Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көпқабатты үйлер – қаланың көркі

06.11.2024, 13:25 282

Қаланың даму кезеңіндегі ең айтулы жобалардың бірі – жаңа тұрғын аудандардың бой көтеруі. Сол жағалаудың өзі шаһардың жаңа келбетін айқындап берген сәтті жоба болды. Бүгінде басқа аумақтардан да көпқабатты үйлер бой түзеп, тұрғындар қуанышын еселеуде. Оған қоса, қала орталығындағы бірқатар үйдің қасбеті жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді.

Мәселен, құрылысы былтыр басталған Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жеті қабатты 84 пәтерлі 6 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға биыл облыстық және қалалық бюджеттерден 1,7 млрд теңге қаралды. Осы шағын ауданда тағы 40 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысын бастауға облыстық бюджеттен 2 762,5 млн теңге бөлініп, конкурс өтуде. Жоба құны – 8 929,9 млн теңге. Сонымен қатар осал топтағы отбасыларға 200 пәтер және жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға 135 пәтер сатып алуға 4,2 млрд теңге бөлінді.

Өткен жылы аймақта 4108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынған. Нәтижесінде 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғын қоныстой тойлады.

Биыл бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1269 пәтерлік 67 тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Алдағы уақытта бұл көлем тағы да ұлғаяды. Жыл басынан бері 2800 тұрғынға 853 пәтер кілті табысталды. Оның ішінде «Тасбөгет» кентінде 323 отбасы баспаналы болса, Наурыз мерекесі қарсаңында Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден 380 отбасыға үй берілді. Сондай-ақ 150 отбасыға сол жағалаудан пәтер кілті табысталды. Мұнан бөлек, осы айда «Отбасы банк» АҚ арқылы «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 1400 тұрғынға 470 пәтер пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 1 595 пәтер ел игілігіне табысталмақ.

– Жалпы қалада 3911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Біз тұрғындардың талап-тілектеріне орай мақсатты шараларды жүзеге асырып, жайлы баспана ұсыну үшін көпқабатты тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізудеміз. Оның ішінде 3139 пәтерлі 58 тұрғын үй бюджет есебінен, 772 пәтерлі 16 тұрғын үй жеке инвестиция есебінен салынуда. Жыл соңына дейін 7 қабатты 10 үйдің жоба-сметалық құжаттарын және сараптама қорытындысын алу жоспарлануда, – делінген қала әкімдігінің мәліметінде.

Ал өткен жылы бастау алған қала орталығындағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне күрделі жөндеуді аяқтау үшін облыстық бюджеттен 120,8 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ қосымша 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне 740 млн теңге бөлініп, мердігер «Асар» және «Бест Строй Групп» ЖШС жұмыс жасауда. Оған қоса 77 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысан қасбеті заманауи үлгіде әрленуде.

Тұрғындардың арыз-шағымына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлерге кондоминиум объектісінің ортақ меншіктегі мүліктеріне күрделі жөндеудің жекелеген түрлері бойынша 21 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді. Оның 18-інде жұмыс жасалуда, қалған 3-і бойынша тұрғындармен келісім жүргізілуде. Қазір мердігер мекемелер анықталып, келісім-шарт Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне жолданды. Мамандардың айтуынша, келісім алынғаннан кейін мердігер мекемелер жұмыс бастайды.

Алдағы жылы 20 көпқабатты тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттары дайындалып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 2,2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған.

Сонымен бірге «Халық қатысатын жоба» бағдарламасы аясында қалалық бюджеттен бөлінген 332 млн теңгеге аулаларды абаттандыру, ойын алаңдарын, аяқсу лотоктарын салу бағытындағы 11 жоба жүзеге асырылуда.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: