Ауыл мектептерінің 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пәндік олимпиада мәресіне жетті. Еліміз бойынша 500-ге жуық оқушының қатысуымен өткізілген білім бәсекесінде үздік нәтиже көрсеткені үшін Қызылорда облысы «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» номинациясымен 1-орынды иеленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының директоры Баян Ниязова мәлімдеді.
– Білім бәйгесінің республикалық кезеңіне өңірімізден 40 оқушы қатысты. 26-30 қараша аралығында Астана қаласында олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша республикалық кезеңі өткізілді. Бағы жанған 25 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Алтын медаль – 7 оқушы, күміс медаль – 10 оқушы, қола медаль – 8 оқушы, Алғыс хатпен 4 оқушы марапатталды. Қазалы ауданы №249 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, химия пәнінен алтын медаль иегері Анель Әдiлбек және Жалағаш ауданындағы №201 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Азамат Тұрсынбек физика пәнінен алтын медаль алып, Сүлеймен Демирель Университетінің білім грантын жеңіп алды. Сыр елінің мерейін асырған басқа да оқушыларымыз жүлделі орындар алып, өз білімдерін дәлелдеді, – деді Баян Бақытжанқызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!