Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қойшы, ұяламын…

22.11.2024, 9:35 48

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(«Супер сүмелектер» романымнан үзінді)

– Момынбай! Момынбай деймін? – деді әйелім.

– Ау, жаным? – дедім мен.

– Не ойлап кеттің?

– Жер домалақ дейді. «Неге төрт бұрышты емес?» деп ойланып кетіппін…

– Біз кафеде құрметті қонақты күтіп алғалы отырмыз! Сені қала әкімі ететін адам келе жатыр! Менің Астанадағы беделді әкемнің арқасында! Сол үшін бетімнен бір сүйіп қойшы?

– Қойшы, ұяламын… – дедім мен. Шынында, ұят қой.

– Осы сенің-ақ бет моншағың төгіледі де тұрады екен? Он жыл болды ғой?

– Немене, он жыл болды?

– Үйленгенімізге! Әлі баламыз жоқ!

– Бір түрлі ғой, ұяламын…

– Ұялшағын-ай, мынаның! Жан-жағыңа қара! Министрлер, әкімдер басшылар бюджеттен сорғанда ұялмайды! Полицейлер қарапайым адамға жала жауып соттатқанға ұялмайды! Соттар ұялмайды, ақша үшін соттасқан ағайындар ұялмайды! Ал, мына біздің мәдениетті академигіміз ұяла қалады!

– Қойшы, ұяламын.

– Сен құрметті қонақ келгенде былай сөйле: «Аса мәртебелі, Астанадан келген Билікбай Кланбаев! Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Сеніміңізді ақтаймын. Дәмнен алып отырыңыз!» Қане, қайталашы?

– Аса мәр… Аса мәртебелі Астанадан келе салған Битбай Жыланбаев…

– Билікбай Кланбаев де!

– Кланбаев Билікбай көке! Сізбен танысқаныма қуаныштымын! Сеніміңізді әктеймін…

– Ақтаймын!

– Кірәскілеймін… Атауыңызды ішіп отырыңыз…

– Ойбай, не деп кеттің?

– Өзің маған «атауыңды іш, атауыңды іш!» дей бересің… Үйреніп қалыппын…

Әйелім аузына келгенін айтып, ұрысып жатыр, ұрысып жатыр. Ары қарай не болды, айтайын ба? Қойшы, ұяламын…

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: