіп қалды. Сол бір бассыздың ессіз әрекеті  болмағанында балам бүгінде жанымыз­да  жүруші  еді. Амал  не…

Маңғаз  Маңғыстауда  әскери  боры­шын өтеп,  «кіші   сержант»   төсбелгі­сін   иемде­ніп, Шиеліге өзіміздің ауылға оралды. 2002 жылы Шиелі АІІБ-нің Тартоғай елді мекені­нің учаскелік полиция инс­пекторы болып та­ғайындалды. Қызметін адал атқаратын, бір сөзді азамат еді. Неше жыл өтсе де кешегідей есімде, 2003 жылдың наурыз айының 8-інен 9-ына қараған түні таңғы төрттер шама­сында безілдеген телефон қоңы­рауынан ояндым, жедел хабар жеткізілді. Марқұм кемпірім, Талғатымның анасы бір бәлені сезгендей түнімен тыпыршып, діріл қағып жүрген. Оқыс оқиға дейміз-ау, екі оңбағанның ащы су ішіп, бір-бірін боқтап, намысына тиетін сөздер айтысып, ақыр соңы баламның тәрбиеленуінде жүрген жас жігіт Рахат Мақашев арызданамын деп учас­кеге келгенінде артынша айып­талушы Абзал Палбергенов мықтығын кезеніп жетіп келген. Елдің ерлігі сасқанда белгілі демекші, ұлым тоқтатпақшы болғанында, оқ ұлыма тиіп, Рахатты арашалаймын дегенінде екінші рет оқ тиіп, оқиға орнында мерт болды. Әлгілердің есімдері әлі күнге дейін жадым­да жаттаулы. Ұлыма 2 рет оқ атылған, сұмы­райдың бұл әрекетін басында білмедім. Жазатайым жағдай деп анасы алдыма жығылғанда, кешірім беруге оқталдым. Кейін келе, сараптама барысында екінші оқ қасақана атылғаны зерттеліп, расталды. Сот сәтімен аяқталып, ұлым айтып жүретін, аңсаған әділдіктің туын тіктік. Дегенмен, ол тұста «ату жазасы» алынып тасталған, сот 22 жылға бас бос­тандығынан айыруға үкім шығарды. Бүгінде 15 жыл абақтыға отырып, қазір бостандыққа шықты. Жалғызымды мәңгіге жоғалтып, жаны жоқ құр кеудесін құшақтап қалған сәтті сипаттау да, әңгімелеу де ауыр, айналайын. Шама-шарқым жеткенше  баяндап  жатырмын.

(Үнсіздік…)

БӘЙШЕШЕК  ҒҰМЫРДЫҢ  ЖАЛҒАСЫ  БАР

– Дегенмен, ата, жалғыздан қалған жұбаныш­тарыңыз бар ғой. Талғатыңыздың тұяғы, ұрпағы, көзі Алматыңыз бүгінде әке жолын жалғап, ішкі істер бөлімінде қызметте  екен. Ендігі көрер қызықтарыңыз осы асылдан болмақ. Алматыңызды бала күнінен бағып, әке орнына әке, ана орнына ана бола білдіңіздер. Балаңыздың балғын сәттерінен сыр  шертсеңіз.

– Иә, қарағым. Жанымызға медет ет­ке­німіз – ендігі осы бала. Талғатымызды тірілтті. Қайысқан қабырғамызға қолқанат болды. Үмітіміз де, сенер серігіміз де – осы Талғатымның тұяғы. Алмат қолымызға           3 жасында келді. Аталап, апалап жатсынбай өсті. Әкесінің оқыған мектебінде оқыды. Талғаттың тұлғасына арналған ескерткіш №131 орта мектепке қойылды. Сол мектепке Талғаттың есімін берді. Арнайы сынып ашып, бұрыш дайындалды. Алматым да сол сыныпта оқып, бітірді. Арнайы сынып ашылған уақытта сол тұстағы облыс әкімі Мұхтар  Құл-Мұхаммед  арнайы  келіп, «Өзге қызметке ауысып жатсам да, бұл азамат­тық сөзімді тастамаймын. Әкесі дүние­ден өтсе де, ағасы бар. Мен Алматты өкіл бала етіп аламын, өз қамқорлығымда болады» деп  Алматыма  өкіл  әке  атанатынын айтып, бұрынғы президент Н.Назарбаевтың жаңажылдық шыршасына шақырту табыс­тады. Бүгінде балам әкесінің ізін жалғап, көз қуанышымызға айналды. Асқар тау әке, отбасының арқа тұтар азаматы атанды. Шаңырағымыздың иесі, жүрегіміздегі жалын­ды  оятқан  жарық  сәуле  болды.

– «Бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» демекші, Талғатыңыздың тарихқа айналған ғұмыры бүгінде ел есінде, ұрпаққа үлгі. Қайғылы қаза күнінен кейін қоғамнан, жоғары таптағы өкілдерден қандай қолдау алдыңыздар? Енді осы тақырыпқа оралайық. Мемлекет басшысының жарлығымен II дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Ер есімі туып өскен елді мекенінің көшесіне берілді. Біршама кітап, мақала, сондай-ақ арнаулы деректі бағдарламалар жарық көрді. Одан бөлек, қазіргі таңда қандай қолдау, іс-шара, еске  алу  сынды  жұмыстар  жүріп  жатыр?

– Біз ертеректе Арқадан көшіп келгенбіз, әкем – осы елге еңбегі сіңген Еңбек Ері Қ.Бөдеев. Тәңірдің бергеніне шүкір еттік, алғанына да көндік. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қылмыскер қолы­нан қапыда қаза болған ұлымды батыр деп дәріптеп жатыр. Бұл үшін облыс басшыларына, құқық қорғау органдарына дән риза­мын, алғысымды білдіремін. Әйтеуір артында тұяқ қалғанына жаратушы иеме мың тағзым еттім. Басшылықтың бастауымен біршама игі істер жасалды. Кемпірім екеу­мізді түрлі санаторияға жыл сайын жіберіп, денсаулығымызға қарасып, Алматымның оқуына біршама да атсалысты. Одан бөлек, әр жыл сайын спорттық турнирлер өткізіп, ер есімін ел есіне дәріптеп жүр. Бірінен қалмай, қатысып жүрмін. Жолдасым, заман­дасым, жазушы, ардагер журналист Жүзбай Таңрықбай да қасынан қалдырмай, әртүрлі іс-шараға, мектеп, кітапханаларға алып бара­ды. Мен де баламның ерлігін дәріптеп, айта-айта  жүремін.

 – Сұхбатымызды қорытындылай келе, соңғы сауалға көшейік. Мұндай ауыртпалықты арқалау қарт адамға оңай емес. «Тас түскен жеріне ауыр» деген ғой қазақ халқы. Бұл қиын-қыстау кезеңді де еңсердіңіздер, бүгін де алданыштарыңыз қос шөбереңіз бар. Ендігі елге тілегіңізді, жастарға  ақыл-кеңесіңізді  жолдасаңыз.

– Кемпірім осы қазаны көтере алмай көзден қалды. Өмірден өткеніне 2 жыл толды. Марқұм кемпірім көзі тірісінде Талғатымызға үнемі өнегелі өсиетін құлағына құйып отыратын. Талғатымызды кішкентайынан «би бол немесе би түсетін үй бол» деп өсірдік. Шүкір ғой, небір аймақ басшысы, билік өкілдері қонақтайтын, би түсетін үйге айналдық. Сонда да, сарғайған көңіл кібіртіктеп, елегізіп іздеп қояды. Сондағы сары баламның ортамызда жоқтығы жанымызға батады. Амал не, Жаратқанның жазғанына көнуден басқа шара жоқ. Тек тәңірім берген тәтті сый, Талғатымның аманаты Алматым мен айналайын Аружаным екеуінің көзі көрген кішкентайларының аман болуын тілеймін. Құдайдың қарасқаны, жалғызымның аманатына адал жанды бұйыртсын деп тілеуші едік, жақсы жандармен құдаластық. Талғатымның артында қалған 2 кішкентай немересі Айсұлтан мен Айбибі, менің шөберелерім бар. Осылардың гуілімен, ойын-сауық, айқайы­мен жанымды жұбатамын, сірә, бүгінде  шөберенің  қолынан су ішіп отырған мендей  қартқа  қандай  арман  керек?!

– Есентай ата, сырға толы шер толқытқан сұхбатыңызға  рақмет!  Аман  болыңыз!

ТҮЙІН. Ерлік ел есінде қалу үшін жасалмайды. Қиын сәтте батылдық таныту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл – өмірдің қарапайым қағидасы. Қызметтік міндетіне адал болу – бұл Отанына берілгендікпен қызмет ету. Талғат та соңғы демі біткенше осылай жасады. Ата-анасы Есентай ата мен марқұм Шынар апа жалғыз ұлын жақсы азамат етіп тәрбиелеуге тырысты. Қызмет бабында көз жұмған Талғат Қозыбаевтың ерен ерлігі ұмытылмайды. Көне кітаптың бірінен «Ағаш көркі – жеміс, адам көркі – жақсы іс» деген Азияның айтулы ойшылы айтқан даналық сөзді оқығанмын. Асылы, аға буынға қарап бой түзеген буын емеспіз бе, алдымыздағы арқа тұтар тұлғалардан өнеге көрсек, көңілге киелі пікір түйіп қоямыз. Бүгінгі ұсынған сұхбатымыз да оқырманға ой саларлық, үлгі боларлық дүние болсын  деген  ниеттеміз.

Әңгімелескен 

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: