Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қарызсыз қоғам» жобасы көпбалалы әке мәселесін қалай шешті?

28.01.2025, 15:30 144

Павлодар қаласының көпбалалы тұрғыны қарызға белшеден батып, банк шоттары бұғатталып, қиын жағдайға тап болған еді. Оның мұндай жағдайға қалай тап болғаны және мәселені шешу жолдары туралы «Қарызсыз қоғамның» баспасөз қызметі айтып берді.

 Павлодар облысының К. есімді тұрғыны өмірінің қиын кезеңін басынан өткеріп жатты. Көпбалалы әке банк шоттарына қойылған бұғаттаулар кесірінен жұмыс таба алмады. Оның жұбайы да кішкентай балалары болғандықтан жұмыс істей алмады. Отбасында тұрақты табыс болмай, балаларға төленетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек есебінен күнелтуге мәжбүр болды.

 Күн өткен сайын жағдай нашарлап, жұмыс табу мәселесі шешілмеді. Осыған байланысты К. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілінен көмек сұраған. Бәрінен күдер үзген ер адам өзін-өзі өлтіретінін айтып, қорқытқан.

Министрлік оны AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасына жіберді, онда тұрғынның мәселесімен жобаның заңгері айналысты.

 Жағдайды анықтау барысында ер адамның банктер мен коллекторлық агенттіктерде жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асатын 6 несиесі бар екені анықталды. Ол несиелерін уақытында төлей алмай, қарыздары кешіктіріле бастаған. Соның салдарынан банк шоттары бұғатталған.

 К. түрлі жолдармен жағдайды түзетуге тырысқан, оның ішінде соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтініш берген. Бірақ ештеңе нәтиже болмаған.

«Қарызсыз қоғам» жобасының заңгері К. жағдайын егжей-тегжейлі зерттеп, шоттарға салынған бұғаттарды алып тастау және атқарушылық өндірістерді тоқтату бойынша шара қабылдауға кірісті. Сонымен бірге, заңгер көмегімен ай сайынғы төлем мөлшерін азайтуға қол жеткізіліп жаңа төлем кестесі жасалды. Коллекторлық агенттік қарызын толықтай кешірсе, қалған несие берушілер айыппұлдары мен өсімпұлдарын алып тастады.

 Оған қоса, К. сәуір айында «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сауат сабақтарына қатысып, экономика, отбасылық бюджетті жүргізу, жинақтау тәсілдері бойынша құнды білім алған.

 «Біз тек қарыз міндеттемелері бойынша ғана емес, азаматтық, отбасылық, неке қатынастары мен алаяқтық даулары бойынша да көмек көрсетеміз. Әрбір жағдайда барынша көмектесуге тырысамыз. Оқиғаны мұқият зерттейміз, сөйлесеміз, содан кейін іс-әрекет жоспарын жасаймыз», – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының заңгері Әлфия Баксенова.

 Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылдың ақпан айында іске қосылды. Өткен жылы қаржылық сауат сабақтарына 780 мыңнан астам адам, соның ішінде 500 мың мектеп оқушысы қатысқан.

 «Қарызсыз қоғам» тек қаржылық сауатқа үйретумен шектелмейді. Жоба аясында құқықтық кеңестер де беріледі (2024 жылы 70 мыңнан астам кеңес берілген), соның ішінде алаяқтықтан зардап шеккендерге, қарыздарын өтей алмай жүрген азаматтарға және басқа да жағдайларда көмек көрсетіледі.

 2025 жылы қаржылық сауат сабақтары ақпан айының басында еліміздің барлық өңірінде басталады. Оған кез келген адам қатысып, қажетті көмек ала алады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: