Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маздақ ғұмыр

30.01.2025, 10:00 79

…Біздің ауыл биік төбенің басында еді. Төбе етегін ұдайы телегей теңіздің тентек толқын­дары шайып жататын. Бала күнімізде күн батыс­тағы ұлы теңіздің аржағында, ту алыс­та ақ сағыммен бұлдырап бір жұмбақ арал, сол аралда қоныс тепкен жұмбақ ауыл елес беретін. Біз аң-таң болып мұнартқан әлгі аралға көз майымызды тауысқанша, өңешімізді өлген­ше созып  қарайтынбыз.

Бұл не екен? Әлде ертегі-аңыздан жеткен ауыл ма екен деп бала қиялымыз ақ бауыр шағаладай шарқ ұратын. Сонан оның мәнісін үлкендерден үздігіп сұраймыз ғой баяғы. Ал, олар болса «Ә, ол Көкарал ғой» дейтін жайбарақат. Сонда да көк теңіздің ортасында көк сағым көмкерген әлгі ауыл әлі оң-солымыз­ды танымай жүрген бізге онан сайын тіпті таңсық көрінуші еді. Кейін оң-солымызды танып, орта­ға түскенде біздің ауылдың үлкендері жазғы сағыммен кешкілік көзге бұлдырап көрінетін Көкаралды көрсетіп, өз-өзінен өлеңдетіп  қоя беретін. Бұл өлеңнің мазмұны төмендегіше  болатын:

Туған жер алтын ұям – Көкаралым,

Сені ойлаумен қолыма қалам алдым.

Мамықтай күміс құмың шырайлы өлке,

Сендей жер еш маңайдан таба алмадым.

Біз ержете келе бұл өлеңнің авторы осы Көкаралдың тумасы, қазір Ақбасты елді меке­нінде  тұрып  жатқан Сәуелхан ақын екенін білдік.

Кейін біз Көкаралдың Аққұм, Өндір, Сарша деген жерлерінде болдық. Мектептен соң бір ай жылым тарттық, балық ауладық, тұңғыш рет ұлы еңбектің тәтті дәмін таттық. Сәуелхан Смағұлов ағамыз жырлағандай, Арал өңіріндегі нағыз жер жәннаты сонда осы Көкарал ма деп қалдық. Ал, осынау қасиетті топырақтан қанат қаққан, осы жерде кіндік қаны тамған түлектердің бірі де бірегейі, осыдан жыл бұрын сексен бір жасында дүниеден өткен Қуанышбай Ердіхалықов ағамыз болатын. Осыдан сексен жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының үшінші жылы, 1943 жылы 10 мамырда Ердіхалық Жәрменов ақсақалдың отбасында жарық дүниеге келген Қуанышбай ағамыздың өмірбаяны одан әрі төмендегіше өріліпті.

Ауылдағы  бастауыш  білім ұясынан соң №22 Ауан орта мектебінде онжылдықты тамамдайды. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейін әуелі Арал қаласындағы ауылшаруашылық кәсіптік училищесінен тракторшы мамандығын меңгеріп, Қара­құм өңірінде біраз уақыт трактор тізгіндейді. Екпінді комсомол мүшесі атанады. Сонан кейін Алматы қаласындағы Энергоқұрылыс техникумын, іле-шала осы қаладағы Ауыл­шаруашылығы институтын еңбектен қол үзбей жүріп  ойдағыдай  оқып  бітіреді.

Оның алдында осыдан кейін үлкен өмір жолы сайрап жатқан еді. Бұралаңы көп сол жолдан ақиық арманына, мәйекті мақсатына жету үшін жас жігітке көпті көрген көнекөз әке ақылы әбден қажет болатын. Өйткені Қуаныш­байдың әкесі Ердіхалық ата екінші ұлы алдына келгенде оған айтқан ақылы: «Біреуден озба, біреуден қалма. Топтан озған адамды күн­шілдік төмпештейді. Артта қалсаң, көзіңді шұқиды. Тағы бір айтарым, адал бол, аяр болма. Елге жасаған қызметің ескерусіз қалмайды. Абырой деген кір шалмаған айна сияқты  болады. Кірлетіп  алма»  деген  еді.

Әкесінің мұны айтатын жөні бар болатын. Ол кісі көпті көрген, көппен жастай қоян-­қолтық араласқан зерек қарт еді. Көкаралдың табанындағы Ленин атындағы колхоздың басқарма төрағасының орынбасары, ферма басқарушысы, ауылдық кеңес хатшысы, тіпті озат балықшы атанған білікті кісі болған еді. Өмірлік серігі Зейнегүл Әзбергенқызы екеуі алты  перзент  тәрбиелеп өсірген. Үлкені Са­йын жоғары білімді, қаржы саласында жауап­ты  қызмет атқарса, үлкен қызы  Марияш,  күйеу баласы Жұмантай екеуі ұзақ жылдар сау­да саласында тер төккен. Ал, Қуанышбай шал мен кемпірдің қас-қабағына қарайлап, қара шаңырақта қалған болатын. Інісі Шыман бір кездері Кеме жөндеу зауытында еңбек етіп, Аралдағы Электротехникалық зауытын, кейін аудан әкімшілігінде экономика және жос­парлау бөлімін басқарып, құрметті демалысқа шыққан. Қазір Арал қаласында тұрады. Бір көше­нің  ақылгөй  ақсақалы. Інісі Биболат болса, ағамыз Айжарық Сәдібек­ұлының жазуына қарағанда, аспанда 14 мың сағат ұшқан ержүрек ұшқыш атаныпты. Қазір Қызыл­ордадағы Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінде  студенттерге дәріс бере­ді. Үлкен  әулеттің  сүт кенжесі Сәбираш – алма­тылық,  мамандығы  экономист  көрінеді.

Міне, бір кездері ұлы теңіздің жарты аралын жайлаған Көкаралдағы Аққұм ауылынан түлеген Қуанышбай Ердіхалықов сөйтіп бір жағынан әке ақылымен, екінші жағынан маман­дығына сәйкес алғашқы еңбек жолын сол Алматы қаласындағы ТЭЦ-тен бастайды. Мұнан соң біршама уақыт Қызылорда қаласын­дағы электр орталығында тер төкті. Бірақ көп ұзамай туған жерге оралуына тура келеді. Себебі, оның жолына ата-анасы көз майын  тауысып  қарап  отырған  еді.

Елге келген соң 1973 жылы аудандық Энергожүйесіне әуелі электрослесарь болып жұмыс­қа қабылданған Қуанышбай ағамыз салғаннан өзінің қабілетін, іскерлігін таныта біледі. Жас маманның болашағынан зор үміт күткен сала басшылары көп ұзамай оны дис­пет­чер, шебер, инженер, мекеме басшысының орынбасарлығына жоғарылатады. 1987 жылы өз алдына  электр  қуатын  тарату  бөлімін  бас­қарады.

Сөйтіп жүргенде ескі қоғам есіктен шығып, екінші жаңа қоғам табалдырықтан аттап, төрге озады. Бұл тоқсаныншы жылдарғы тоқырау кезеңі басталған тұсқа дөп келеді. Шаңырағы шайқалып, уықтары сықырлап құрдымға құлап бара жатқан бұрынғы кеңестік жүйеден үміттерін үзген талайлар осы тұста тыңнан жол іздей бастайды. Ел-елді, жер-жерді тапшылық, жоқшылық жайлаған кезеңде қалалар мен үлкен-­кіші базар жағалап, базарлы нарықтың ащы  дәмін  тосыннан татады. Біртіндеп осынау өтпелі кезеңде жан сақтап қалған мекеме­лердің  бастарына  қара  бұлт  үйіріледі.

Кешегі кеңестік кезеңде мемлекетке мо­йын артып үйренген мекемелер енді тығырық­тан шығар жол іздеп шарқ ұрады. Соның көш басын­да осы Қуанышбай бар болатын. Ол энергожүйесінен бөлініп шығып, өз алдына дербес серіктестік құруға құлшына кірісті. Ол үшін әуелі капиталдық жүйені, оның есеп-қиса­бын, басқару жұмысын, істі жүргізу тәсілін жатпай-тұрмай зерделеді, зерттеді. Сөйтіп аз уақыттың  ішінде  кәсіпкерлікке  бет  түзеді.

«Адам болу – өз ісің, азамат болу – боры­шың» демекші, көп ізденіс, көп жұмыстың нәтижесінде Қуанышбай ағамыз осылайша енді бұрын-соңды бұл елге мүлде таңсық кәсіп­керлік  жолына  біржола бет бұрған. Сөйтіп 1998 жылы  өзінің өмірлік тәжірибесі, зерек­тігі, білім мен біліктілігінің нәтижесінде «Дәу­лет­энерго» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаңырағын көтерді, босағасын бекітті. Осылайша ол Аралдағы кәсіпкерліктің алғашқы қарлығашы атанды. Біртіндеп серіктестік жұмысы ілгері басқанда мекеме директоры бір уақ жан-жағына қарады. Аудан орталығы мен шалғайдағы ауылдардың шам­шырағы тұрақты түрде маздап тұрғанын көрді. Алда қолға алатын шаруа­лары әлі де бастан асатынын білсе де, осы бір пайдаланған жары­ғ­ының пұлына төлемақы жасауға қолдары қысқа отбасыларға қарасты. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі отбасылардың оқушы бала­ларына бір жолы 15 мың теңге аударып, мектеп құралдарын сатып алуына жәрдем­дескен. Бұл сол  кезеңде әжептәуір қаржы болатын. Қуанышбай ағамыздың қайырымдылық  істері  мұнымен  шектелген  жоқ.

Әйгілі Мұқағали ақын «Жасасаң қайыр қарыз деп айтпа жарқыным» дегендей, Куекең ел-жұртына жасаған жомарттығын ешқашан малданған емес. Оған абыз азаматтың ары да, жаны да жібермейтін еді. Өйткені әкесі Ерді­халық қарт балаларын адалдыққа, адамгершілікке баулығанын олар төмендегіше әңгімелейді екен. «Ата-анамыз біздерді ес білгеннен біреудің ала жібін аттамауға үйретті. Қандай қызметтің тұтқасын ұстасаң да, кәсібімізге адал болуға, қысылғанға қолұшын беруге баулыды».

Мұны осыдан 15-20 жыл бұрынғы Қуанышбайдың қайырымдылық істерінен қанығуға болады. Сол уақыттары ол тұрмысы төмен отба­сыларының 50-ге жуық мектеп жасындағы балаларына біржолғы қайырымдылық акция­сын өткізді. Мұндай іс-шара өзі өмірден өткен­ше  жалғасын  тапқанын аралдықтар жақсы  білсе  керек.

Аудандық  мәслихаттың  қатарынан бір­неше мәрте депутаты болып сайланған Қ.Ердіхалықов сайлаушылар аманатын ақ адал ат­қаруда ілкімділік танытқанын осы күндері сол елді мекендердің тұрғындары жиі айып отыра­ды. Қуекең сонымен бірге бірнеше үкіметтік орден-медальдармен марапатталған үздік кәсіпкерлердің бірінен саналады. Мұндай құрметке ол әбден лайықты жан еді. Қуекеңе «Қазақ­стан Республикасының Құрметті энергетигі» атағының жоғары тараптан берілуі де әбден заңды болатын. Ол осындай құрметке өзінің адал еңбегі, адами асыл қасиетінің нәтижесінде жеткен еді. Ал, сонан кейін Арал ауданының  Құрметті  азаматы  атанғаны  тағы  бар.

Жұртын сонау тоқсаныншы жылдарғы тоқырау тұсындағы қараңғылықтан күндізгідей жарыққа жеткізген және оны тұрақтандырған Қуанышбай ағамыздың ілкімді істерін Аралдың үлкен-кішісі жақсы біледі. Оның сондай жан жадыратар жақсы істерінің қатарын­да өткенді ұлықтауы дер едім. Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ. Жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлының осыдан біраз жыл бұрын жазуына қарағанда, Қуекең Көкаралда кіндік қаны тамған, кейін кең-байтақ еліміздің тұс-тұсында өмір кешіп жатқан ауылдастарының басын қосып, аруақтар рухына ас берген көрінеді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген осы болар. Одан беріректе де Қуанышбай ағамыздың осындай имандылық істері бол­ғаны көпке мәлім. Бірде өзінің қабырғасымен кеңесіп, сонан кейін ағайын-туыс, отба­сымен ақылдасып, сол Көкаралға «бұл жерде бір кезде ел болған» деп ескерткіш тақта орнат­қанын ердің ісі демей не дерсің?! Өзі жетпістің жуан ортасынан асып, сексен жасқа жеткенше атқарған игілікті, ізгілікті істері шаш етектен. Соның ең бастысы, жоғарыда айтқанымыз­дай, сонау 1998 жылдан бастап Қ.Ердіхалықов іргетас­ын өз қолымен қалаған «Дәулетэнерго» ЖШС ұжымы аудан тұрғындарын электр жарығы­мен күндіз-түні тұрақты түрде қамтамасыз  етіп  келеді.

Көзі тірісінде Қуекең өз қолымен ұйымдас­тырған бұл ұжымның атына байланысты төмендегі деректерді қосымша айта кеткен жөн болар. Себебі, Қуекең өткенді ешқашан естен шығарған емес. Сондықтан 2011 жылы «Тұмар» баспасынан өз қолымен құрастырып кітапша етіп жарыққа шығарған «Дүйсем аталығының шежіресі» атты еңбегінде «Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес, атақ-мансап, шен-шекпен, дәулет-дәреже де, керек десеңіз мұның бәрі адам құндылығымен салыстырғанда түкке татымайды» деген екен. Осы кітапшада өзінің арғы бабасы Дүйсем аталығының Қасай тармағынан тараған Дәулет екенін жазады. Осыған байланысты өзі өмірге әкелген серіктестіктің атын «Дәулетэнерго» атаған көрінеді.

Жоғарыда Қуекеңнің ата-баба шежіресіне арналған кітапшасын тілге тиек еттік. Оған қоса бұл азаматтың «Құтты шаңырақ», «Тарихы кенен Көкарал» атты сүттей ұйып отырған тату-­тәтті отбасы, кіндік қаны тамған қасиетті туған жер туралы толғанысқа толы, түрлі-түсті суреттермен безендірілген қос кітабын қолға алғанбыз. Айтары мол шынайы шығармалар екенін алғашқы беттерін парақтағаннан көз жеткіздік. Жас ұрпақтың жадында сақтар, оларға өмірлік өнеге берер дүние  екені  даусыз  бұл  кітаптардың.

«Тектіден текті туады, тектінің жолын қуа­ды» деген екен бұрынғылар. Бұған «Дүйсем аталығының шежіресі» кітапшасы шынайы дәлел болады. Кітап иесінің жазуына қарағанда түп атасы Бәйімбет, одан бергі аталары да сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында жоңғарлармен найзаласып, қылыштасып, қилы-қилы уақыт кешкен жау­жүрек  адамдар  болыпты.

Әр пенде үшін кір жуып, кіндік кескен, бала­лық шақтың бал қызығын кешкен туған жерге деген махаббатқа тіршілікте ештеңе жет­пей­ді. Әне, сол сезімді терең сезінген Қуаныш­бай ағамыздың туып-өскен кіші Отаны – Көкарал туралы қалам тербеуі бекер емес еді. Сол Көкарал Қуекеңнің жазуына қарағанда заманында жеті жұрт көшіп, жеті жұрт қонған Жиделбайсындай жер төресі болыпты. Талай сөз зергерлерінің зердесіне қоныпты. Сонан да шығар сонау отызыншы жылдары Шу-Қара­ғанды теміржолын салуға еріксіз елден кеткен Мәдірейім  шайырдың:

«Көкарал сағымданып көріне ме,

Қарауға елдегілер еріне ме,

Шұңғыл көз, шоқша сақал менің жездем,

Шекесін  семіз қаяз кеміре ме?» деуі тіпті бекер емес болатын. Өйткені осынау төрт жол өлең  шайырдың  сағынышынан  туған  еді.

Сол Көкаралда кіндік қаны тамған аудан, облысқа белгілі кәсіпкер, көпшіліктің көңіліне жарықпен бірге жылу сыйлаған атпал азамат Қуанышбай Ердіхалық баласы бұл жалғаннан өткелі, мәңгілік мекеніне жеткелі жыл болса, оның өмірлік серігі Пәтшайы апай дүниеден бірнеше жыл бұрын өтіпті. Ендігі жерде бала­лары мен немере-шөберелеріне Алла жүрім берсін. Ата-ана рухын ардақтап, туған халқына қалтықсыз қызмет көрсетуге жазсын ұрпа­ғына.

Бұрынғылар «Шариғатта адамның игілігі үшін жол салған, көпір салған, қараңғыда жарық берген пенделер Алланың рақымына  бөленеді» деуші еді. Ендеше ағамыздың мәңгі­лік  мекені  күндізгідей  жарық, жайы жұмақ­тың  төрінде  болғай!

Толыбай  АБЫЛАЕВ,

Арал  қаласы

Ғибратқа толы ғұмыр иесі Қуанышбай Ердіхалықовтың 31 қаңтар күні сағат 15:00-де үйде молдасы, 1 ақпан күні сағат 12:00-де «Нұр-Ай» мейрамханасында жылдық садақасы болатынын ағайын-туыс, бауырлар, құда-жекжат, дос-жаран және ағамыздың көзін көрген барша жамағатқа хабарлаймыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: