Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорғандық жастардың жылуы

26.05.2020, 18:15 617

HALYQLINE.KZ Жаңақорғандық еріктілер көмекке мұқтаж отбасына баспана салып берді. Рамазан айындағы қайырлы іске қалталы азаматтар қолдау көрсетсе, кәсіпкерлер құрылыс заттарын табыстаған. «Жаңарған Жаңақорған жастары» осымен үшінші жыл қатарынан асарлатып, тұрмысы төмен жанұяға баспана салу ісін қолға алып келеді. Оларға қолдау көрсетіп, қол ұшын берген аудан кәсіпкерлері де әдеттегідей сауапты істен шет қалмады. Атап айтар болсақ, жыл сайын еріктілердің бастамасымен арнайы сарапшылардан тағайындалған топ өкілдері, өте мұқтаж деп танылған отбасыға пәтер кілтін табыстайды. Яғни, Рамазан айында жағдайы төмен отбасыға қуаныш сыйлау еріктілер тобы үшін дәстүрге айналып келеді десек те болады. Ауданның белсенді жастарының әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың еңсесін тіктеп, баспаналы болуына ұйытқы болып жүргені көңілге жылулық ұялатады.

Осы орайда, биыл 25 мамыр күні Құрбанбековтер әулетіне су жаңа баспананың кілті табысталды. Қасиетті Рамазан айымен қатар келген бұл қуаныш ІІ топ мүгедектігі бар төрт баланың әкесі Рауан Құрбанбекұлының өмірін айтарлықтай өзгертті. Себебі, өмірге келген күнінен бастап, сал ауруына ұшыраған қызы Раянаны аяққа тұрғызып, оның жақсы жағдайда өмір сүруіне ықпал ету әке арманы еді. Сол арманына Рамазан айында қол жеткізген ол еліміздің ауызбіршілігін танытатын, бар нәрсенің жоғалмайтынын, жоқтан бар құралмайтын игі дәстүрді жаңғыртып жүрген жастарға өз ризашылығын білдірді.

Шара барысында сөз алған облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Н.Мыңжас:

«Дәстүр – қоғамды біріктіруші фактор. Заң жоқ кезде, Конституция жоқ кезде ата-бабаларымыз салт-дәстүрге негізделген жүйе құрап, соның төңірегінде топтасып өмір сүрген. Енді қазіргі интернет заманында, жаһандану заманында мынау ескі ата-баба дәстүрін жаңғыртып, сол арқылы елдің ауызбіршілігін күшейтеміз деп жүрген жастардың арамыздан шығуы бұл үлкен қуанышты нәрсе. Соның ішінде қазақтың ұмыт бола бастаған «асар» әдісін «Жаңарған Жаңақорған жастары» үш жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Яғни, кемтар жандарға қамқор қолын созып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға барынша халықтың қолдауымен, көмегін беріп жүрген жастарға Алланың нұры жаусын дегім келеді. Алдағы уақытта да бұл игілікті дәстүр одан әрі жаңғырып, жандана түседі деген сенімдемін» – деп еріктілер тобының жетекшісі Еркінбек Айнақожаевқа орталықтың атынан «Алғыс хат» табыстады.

С.АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ,

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: