Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан-Ресей – стратегиялық серіктес, сенімді одақтас

28.11.2024, 9:30 46

HALYQLINE.KZ

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мәртебелі қонақты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайынан қарсы алды. Ресей делегациясын күтіп алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді.

Ұдайы байланыс бірлігімізді нығайтады

Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде әуежайда балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті және Владимир Путин бастаған Ресей делегациясына ілтипат білдіріп, өлең оқыды. Бұдан кейін кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы Владимир Путин Астанаға ұшқан сәтте сала бастаған картинасын таныстырды. Ол сондай-ақ мемлекеттер басшыларына полотноны жазуға үлес қосуды ұсынды. Картина Ресей Президентіне сапар соңында сыйға тартылады.

Одан кейін елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Онда Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныс­тырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қазақстанға сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.

– Бұл стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа берік негізделген мем­лекетаралық қарым-қатынасы­мыз­дағы өте маңызды оқиға екені сөзсіз. Сіздің Қазақстан ақпарат құралдарын­да жарияланған бүгінгі мақалаңыз­ды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жария­ланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серік­тесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарса­ңын­да Үкімет мүшелері кездесіп, біз тал­қылайтын барлық мәселені пысық­тады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабыл­даймыз. Бұл 20 келісімнен тұра­тын құжаттар біздің тату көрші­лік және серіктестік рухындағы ынтымақ­тастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Ресей Президенті Владимир Путин қазақ жерінде көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сізге зор ризашылығымды білді­ремін. Біз – достас елдерміз. Қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты да қолдаймыз. Ұдайы байланыстамыз. Өзіңізді жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуде күтемін. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға шақырамын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, – деді Владимир Путин.

Ресей Президенті екіжақты бай­ланыстардың қарқынын жоғары баға­лап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды.

– Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығы­мызға қатысты құжаттар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономика­лық серіктесінің бірі болып қала бере­ді. Сауда айналымы өсті, былтыр оның көлемі 28,5 млрд долларды құра­ды. Қазақстан экономикасына құйыл­ған инвестиция 13 млрд долларға жетті. Әрине, біз азаматтық қоғам, білім, ғылым және мәдениет бағытында дамып келе жатқан гуманитарлық байланыс­тарымызды бағалаймыз. Бұл тұрғыда Ресей­де білім алатын шетелдік студент­тер­дің басым бөлігін қазақстандық жас­тар құрайтынын айтсақ жеткілікті. Аймақаралық ынтымақтастық та табыс­ты өрбіп келеді. Бүгін Уфада кезекті іс-шара өтіп жатыр. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Біз Қазақстан Президентінің осынау маңызды жұмыстарға әрдайым ықылас қойып отыратынын жақсы сезінеміз. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз, – деді Ресей Президенті.

Келіссөз барысында мемлекет басшылары өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарының тасымалы, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым және мәдени-гуманитарлық салалар­дағы ықпалдастықты дамыту келешегін талқылады.

Басты міндет – динамиканы бәсеңдетпеу

Мемлекет басшысы Ресей Прези­дентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.

– Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынты­мақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 млрд долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.

– Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 млрд доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақ­станда 22 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 млрд доллар болатын және 20 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді.

– Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Біз бұған қуаныштымыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы артып келеді. Қазіргідей қиындықтарға қара­мас­тан, ықпалдастығымыз кеңеюде әрі қос тарапқа да тиімді, – деді Ресей Президенті.

Келіссөз барысында сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылы­ми-техникалық және мәдени-гу­мани­тарлық салалардағы ынтымақтас­тықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Ықпалдастықтың  негізгі бағыттары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Влади­мир Путин бейнебайланыс арқылы Қазақ­стан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтас­тық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті жиын қатысу­шы­ларына ілтипат білдіре отырып, 20 жыл ішінде аталған форумның екі ел арасын­дағы стратегиялық серіктестікті нығай­татын тиімді алаңға айналғанын атап өтті.

– Сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация салаларындағы ынтымақтастық тұрақты өсіп келе жатыр. Шын мәнінде, тауар айналымы арта түсті. Былтыр оның көлемі 27 млрд долларға жетті. Бұл ретте сыртқы саудамыздың 20 пайызға жуығы Ресейдің үлесіне тие­сі­лі. Ресейден келетін тікелей инвести­ция­ның жалпы көлемі 25 млрд доллар­ға жуықтады. Жыл сайынғы инвестиция мөлшері де айтарлықтай артты: былтырғы қорытынды бойынша екі есе, яғни 3 млрд долларға дейін ұлғайды. Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдіктердің қатысы бар кәсіпорындардың жартысына жуығын құрайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі елдің түрлі саладағы ықпалдастығының негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің отын-энергетика саласындағы ынтымақ­тастығы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді.

– «Лукойл» компаниясымен бірге «Қаламқас теңіз», «Хазар» ірі кен орындарын игеруге кірістік. Бұл жобаға құйылатын инвестиция көлемі 6 млрд доллардан асады. Бұдан бөлек, ресейлік әріптестер мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. 2022 жылы «Сибур» компаниясымен бірге Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен өндірісін іске қостық. Зауыт жылына 500 мың тонна өнім өндіреді. Бүгінде бұл кәсіпорын Қазақстан өңдеушілерін шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өнімдерін Ресей, Қытай, Түркия және басқа да елдерге экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, қуаты жылына 340 мың тонна бутадиен шығаруға жететін жоба іске асырылып жатыр. Газ саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізілді. Ресей газы Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға алғаш рет тасымалдана бастады. «Газпром» компаниясымен Қырғызстанға көгілдір отын тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Ресейден Қазақстанға газ жеткізу мәселесі пысықталып жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бір жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар туралы үкіметаралық келісімге қол қойыл­ғанын еске салды. Президенттің пікірінше, оны іске асыру тараптардың энергетика секторындағы серіктестігін нығайтуға мүмкіндік береді.

– Көкшетау, Семей мен Өскемен қала­­ларындағы жылу электр станса­лары­ның құрылысы бойынша нақты келі­сім жасалды. Серіктестігіміз жаңар­ты­ла­тын қуат көздері саласында да белсен­ді дамып келеді. Ресей тарапының қатысуы­мен елімізде жалпы қуаты 370 МВт болатын жобалар пайдалануға берілді. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жақын арада 1 ГВт экологиялық таза қуат көзін іске қосу жоспарланған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биыл Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасының қабылданғанына бес жыл толғанын айтты. Аталған бағдарлама аясында жалпы инвестиция көлемі 18,5 млрд долларға жуықтайтын 93 бірлес­кен жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде, 22 мыңнан аса жұмыс орны пайда болды.

– Биыл «Татнефть» компаниясының қатысуымен Саран қаласында жылына 3,5 млн шина шығаратын зауыт ашылды. «КамАЗ» компаниясымен серіктестік негізінде машина жасауға арналған құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісі қолға алынды. Қазан айында Қостанайда жылына 40 мың тоннаға дейін шойын құймасын шығаратын ауқымды жоба іске қосылды. Келесі жылы көліктің қоз­ғалт­қыш белтемірінің қосалқы бөл­шектерін шығаратын зауытты ашу жоспарланған. Қазіргі кезде жалпы инвес­тиция көлемі 29,5 млрд доллардан астам 49 жоба іске асы­рылып жатыр. Бұл 20 мың адамды жұ­мыспен қамти­ды. Сонымен қатар Жам­был облысын­да «ЕвроХим» және «Урал­хим» компания­лары минералды ты­ңайт­қыштар өндіретін ауқымды жоба­ларға кірісті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Ресей агро­өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге әлеуетті екенін айтты.

– Осы жылы диқандарымыз қам­баны астыққа толтырып, 27 млн тоннаға жуық өнім жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш еліміздегі тың жерлерді игерудің басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Бұдан бөлек, біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін бірқатар ірі жобаны бастадық. Таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізетін 116 тауарлы сүт фермасы салынады. Сондай-ақ жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, 850 млн дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Елдеріміздің агроөнеркәсіп саласындағы экспорттық әлеуеті орасан зор. Бізге ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелес болмаған жөн. Бұл интеграцияға кері әсерін тигізеді. Керісінше, ауылшаруашылық өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттайтын негізгі хабқа айналуымыз қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистика құрылы­мын нығайтуды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Мұның Қазақстан мен Ресей үшін стратегиялық мәні зор. Еліміз 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын жаңа теміржол салуды жоспарлап отыр.

– Елден тысқары жерлерде заманауи муль­ти­модальді орталықтар мен «құрғақ пор­ттар» желісін құруға басымдық бере­міз. Мұндай сәтті серіктестіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино стансасындағы жаңа көлік-логистика орталығының құры­лысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша, Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент туризм секторын дамыту мәселесін қозғады. Қазіргі уақытта Қазақстан 86 мемлекет­тің азаматына визасыз режім ұсына­ды және әлемнің 31 елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Бұдан бөлек, басты демалыс аймақтарына көлік қатынасын жақсартуға арналған дәйекті шаралар қабылданып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағыт­талған бірлескен күш-жігер тарап­тардың қазіргі сын-қатерлерге бейім­деліп, екі ел экономикасының орнық­ты өсіміне берік негіз қалайтынын жеткізді.

– Көпқырлы ықпалдастығымыздың жоғары деңгейін сақтау қажет. Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін шекаралық рәсімдерді жеңіл­дету және сауда-логистикалық кедер­гілер­ді жою жұмыстарын жалғас­тыр­ған жөн. Форум аясында қол қойылған келісімдер, сонымен қатар айтылған нақты бастамалар өңіраралық кооперацияның әлеуетін ашып қана қоймай, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушев, Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев сөз сөйледі.

Омбыда ҚазҰУ-дың филиалы ашылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті филиалын ресми түрде ашу рәсіміне бейнебайланыс арқылы қатысты.

Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Ресейдің Жоғары білім және ғылым министрінің орынбасары Константин Могилевский қатысып, екі ел арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жөнінде баяндама жасады.

Мұнан соң мемлекеттер басшылары университет филиалын ашуға рұқсат берді.

Сондай-ақ жиынға ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев пен ОмМУ ректоры Сергей Замятин қатысты.

Ресейде тұңғыш рет ашылған Қазақ­стан жоғары оқу орнының филиалына талапкерлерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарлан­ған. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді.

ҚазҰУ-дың Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар мен магистрларды даярлайды. Болашақта қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.

Филиалдағы оқу үдерісін ұлттық университеттің оқытушы-профессор құрамы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді. Алдағы уақытта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта филиалда оқу-әдістемелік қызметке арналған 10 кабинет жасақталған. Атап айтқанда, студенттер Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі, Абай атындағы қазақ тілі және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеттерінде дәріс тыңдайды. Бұдан бөлек, басшылық пен профессор-оқытушылар құрамы үшін 5 кабинет, 7 оқу аудиториясы және коворкинг орталығы қарастырылған.

Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапарын екі ел қарым-қатынасының дамуындағы маңызды кезеңге жол ашатын тарихи оқиға деп атады.

– Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Бізді мыз­ғымас достық байланыстар, ғасырларға ұласқан тату көршілік қатынас және ортақ тарих біріктіреді. Мемлекеттеріміз осынау мәңгілік құндылықтарға арқа сүйей отырып, келешекті көздеген мазмұнды ықпалдастықты жолға қойды. Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы барлық саланы қамтып, бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілді. Саяси диалог нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс­тар жандана түсті. Бүгінгі шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесулер мен келіссөздер ашық, іскерлік сипаты­мен ерекшеленді әрі шын мәнінде нәти­желі болды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен егжей-тегжейлі келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігінің перспективті бағыттары белгіленгенін жеткізді.

– Күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, екі­жақ­ты қарым-қатынасымыз қар­қын­ды дамып келеді деген ортақ ұйға­рым жасадық. Келіссөздер барысында экономика мәселесіне баса мән беріл­ді. Стратегиялық салалардағы ынты­мақ­тастықты тереңдету және өзара тауар айналымын одан әрі арттыру негізгі міндет ретінде айқындалды. Осы мақ­сатта бірқатар үкіметаралық құжат қабылдан­ды. Олардың қатарында 2021–2025 жылдар­ға арналған Кешенді экономи­калық ынтымақтастық бағдар­ла­масы, 2024–2026 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары бар. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақ­тастық форумы аясында екі елдің аймақ­тары арасындағы және шекара маңындағы ынтымақтастығы жөнінде жаңартылған үкіметаралық бағдарламаға қол қойылды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей – Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға қаржы құйған үш жетекші инвестордың қатарына кіреді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар тарихында Қазақстан да тұңғыш рет Ресейдің бес ірі сауда серіктесінің санатына қосылғанын мәлімдеді. Бұл екі елдің ынтымақтастық әлеуеті жоғары әрі берік екенін аңғартады.

– Осы оң динамика сақталса, бір-екі жылда өзара сауда-саттық 30 миллиард­тық межеге жететініне сенімдімін. Қазақстан экономикасына Ресейден келген тікелей инвестиция көлемі 24 млрд доллардан асты. Кейінгі екі жылдың өзінде 4,5 млрд доллардан аса қаржы құйылды. Қазақстан да Ресей экономикасына қомақты қаржы салды. Бүгінде оның көлемі 8,5 млрд долларға жетті. Бұдан бөлек, Қазақстанда ресейліктердің қатысы бар 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі шетел капи­талының үлесі бар жалпы кәсіпорын санының жартысына жуығы. Аталған көрсеткіштер стратегиялық қатынас­тар­ды одан әрі нығайтуға қос тарап та аса мүд­делі және бір-біріне сенімі жоғары екенін растайды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік кооперацияда айтарлықтай табысқа қол жеткізілгеніне назар аударды. Жалпы сомасы 18 млрд доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылды. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрд долларды құрайтын тағы да 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Қазақстанның бірқатар аймағына көгілдір отын жеткізу, Ресей энергия ресурстарының оңтүстік және шығыс бағыттағы тасымал көлемін ұлғайту, еліміздегі ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын ауқымды бастамалар ретінде қарастыруға болады. Алдымызда негізгі күрежолдарды дамыту арқылы транзит әлеуетін барынша пайдалану міндеті тұр. Сонымен қатар біз жаңа жобаларды жүзеге асыру перс­пективасын, әсіресе, Моңғолияға дейін автокөлік жолын салу және Трансауған көлік дәлізін белсенді қолдану мәселе­лерін талқыладық. «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы аталған барлық бастаманы іске асыру достас халықтардың түпкілікті мүддесіне толық сай келетініне кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономикалық күн тәртібінде Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумы айрықша орынға ие екеніне ерекше тоқталды. Бұл орайда Мемлекет басшысы алдағы уақытта Ақтауда Ресей Федера­циясының Бас консулдығын ашудың маңызы зор екенін атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың маңызы зор

Мемлекеттер басшылары ғылыми және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келесі көк­темде Астанада «Қазақстан мен Ресей­дің мәңгілік достығы» аллеясын ашу жө­нінде шешім қабылдағанын айтты. Бұл қала тұрғындары мен қонақтары сейіл құратын көрікті орынға айналады. Сон­дай-ақ ол Астанада қыркүйек айында өт­кен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары­на белсенді қатысқаны үшін Ресей тарапына ризашылығын біл­дір­ді. Қазақстан Прези­денті 2026 жылы елімізде спорттың дәстүр­лі түрлері мен киберспортты ұштас­ты­ратын Үшінші «Болашақ ойындары» ұйым­дас­тыры­латынын мәлімдеді. Бұл біре­гей сайыстың әуелгі бастамашысы – Ресей.

– Биыл тамыз айында өткен Астана­ның Мәскеудегі мәдениет күндері көпші­лік­­тің зор ықыласына бөленгенін атап өткім келеді. Қазан қаласында қазақ­тың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнан­бай­ұлының ескерткіш бюсті ашылды. Бұл – айтулы оқиға. Бұдан бөлек, Мәс­кеудегі Үлкен театр сахнасында қазақ ұлттық классикасы­ның жауһа­ры – «Абай» операсы қойылды. Таяу жыл­дары әйгілі Третьяков галерея­сында және Эрмитажда Қазақстанның мәдени-тари­хи жәді­герлерін паш ететін көрмелер ұйым­дас­тырылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы білім беру сала­сындағы ынтымақтастық мәселесіне айрықша тоқталды. Бүгінде Ресейде 60 мыңнан аса қазақстандық студент оқиды. Бұл ресейлік білім беру стандарттарына сұраныстың көптігін, екі елдің жан-жақты білім және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін көрсетеді.

– Бұған дейін қол жеткізілген уағда­­лас­тықтарға сәйкес Қазақстанда Ресей­дің жетекші техникалық білім беру меке­мелерінің 7 филиалы ашылды. Көп ұзамай Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашады. Ал бүгін Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы өз жұмысын бастады. Бұл – Қазақстан жоғары оқу орнының Ресейдегі алғашқы өкілдігі. Сонымен қатар Ресейдің шекара маңы аймақтарында қазақ мектептерін салу, сәйкесінше Қазақстан аумағында (дәлірек айтсақ Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында) ресей­лік мектептерді ашу мәселесі қарасты­рылып жатыр. Бұл екі елдің білім беру саласындағы байланыстарын нығайтып, өскелең ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы орыс тілі қос халықтың ынтымағын жарастыратын маңызды фактор екенін атап өтті.

– Еліміздегі мектеп оқушылары­ның үштен бірі орыс тілінде білім алады. Біз бұл мәселеге ерекше маңыз береміз. Халықаралық орыс тілі ұйымын құруды дәл осы себепті ұсындым. Келіс­сөздерде көтерілген тағы бір маңызды тақырып – екі елдің аумағында өмір сүріп жатқан қандастарымызды қол­дау. Бұл ретте «Отандастар» қоры мен «Россотрудничество» арасында ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қоюдың маңызы зор болар еді. Мұн­дай уағдаластықтар халықтарымыздың өз­ара түсіністігін тереңдетуде ерекше рөл атқарады, жұртшылық арасында кеңі­нен қолдау табады, – деді Мемлекет басшысы.

Екі ел арасында түйткілді мәселе жоқ

Президенттер екі елдің көпжақты форматтағы ықпалдастығын егжей-тег­жейлі талқылап, өңірлік және жаһан­­­дық саясаттың анағұрлым өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.

– ТМД, ЕАЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және басқа да маңызды өңірлік бірлес­тік­тер аясындағы ынтымақтастық мәсе­ле­сін­де өзара түсіністік қалыптасқа­нын атап өткім келеді. Елдеріміз ықпалдас­тық орнатпаған бағыт жоқ деуге болады. Ең бастысы, Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз әрдайым екі мемлекеттің мүддесін барынша ескеретін байыпты шешім қабылдаймыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халықтарымыздың достық қатынастарын нығайтуға ұдайы назар аударғаны үшін құрметті Ресей Президентіне алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тараптарды келесі жылы бірлесе атқаратын көптеген жұмыс күтіп тұрғанын, 2025 жыл мол мүмкіндікке бастау болатынын айтты.

– Біршама ортақ жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мұның пайдасын азаматтарымыз да, екі елдің кәсіпкерлері де сезінетініне сенімдімін. Келесі жылы қаңтар айында маңызды мемлекетаралық құжаттардың бірі – Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. 2025 жылы басқа да мерейтойлар бар: Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және «Байқоңыр» ғарыш айлағының 70 жылдығы. Осы айтулы даталарға орай екі елде мерекелік іс-шаралар өткізуге келістік. Көріп отырғандарыңыздай, екіжақты күн тәртібі нақты бастамалармен және жаңа мазмұнды жобалармен ұдайы толығып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытын­дылай келе, бүгінгі іс-шаралардың оң нәтижесі екі елдің одақтастық қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы шақырғаны және қазақ жерінде көрсеткен сый-құрметі үшін алғыс айтып, сапарының қорытындысына оң баға берді.

– Біз саяси, экономикалық, гуманитар­лық салалардағы екіжақты ықпалдас­тықты егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Жаңа ғана қабылданған Бірлескен мәлімдемеде екі елдің стратегия­лық серіктестігін тереңдетуге қатысты асқақ міндеттер қойдық. Олардың жүзеге асуына үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде қол қойылған, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, әділет сияқты түрлі бағыттарды қамтитын құжаттар да септігін тигізеді, – деді Ресей Президенті.

Владимир Путиннің айтуынша, сапар барысында жүргізілген келіссөздер Ресей мен Қазақстанның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамытуға нақты ықпал етеді.

Тараптардың бірлескен мәлімдемесі

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Сонымен қатар президенттердің қатысуымен екі ел делегацияларының мүшелері төмендегідей құжаттармен алмасты:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2024–2028 жылдарға арнал­ған өңіраралық және шекара маңы ын­тымақтастығы бағдарламасы;
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2024–2028 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;
  3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы теміржол көлігін және инф­рақұрылымын, автомобиль жолдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара арқылы автомобиль және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру туралы келісім;
  4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы «Сырым» (Қазақстан Республикасы) және «Маштаково» (Ресей Федерациясы) өткізу пункттері арасындағы Таловая өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін және оған кірер жолдарды реконструкциялау, күрделі жөндеу, ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау тәртібі туралы келісім;
  5. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі арасындағы теңіз кемелері экипажы мүшелерінің дипломдарын өзара тану туралы келісім;
  6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын нөмірлеуді пайдалану туралы келісім;
  8. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Челябинск мем­лекеттік университеті» федералды мемлекеттік бюджеттік жоғары білім беру мекемесінің Қостанай филиалының қызметі туралы келісім;
  10. 2010 жылдың 9 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы­на мұнай және мұнай өнімдерін жет­кізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданысын ұзарту және оған өзгеріс енгізу туралы хаттама;
  11. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ресей Федерация­сы Тергеу комитетінің арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  12. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Ресей Федерация­сының Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  13. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Ресей Федерациясының Әділет министрлігі арасындағы коммер­циялық емес ұйымдардың қызметін құқық­тық реттеу саласындағы ынтымақ­тастық туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум;
  14. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Ресей Федера­циясының Әділет министрлігі арасын­дағы 2025–2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  15. Қазақстан Республикасының Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігі мен Ресей Федерациясының Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық ми­нистр­лігі арасындағы құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­ларын­дағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  16. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Российские железные дороги» ААҚ арасындағы стратегиялық ынтымақ­тастық туралы келісім;
  17. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Xi’an Free Trade Port Construction and Operation Co. Ltd және «Славтранс-Сервис» АҚ арасындағы жобаны іске асыру туралы келісім;
  18. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «ФинИнвест» ЖШҚ арасындағы ниеттестік туралы меморандум;
  19. «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Фирма ОРГРЭС» ААҚ арасындағы екінші Екібастұз ГРЭС-інің №3 және №4 энергия блоктарында тиімді технологияларды пайдалана отырып, ластаушы заттардың шығарындыларын азайту мәселесі бойынша ынтымақтастық туралы келісім. 

egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: