Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нағашым – тамыры терең ағашым…

14.11.2024, 10:00 98

«Үш жұрттың ұлысы деп, ұлығы деп \\ Сөзінің бұрынғының дұрысы көп \\ Мен сені жақсы көрем нағашыжан \\ Ардақты анашымның туысы деп» деген жолдарды оқысам, балалығым, бүгінде ешбірі де жоқ нағашыларым, қадірлі анам есіме түседі. Біздің бала кезімізде анам марқұм сәл қолы босай қалса, нағашыларымыз Сұлтанқожа мен Айткүл, Кенжеқожа мен Рыскүл әжелеріміздің үйіне апаратын. «Балалығыңды сағынсаң, нағашыңа бар» дейді қазақ. Дұрыс айтылған. Біреулер айтады: «Нағашы – француз сөзі» деп. Бұл нағыз қазақтың төл сөзі дер едім. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» дейтін қазақтың, яғни нағашының мейірімділігі саф алтындай таза, қамқорлығы ұшан-теңіз, шапағаты бөлек қой. Анам Кәделі Сұлтан­қожақызы балаларына түгелдей нағашыларымызды «көке» деп айтуды, атауды үйретті. Олардың қатарында Нартай, Шаһмардан, Байзақ, Серікбай, Өмірсерік, Жұмабай көкем­дер болатын. Бұл кісілердің адамдық істері, бауырмалдықтары, туысқандығы мен ата-аналарымызбен достықтарында шек жоқ болатын. Бір-біріне деген құрметтері тым басқаша еді. Олардың әр кездесуі, жолығысуы көп жылдан кейін кездесіп тұрғандай сезілетін. Жыласа да шын жылайтын, шын қуана білетін. Сол себепті де менің ойымша, әрқайсысы бір шағын әңгіменің жүгін арқалайтын  қымбаттыларым  болмақ.

Бүгінгі жазбам нағашым Серікбай көкем жайлы. Көкем анасынан үш жасында жетім қалады. Кенжеқожа – нағашымның өз әкесі. Кенжеқожа атамыз әйелінен ертерек қалады. Ырысты әже (Кенжеқожаның туған апасы) Серікбай көкемді бауырына басады. Кеңескүл апам мен Шаһмардан көкем де жас екен. Әлі мектепте оқиды. Неге екенін білмеймін, анамнан нағашыларым жайлы көбірек сұрайтынмын. Шешемнің айтуынша, Ырысты сұлу кісі болған. Шешек ауруының салдарынан бет-аузы қотырланып қалады. Күйеуге тиюге өз басы мүлде қарсы болады. Ағайындары қоймай жүріп, Сақтаған деген жиенге қосады. Аялы қолда тәрбиеленген, бағыландай бапталған, бағылған Серікбай балпанақтай болып өседі. Өзі тым ақылды, бауырмал. Әжеміз бір күні інілері Сұлтанқожа мен Кенжеқожамен сыртта сөйлесіп тұрады. «Серікжан, аттың артына кімді байлап тартамыз?» дейді апасы. Бала ғой, көкем бақырып жылап: «Сақтағанды тартыңдар» депті. Ырысты әжеміз сонда: «Өзіңнен тумай ұл болмас, өзекке тепсең кетпейтін. Құдай маңдайыма берсін, маңдайыма бермесе, таңдайыма берсін»  деп  маңдайына  қойып  қалады екен. Дегенмен, көкемнің адалдығы, ізгі ниеті ер жете келе ерекше болады. Сақтаған әкесін сыйлады, айтқанын бұлжытпай орын­дады, перзенттік парызын өтеді. Оны көзім көрді. Көкем  екінші шағын ауданда (қазіргі «Шұғыла) екі бөлмелі пәтерде тұрды. Мен оқуға түскен соң, шешем сол үйде тұруымды қала­ды. Төргі бөлмеде Сақтаған ата және мен жата­мын. Екінші бөлмеде көкемдер. Төрт бала­сы бар. Үйдің тарлығы біздің бақытты отбасы ретінде өмір сүруімізге, тірлік етуімізге еш кедергі болмады. Қазақта «болмасын деген оңбасын» дейді. Қызғаншақ, күншіл, өзі бола алмайтын, болғанды көре алмайтын, күннің жарығы мен айдың сәулесін де адамнан қызғанатын, көңілі аспанда, басы жерде нағыз қаракөкірек, көрсоқыр бейшаралар қаншама!? Көкемнің ешкімге болмасыны жоқ еді. Қазақтың көңіліндей, соның ішінде, менің Серікбай көкемнің дарқан пейіліндей жүрек кімде бар екен? Ұрыспақ түгілі, көкем мен жеңгеміздің қабақ шытқандарын да байқамаппын. Бүгінде екі қабатты үйіне жатқыз­бақ түгіл, анда-санда бара қалсаң, түйілген қабақты көріп, кері қайтасың… Көп адамның маңдайына біте бермейтін асыл қасиет – тектілік пен жан тазалығын Алла Тағала көкеме аса  мейірімділікпен  сыйға  тартқандай.

Көкемді  еске  алғанда, оның адамдық бейнесінен  қазақтың  кең даласындағы өте биік, көлеңкесі  мол  шынар  бәйтеректі  елес­тетемін. Саясында ағайын-туыс жиналған, әңгіме-дүкен құрған, мамыражай тірлік еткен  елді  көргендей  боламын. Бұл қасиетті көкем  таза  қалпында сақтауға тырысты және сақтай  білді.  Мүмкін,  пендеміз ғой, қате кеткен  кезі  де болған шығар. Менің ойым­ша, көкем  ішкі  жігер-күшінің  қуатымен, мызғымас сабырлығымен бәріне байыппен қарай білді. 1954 жылы қаладағы №1 мамыр орта мектебін  үздік бітіріп, өз қалауымен 1966 жылы Ташкент Энергетика және байланыс институтына оқуға түседі. Ауыл баласының сол кездері сыртта оқуының өзі көкемнің мақсатын айқын қоя білуінде болатын. Сыр елінің абзал азаматы ретінде ұзақ жыл байланыс саласында абыройлы еңбек етті. Бақыт жеңгемізбен бақытты өмір сүрді. Төрт қыз, бір ұл дүниеге келді. Барлығы жоғары білімді. Айгүл, Жанәділ, Нұргүл, Айнұр, Лаура – өз мамандықтарының иесі. Табиғаттың тамаша жемісі артында жақсы тәрбиеленген ұл мен қыз қалды. Нағашымның керемет қасиеті адам танығыштығы болатын. Қатты ренжісе, басын шайқайтын. Ол табиғатынан сұлу жаратылды. Аппақ жүзі, кең маңдайлы, шоқтай жайнаған көзі, ерекше күлкісімен адамды өзіне еріксіз тартатын. Абайдың әкесі Құнанбай секілді сұлу адамды, ажарлы кісіні ұнататын. Жалпы, сұлулық әлемін жанымен қабылдайтын. Бұл да бір ерекшелігі болатын. Әлі есімнен кетпейтін бір ғана сөзі: «Жықсаң да, жығылсаң да, алысқаның арыстан болсын» дейтін. Жаманмен жұлыспадым, алыспадым, сөзімді шығындамадым. Жығылсам да, жықсам да жақсылармен бірге болдым. Көкем тек жақсылармен, жаны сұлу адамдармен бір жүруімді қалайтын. Мен үшін мақтанатын. Сеніміңізді ақтаған сияқтымын. Нағашы жұртың жақсылығың үшін сүйсінетінін, жамандығыңды сезе қалса күйінетінін, қашанда тілеуіңді тілейтін тілеуқорың болатынын көріп өстім. «Қымбат болар туған жердің ағашы да, Әркімнің жету керек бағасына. Анамыздың ақ сүті үшін өмір бойы, Бәріміз борыштымыз нағашыға» деген өлең шумағы осындайда ойға оралады. Нағашыларымды тамыры терең бәйтерекке теңеймін. Тамыры тереңде жатқан ағаш құламайды, мәңгілікке тұруы мүмкін. Сонау жерден жасыл жапырағымен көркем көрінбек. Өзіңізден алған үлгі-өнегем, ұлт мұраты жолындағы еңбегім соның  жемісі  деп  білемін.

Көке, сіздің өмірден озғаныңызға да он жыл болыпты. Тағдырға не шара бар, ешкімге өкпелеуге болмайды. Сіз туралы қанша жазсам да, қалай жазсам да көптік етпейді. Өмірге  адам  болып келіп, мәртебелі адам болып бақилыққа аттанған ақ көкемнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дегеннен басқа  не  айтуға  болады!?.

Айман  АЙТБАЕВА,

Қорқыт  ата  атындағы  ҚУ-дың  оқытушысы,

филология  ғылымдарының  кандидаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: