Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнер биігіндегі жандар марапатталды

15.01.2025, 12:15 52

HALYQLINE.KZ

Арал аудандық мәдениет үйінде көрнекті жазушы, қазақ әдебиетінің заңғары, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған қорытынды іс-шара өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ресми парақшасында жариялады.

Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз алып, ұлы қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармашылығы мен оның рухани мұрасы дәріптеуге арналған 100 жылдық мерейтой аясында өткізілген іс-шаралардың және жыл бойы ұйымдастырылған барлық мәдени-көпшілік іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосқан мәдениет саласының қызметкерлерлеріне алғысын жеткізді.

– Бүгін біз қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылған ұлы есім – халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған қорытынды іс-шараға жиналдық. Қасиетті Сыр елінде, Арал топырағында дүниеге келген Әбеңнің 100 жылдық мерейтойы – тек біздің өңірдің ғана емес, күллі қазақ халқының қуанышы. Алаштың асыл перзентінің мерейтойы аясында Аралда бірқатар іс-шаралардың аталып өткенін жақсы білесіздер. Олардың ішінде ғылыми-танымдық конференциялар, әдеби және мәдени кездесулер, спорттық жарыстар, халықаралық суретшілер симпозиумы, шығармашылық байқаулар сияқты ел руханиятына серпін беретін игі істер бар. Бұл іс-шараларға ел руханиятына үлес қосып жүрген ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер майталмандары қатысты. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша ниеттес жандарға, ұйымдастыру жұмыстарына белсенді түрде қатысқан азаматтарға аудан әкімінің және өз атымнан ерекше алғысымды білдіремін! Шын мәнінде, Әбеңнің рухына жасалған құрмет – болашақ ұрпақтың рухани қазынасын молайта түсудің бір жолы. Біз Әбеңнің мол мұрасын қастерлеп, келер ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Баршаңызға шығармашылық шабыт, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Әбеңнің рухани мұрасы мәңгілікке ел жадында жаңғыра берсін! -деді.

Мұнан соң, ел руханиятының қалыптасуы жолында аянбай қызмет етіп, халықтың көңілінен шыға білген мәдениет саласының бірқатар қызметкері марапат төрінен көрінді.

Іс-шара соңы аудандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: