Әңгіме
Нұркен жайлап басып әкесінен қалған қасиетті қара шаңырағының есігінен аттады. Төргі бөлмеде ақ шашы кіршіксіз ақ жайма төсекпен түстескен анасы жатыр. Жанында екі көзінен жасы парлаған Лағыл отыр. Өңінен мұң табы байқалады. Үй ішіндегі үнсіздік еңселерін басқандай егіз перзенті Берік пен Серіктің де көңілдері пәс. Бұған қарап басын сәл изеп сәлемдескен Лағыл артқа шегініп, орын босатты. Көзі тас жұмулы анасын көрген Нұркен буыны босап, сылқ етіп отыра кетті. Апасының әлсіз қолдарын алақанымен аялай сипап, әжім басқан бетінен, маңдайынан сүйді. Соқталдай азаматтың бұдан әрі көз жасын іркуге шамасы жетпеді. Жас балаша өксіген қалпы «Кешір, анашым! Кешір, асыл анам!» деп солығын баса алмай егілді. Санасынан жерлес ақынның:
«Жатыр анам, тар төсекке таңылып,
Шашы сынды аппақ көрпе жамылып.
Қарай бердім, қарай бердім жәутеңдеп,
Әжім басқан жүдеу жүзге қамығып» деген жыр жолының алғашқы шумақтары жарқ етіп өте шықты. Қайран, ана жүрегі! Рахия апа құдды жалғызының жанында тұрғанын сезгендей жайлап көзін ашты. Қадала қарап әлсіз үнмен «Келдің бе, құлыным?» деп ап-анық сыбырлады. Бөлмедегілер елең етті. Бұл Рахияның көп күннен бері алғаш рет тіл қатуы болатын. Осы мезетте есік ашылды да аппақ сақалы ақ шапан-сәлдесіне ғажап үйлескен Нұркеннің нағашысы, Рахияның ағасы атақты Хабибулла қожа ішке енді. Осынау ақсақалды ел-жұрты «аруақ қонған жан» деп ерекше қастер тұтатын. Қарындасының қасына шарта жүгінген Хабибулла қожа бұларға шыға беріңдер дегендей ишарат жасады. Үй-ішіндегілер аяқтарының ұшымен басып сыртқа беттегенде молдекең қасиетті Құран сүресін сазды үнмен күңіренте оқып, дем салды. Бетпе-бет қалғанда Нұркен Лағылдан жөн сұрасты. Оның айтуынша, «Ақ әже» аяқ астынан құлапты. Дәрігерлер көрші мемлекеттегі білікті мамандарға апарып, күрделі ота жасату қажеттігін айтыпты. Ота құны өте қымбатқа түседі екен. Мұны білген Рахия апа ешкімге тіс жармауды тапсырыпты. Барша жайтқа өзін кінәлі сезінген Нұркен жанын қоярға жер таппады. Анасының қасына қайта келіп, ұзақ уақыт тапжылмай отырған Нұркенді нағашысы оңаша шақырды.
«Балам, – деп сөзін бастады Хабибулла қожа. – «Дертті де, шипасын да беретін – Алла. «Егер (Алла) бір істің болуын қаласа, сонда тек қана оған «бол» дейді. Ол, бола қалады» деген бар. Неше күннен бері көзін ашпай жатқан анаң бүгін тілге келді. Сені таныды. Жақсылықтың басы болғай! Мүмкін естуің бар шығар. Өткен ғасырда біздің өңірде, қарақұм беткейінде Әлмұхаммед Қалдыбайұлы (Қарамолда) атты әулие, емші баба болған. Әулие бабаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан адамдар жиі келіп, емделеді екен. Болгариялық көріпкел Ванганың «Қазақстанда, құмның арасында бір қария кісі тұрады. Науқастарыңның емі сол кісіден» деген нұсқауымен шетелден келген сырқаттың құлан-таза айығып кеткені әлі күнге елдің ауызында жүр. Молда ата балаларды пышақсыз сүндеттейтін болған. Тіпті қатерлі дертке (обыр) шалдығып, Ресейдің ірі дәрігерлері «қолымыздан келмейді» деп қайтарған науқасты молда ата емдеп жазыпты. Рентгенге қайта түсірген дәрігерлер қатерлі ісіктің ізі де қалмағанын көргенде қатты таңданыпты. Алла ерекше жаратқан молда атаның қасиетіне еріксіз таңдай қағасың. Міне, біздің қасиетті даламызда осындай ғұлама бабалар болған. Алла жар болып, киелі бабалардың аруағы қолдаса, бәрі сәтімен аяқталар. Рахия да сауығып кетер. Үміт үзбейік».
Бес уақыт намазын қаза қылмайтын, аузынан Алласы, қолынан қасиетті Құран түспейтін нағашысының сөзін естігенде Нұркеннің бойын үміт биледі. Түн ауа мұның ұялы телефонына Жанардан жазбаша хабарлама түсті. Жұбайы дереу үйге оралмаса сотпен ажырасатынын, дүние-мүліктен ешқандай үлес бермейтінін қатаң ескертіпті. Нұркен ызалана күліп, жауап қайтаруды артық санады. Ертеңіне Жанар ажырасуға сотқа арыз түсіріп, мәселені созбақтамай бітіруге күш салды. Нұркен қарсылық танытпады. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген қағиданы ұстанып, ешнәрсеге дау айтпады.
Көп ұзамай қымбат көлігін сатқан Нұркен анасын көрші мемлекеттегі профессорға апарып, ота жасатты. Ота өте сәтті шықты. Бұл қуанышты оқиға Нұркен мен Лағылдың арасындағы кірбіңді жойып, екеуін қайта табыстырды. Рахия апа аман-есен шаңырағына оралғанда Хабибулла қожа, Лағыл мен қос немересі Берік пен Серік бастаған ағайын-туыс, көрші-көлем «Ақ әжені» зор қуанышпен қарсы алды. Қарапайым шаңырақтың бақытты шағы қайта орнады. Ал, Жанардан әлі күнге дейін ешқандай сыбыс жоқ.
«Ертеңгі күн Аллаға аян, пендеге күмән».
(Соңы. Басы өткен санда)
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!