Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкелер форумы: Қателік неде, өзгеріс қандай?

07.11.2024, 11:00 502

Қазір ерлер қауымына көзқарас өзгере бастады. Шулы болған Бишімбаевтың оқиғасынан соң, ер мен әйелдің нағыз тартысы сипат алды. Сөйтіп, босағадағы береке де, шаңырақтағы шаттық та әдірем қалды. Әркім өз рөліне жауапты болсын десек, ұрпақ тәрбиесіне де мән беру маңызды. Осы тұрғыда, әр өңірде «Әкелер одағы» құрылғаны белгілі. Басты мақсат – әкелердің отбасындағы және қоғамдағы рөлін арттыру. Әйтпесе, белден басылған бедел баланың да ынжық болуына түрткі. Өткен аптада Сыр өңірінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден аса делегат бас қосты. Сөйтіп «Тәрбие – тал  бесіктен» атты ІХ республикалық әкелер форумы өтті. Сөзі салмақты спикерлер ашық алаңда ой бүгіп қалмады.

Форумның алғашқы күнінде жиылған қонақтар қаланың жаңа келбетіне куә болды. Ал, келесі күні секциялық жұмыстар ұйымдастырылып, «Достық үйінде» пленаралық отырыспен қорытындыланды. Тағылымды іс-шараның мәні де – осында. Әңгімеге арқау – әкелер жолы, тақырып тұздығы – тәрбие болды. Осы уақытқа дейін қоғамда қаузалған мәселе бойынша әр сарапшы 10 минутта озық ойын жеткізді. Тыңдаған адамға есті әңгіме айтылды десек, қателеспейміз. Яғни, «Ер адамның бейнесін қалыптастырудағы әкенің рөлі: жауапкершілік, батылдық, құрмет», «Отбасы және қауіпсіздік», «Саналы түрде ата-ана болу» және «Ерлер үшін спорт пен денсаулықтың маңыздылығы» атты талқылауда сан қилы пікір тоғысты. Алғашқы сессияның тізгінін отбасылық  психолог  Ержан  Мырзабаев  ұстады.

«ЕРКЕГІ  ЖІГЕРСІЗ  ЕЛДІҢ  ӘЙЕЛІ  ШІДЕРСІЗ  КЕЛЕДІ»

Қазір бұрынғыдай жаугершілік заман емес. Кезінде атқа қонған азаматтар елін қорғап ерлік көрсетіп, аң аулап, отбасын асыраған. Ал, бүгінгі күні ерлер батылдығын қалай көрсету керек? Дәл осы сұрақты  модератор  арнайы  шақырылған  спикер  Бақытбек  Смағұлға  қойды.

– Атаның батасын, әкенің ақылын, батырдың ерлігін сезінетін намысшыл ұрпақ едік. Қазір де әр азаматтың отау иесі болғаннан бастап, асыл жарын сыйлауы, балаға қамқор болуы маңызды. Әсіресе, бүгінгі ақпараттық майданда, дүрбелеңі көп кезеңде әкенің рөлі ерекше. «Еркегі жігерсіз елдің әйелі шідерсіз келеді». Бұл – әйел басқа жаққа бұрылып кетеді деген сөз емес. Нәзікжандыға тірек керек. Өкініштісі сол, кей жігіт қазақтың қызын «өлдім, сүйдім, күйдім» деп, қойнына алғанымен, жауап­кершілігін мойнына алмайды. Әйелінен асып, ақылын жеткізе алмайтын еркектерді де көріп жатыр­мыз. Ұрпаққа өнеге болатын ер-азамат. Сондықтан, олардың бүгінгі ерлігі ата-бабасының тегін, салт-дәстүрін сақтап, тарихын түгендеп, елдегі болып  жатқан мәселеге үлкен көзқараспен қарау болса керек-ті. Бишімбаевтың әрекеті бәріне белгілі. Әлеуметтанушылардың айтуынша, содан соң көптеген әйел күйеуінен кінәрат іздеп, өз отбасын тас­тап кеткен. Қоғамда үлгілі отбасылар да жоқ емес. Демек, жарасымды жанұяны үздіксіз көрсетіп отыру артық емес. Әкеге артылған жауапкершілік ауыр. Оны көрінген адам көтере алмайды. Бабадан  қалған  қадір-қасиетті бойға дарыту керек, – деді «Qazaqstan ardagerleri»  қауымдастығының  төрағасы  Б.Смағұл.

ҰРЫССЫЗ,  СӨЗБЕН  ТӘРБИЕЛЕУ  –  ӘКЕМНЕН  ҚАЛҒАН  ҚАҒИДА

Ұл көбіне әкесіне қарап бой түзейді, еңсе тіктейді. «Бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» деудің астарында үлкен мән бар. Спикерлер қатарында әнші әрі сазгер Ескендір Хасанғалиевтың ұлы Біржан да болды. Осы тұрғыда, баланың әкеге құрметі, әке мен бала арасындағы байланыс бойынша  сөз  қозғап, тәжірибесімен  бөлісті.

– Өнерпазды сахнада, гастрольдік сапарда көп жүретін адам ретінде таниды. Бірақ, мен дүние­ге келгенде әкем «баламды қалай өсіремін, қалай тәрбиелеймін?» деген бағытты бірінші орынға қойған.  Алматы қаласында тудым, сонда өстім. Ол – кеңестік кезең. Тіпті, қазақ тілінде оқытатын балабақша болған жоқ. Қазақ мектебінің өзі біреу-ақ. Сондықтан, басым бөлігі орыс тілінде сөйлейтін. Әкем мені қазақ сыныбына берді. Соның  арқасында қалада өссем де, ана тілімді жетік меңгердім. Әкем қазақы құндылықтарды бойыма сіңірді. Және бала үшін маңыздысы – орта. Мысалы, ата-анамның қандай адамдармен араласқанын білемін. Сағи Жиен­баев, Сырбай Мәуленов, Әбу  Сәрсенбаев, Бибігүл Төлегенова сынды тұлғалармен бір дастарқанда отырып, әңгімесін тыңдап өстім. Бұл мен  үшін  рухани  азық болды. Ал, қазір қалай? Қонақ шақырса бала­ларға «шулап кеттіңдер, басқа бөлмеге барыңдар, далаға ойнаңдар» деп кедергі жасамауын айтады. Әкем керісінше 4-5 жасымнан бастап «Балам, осы кісілердің әңгімесін тыңдап, жадыңда сақта. Болашақта қолдан» дейтін. Мен осылай қалып­тастым. Қазір әкемнен қалған қағида мен құндылықтарды өз балаларыма қолданамын. Ұрыссыз, сөзбен тәрбиелеу – әкемнен қалған қағида. Мұндай  тәрбие моделін назарға алатындар жылдан-­жылға  көбейеді  деп  сенім  білдіремін, – деді  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі» РМҚК директоры Біржан  Хасанғалиев.

ҚОҒАМ  САНАЛЫ  БОЛУЫ  КЕРЕК

Отбасы институтында әкенің де, ананың да орны айрықша. Ер-азаматқа байыпты байлам мен нақты әрекет тән. Ал, әйелге парасат пен даналық қажет. Сондықтан, бала алдында бір-бірінің мерейін үстем етіп отыру маңызды. Әкелер форумы болғанымен, бұл тақырыпты аналардан айналып өту мүмкін емес. Ер абыройын арттыруда ананың жауапкершілігі қандай деген сауал талқыға түсті. Бұл жөнінде ҚХА жанындағы Республикалық аналар  кеңесі төрайымының  орынбасары  Камал  Әлпейісова ой өрбітті.

– Әкелер форумы – жақсы алаң деп есептеймін. Мазмұнды іс-шараны ұйымдастырып отырған Қызылорда облысының әкімдігіне рақмет. Ұрпақ тәрбиесі әке мен ананың жауапкершілігіне бірдей байланысты. Қызылорда еліміздің тұңғыш астанасы ғой. «Әкелер қозғалысы» да осында бастау алған. Алғашқы  жылдары 5 әкенің одақ құрып, жұмыс істегенін естіп, келгенмін. Сөйтіп, біраз мәселені шешуге  атсалыстық. Мақсұтбек Айтмағанбет  сол туды  жерге  түсірмей, «әкелер  одағын»  дамытты.

Әуелгіде «Қазақстан әйелдері» журналында қызмет  атқарғанмын. Сонда «Қайран, біздің аналар арды ойлаған» атты айдар болды. Соғысқа жарын аттандырып, күйеуін жоқтатпай, тұрмысқа шықпастан, балаларын тұлға етіп өсірген аналар тура­лы  жаздық.

Қазір елімізде 900 мыңға жуық толық емес отбасы бар екен. Оның 72 мыңы – жалғызбасты әке. Әйел төзімді, ал ер адамға тұрмыста қиындау болады. Сондықтан, ұйымның атқаратын рөлі зор деп ойлаймын. Әке де, ана да – бір бағыттағы, бір қайықтағы жандар. Биыл құрылғанымызға 10 жыл. Республикада белгілі, өзіндік орны қалып­тасқан, атқаратын миссиясы бар қоғам ұйым ретінде мо­йындалған. Соңғы 3 жылдағы ауқымды істер дәлел. Ұрпақтың жақсы болуы анаға байланысты. Сол себеп­ті, 2 жыл бұрын «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын ұсындық. Оны ассамблея кеңесінде Президент қолдап, барлық өңірде іске асыруға мүмкіндік берді. Бала тәрбиесінде ана ерекше  ықпал етеді. Әкесі қанша жерден батыр, ғалым  болса да бала анасының сөзін айтады. Жоба­ның мақсаты да сол. Ана мәдениетті болу керек. Қазір жоба  жүйелі  жүзеге  асып  жатыр.

Сәтті жұмыстың бірі – қоғамдық ұйымның баста­масымен заңның қабылдануы. Есірткі тұтынуға, вейптердің дүкенде сатылуына, зорлық-зомбылыққа қарсы заң енгізілді. Десек те, көлеңкелі бағыт көп, қалтасын ойлайтындар әлі жоқ емес. Сондықтан, қоғам саналы болуы керек. Өзгерісті өзімізден  бастайық. Мектепте ер мұғалімнің көп  болуы да артық етпейді. Бұл ұл балалардың тәр­биесіне  айтарлықтай  әсер  етер  еді, – деді  ол.

«БАЛАНЫ  АЯСАҢ,  АЯМА»  ДЕГЕН  СӨЗ  КӨП  ЖЕРДЕ  АЙТЫЛМАЙДЫ

Жасөспірімдер арасындағы жазатайым оқиға, топтық төбелес пен тентектердің текетіресі елді елең еткізіп отыр. Өйткені, жанжалдың соңы жұды­рық ала жүгірумен, тіпті өліммен аяқталып жатыр. Бұл немқұрайды қарайтын мәселе емес. Сессияның екінші бөлімі «Отбасы және қауіпсіздік» деп аталды. Модератор – «Әкелер одағы» Республикалық  қоғамдық  бірлестігі  Астана қаласы филиалының басшысы Бекдайыр Күзембай. Ол  өңіріміздегі  тәртіп   сақшысына  сөз  берді.

– Адам өмірі мен бостандығы – қашанда ең маңызды құндылық. Сондықтан, өзекті мәселені бірге талқылап, шешу жолдарын қарастыру, рес­публикалық деңгейде іс-шаралардың ұйымдас­тырылғаны бізді қуантады. Отбасындағы зорлық-­зомбылық мәселесіне тосқауыл болу мемлекет басшысының да қатаң бақылауында. Өйткені, мұның қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні көпке аян. Бұл бағыттар бойынша шаралар қабылданып отыр. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 2019, 2023 және биыл жаза қатаңдатылды. Нәтижесінде 9 айдың қорытындысымен тұрмыстық жанжалдар бойынша полиция­ға  түсетін  шағым мен қоңыраулар саны 23 пайызға дейін  азайды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отыры­сында маңызды құндылық заң мен тәртіп екенін, заңның алдында бәрі бірдей екенін атап өтті. Ал, біздің мақсат – азаматтар өздерінің қауіп­сіз  екенін сезінуге жағдай жасау. Осы бағытта бірқатар  шараны  жүргізіп  келеміз.

Әр баланың қауіпсіз өмір сүруіне, өсіп-өнуіне ата-ана жауапты. «Баланы аясаң, аяма» деген сөз көп жерде айтылмайды қазір. Жасөспірім де, бала да ұялы телефонға телмірген күйі отыр. Бұдан бөлек, біз жасөспірімдердің түн мезгілінде жүрмеуін қадағалаймыз. Өйткені, бейберекет жүрген  жасөспірім қылмыстың объект не субъектісіне айналуы мүмкін. Яғни, беймезгіл уақытта жүру, ортасының дұрыс болмауы – қылмысқа апаратын жол. Мәселен, бұған дейін 5000-ға жуық бала ата-ана қарауынсыз жүрген. Ал, түнгі уақытта тонап кету, жарақат салу сынды оқыс оқиғалар болуы ықтимал. Кейде баланы ұстап алсақ, ата-аналар өзімізге сөйлеп тастайды. Бірақ, біз баланың қауіпсіздігіне алаңдаймыз, – деді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі  басқармасының бастығы, полиция полковнигі  Ердәулет  Жаукеев.

ОТБАСЫНДАҒЫ  ӘРБІР  ӘРЕКЕТ,   ӘРБІР  СӨЗ  БАЛА  ПСИХИКАСЫНА   ӘСЕР  ЕТЕДІ

Қазір баланың көңіл күйі құбылмалы болып келеді. Бұған дейін өз-өзіне қол жұмсаған мектеп жасындағы оқушылардың оқиғасы жаға ұстатқаны жасырын емес. Тақырыпты тарқатып, суицидтің алдын алу жөнінде Назарбаев  университетінің пси­хологі  Сымбат  Абдрахман  пікір  білдірді.

– Бұған дейінгі ақпараттарда жыл сайын 800 мың адамның өз-өзіне қол жұмсайтыны айтылды. Демек, әр 40 секунд сайын адам қайтыс болып жатыр. Жастар арасында суицид өлімнің екінші себебі болып табылады. Ойлап қарасақ, адам ауырып, қартайып немесе басқа себеппен емес, өз өмірін қиып жатыр. Сондықтан, суицидтің алдын алуда қоғамның әр мүшесі бірлесе жұмыс істеуі керек. Көптің көкейінде «бала неліктен суицид жасайды?» деген сұрақ туындауы орынды. Мұның бірнеше себебі бар. Егер, бала бұрын суициалды әрекетке барса, қолы немесе аяғын кессе, дәрі қабылдаса, секіруге талпынса, өзіне қол жұмсау ықтималдығы жоғары. Жалпы, бала дүниге келгенде өзінің есімі кім екенін, діні, ұлты, руы қандай екенін білмейді. Ал, қара­пайым түсініктен бастап, туындаған қиындықты шешуді үйрететін ата-ана. Демек, отбасындағы әрбір әрекет, әрбір сөз бала психикасына әсер етеді. Бала кезінде алған психикалық жарақат суицид жасау­ға итермелейді. Сонымен қатар, жыныстық немесе физикалық зорлық көру, буллинг сынды  түрлі  себеп  те  бар.

 Өмір – өте қымбат. Кейде балалар өзін құт­қару үшін белгі беруі мүмкін. Мәселен, «шаршадым», «ештеңе қызық емес», «өмірден өткім келеді» десе немесе әлеуметтік желісіне мән беру де артық етпей­ді. Өйткені, қарапайым статустың өзін қарайтын болсаңыздар, адамдардың күнделікті көңіл күйін білуге болады. Мысалы, қуанғанын да, ренжігенін де салып, соған байланысты цитата жазып, мұңлы музыка қояды. Бұдан бөлек, түнгі онда жатып, таңғы төртке дейін ұйықтай алмау, тәбеттің нашарлауы немесе шектен тыс тамақтануы, сабақ үлгерімі мен қызығушылығының төмендеуіне де назар аударған жөн, – деді  ол.

Маман мұндай жағдайда балаға тап берудің қажеті жоқ дейді. Керісінше, онымен ақтарыла әңгіме айту маңызды, ойын білген дұрыс.

– Балаға сұрақты дұрыс қою керек. Көбіне ата-ана­лар не істейді? «Саған не жетпейді?», «Сен үшін таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп жүрміз, бүкіл жағдайыңды жасаймыз» деп шығады. Бұлай сұрақты ұрысып қойған жағдайда бала шынайы жауап бермейді. Оларда мені түсінбейді деген ой болады. Мәселесін айтқанның өзінде «мұны да проблема деп тұрсың ба, болмайтын нәрсе» демеңіз. Өйткені, ол бала үшін шешілмейтін тү­йін болуы мүмкін. Сондықтан, мейлінше тыңдап, қолдау көрсеткен абзал. Баланы құшақтау, оған жылы сөз айту маңызды, – дейді  психолог  Сымбат  Абдрахман.

ТҮЙІН. Форумда түрлі саладағы мамандар төбе көрсетті. Бұдан бөлек те тақырыптар талданды. Ондағы айтылған сөз, берілген кеңес бұл мақаланың аясына сыймайтыны анық. Біз маңыздыларын түртіп өттік. Қысқасы, әкелер форумында жаттанды сөз, жалаң ұран жоқ. Жанашырлықтың, үлкен дайындықтың қарқынын байқадық. Бастысы, мазмұнды іс-шараға куә болған әр адам отбасы мәселесінде қай тұстан ақсап, қай тұста дұрыс әрекет еткенін аңғарған болар. Демек, мұны жеке адам үшін емес, қоғам мүддесіне жарайтын игілік деп есептейік.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: