Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жүрегім асығады!»

21.11.2024, 7:00 73

HALYQLINE.KZ

Жылдарымды санасам, ғұмыр кешкеннен де аз күнім қалғандай екен.

Бір қорап кәмпит ұтып алған баладаймын: бас жағын апыл-ғұпыл жеп бастап, аз қалғанда санамалап, рақаттанып шайнап, сүйсініп жұтамын.

Заңға, жарғыға, ішкі тәртіпке арналған жиынға баруға зауқым жоқ, соның бәрі бекершілік екенін онсыз да білем.

Жасына лайықсыз тантыма әңгіме айтатын адамдарға бас қатыруға уақыт жоқ.

Шала-шарпы дүниемен алысуға уақыт тапшы. Эгосын баптайтын жиналыстарда отырғым келмейді.

Манипулятор мен оппортунистерге төзгім келмейді.

Өзгенің қабілетін таптап, бөтеннің орнын, дарынын, жетістігін меншіктей қойғысы келетін іштарлар мазаны алды.

Тақырыптарды талқылауға да уақыт аз. Талқылағым келмейді. Жаным асығып жатыр. Қорапта кәмпит аз қалды.

Адамгершілігіне бас идіретін адамдармен бірге өмір сүргім келеді. Биік белеске шықса да, өз қатесіне өзі күле білетін кісілер ұнайды.

Өзінің мүддесін білетін, міндетінен басын алып қашпайтын жандарды жақсы көрем.    

Адамның абыройын қорғап, ақиқат, әділет, игіліктің жағына шыға білетін адамдармен біргемін. Бұның бәрі өмірдің мәнін кіргізеді. Осының бәрі өмір сүруге лайық етеді.

Өзгенің жүрегін дір еткізуді білетін жандардың ортасында өмір сүргім келеді.     Өмірдің талай тар жол, тайғақ кешуінен өтсе де, құламаған, жүрегін тасқа айналдырмаған, нәзіктігін сақтаған, әр күн сайын рухани толысып отыратын адамдарды құрметтеймін.

Тек естілікпен санаңа сіңетін жиілікпен өмір сүруге асықпын!

Маған бұйырған кәмпиттің бірде-бірін текке жұмсағым келмейді. Жеп қойған кәмпиттерімнен қалған кәмпитім тәттірек болатынын білем.

Менің мақсатым – ақырғы демім таусылғанша жүрегім мен ет жақыныма адал, иманыма кәміл өмір сүрсем деймін.

Құдай екі өмір бергендей ғұмыр кешеміз. Бір сәтте бір ғана өмір бар екенін, осы өмірде ғана бәріне үлгеруің керек екенін түйсінесің.

Марио де Андраде

Аударған  Шынар Әбілда

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: