Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айбергенов мектебіндегі мерейлі мереке

29.10.2024, 12:40 287

Биыл елордамыздағы Алаштың ақиық ақыны Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепке 45 жыл толды. Айтулы датаға білім ұясының ұжымы, мұғалімдері мен оқушылары зор шығармашылық жетістіктермен, жағымды жаңалықтармен жетті. Жуырда мектепте екі күнге созылған «Мектебім – шамшырағым» атты мерекелік іс-шараларға куә болдық.

45 жылда бұл мекеменің технология мен инновацияның көшіне ілескен, заманауи білім беру мен шәкірт тербиелеудің озық үлгісін ұстанған, рухани шығармашылық жетілуді әр баланың санасына сіңірудің бірегей тәсілін тапқан, бірлігі мен берекесі бір арнаға тоғысқан ізгілік әлеміне айналғанын көзімізбен көрдік. Қазақтың қайраткер қызы, Желтоқсан қаһарманы Сәуле Әзімханова басқаратын ұжым мерейлі мерекенің әр күні, әр сәті есте қаларлықтай шуақты болуы үшін әрбір рәсімге асқан ұқыптылықпен және зор жауапкершілікпен дайындалыпты. Енді осыларды рет-ретімен баяндалық.

Дінмұхамед Қонаев ашқан мектептегі музей

Білім ордасы 1979 жылы 31 тамызда ашылған. Салтанатты рәсімге сол кездегі Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаев арнайы келіп қатысып, мектеп ғимаратын аралаған. Айтпақшы, мерейлі датаның қарсаңында көп жылдар бұрын мектепте түсірілген тарихи суреттер табылыпты. Арнайы альбомдар жасалып, әр жылдарда бітірген түлектердің суреттері ретімен ұқыптылықпен жапсырылғанын музейге саяхат жасағанда көрдік. Мектеп директорының орынбасары, Т.Айбергенов мемориалдық музейінің жетекшісі Гауһар Жүсіпова жиналған жұртқа музейдегі жәдігерлер туралы мол мағлұмат берді. Алқалаған қауым ақынның отбасылық сағатына, қолданған ыдыстары мен қырыну құралына, өз қолымен жазған шығармалары мен кітаптарына, ақынның анасы Жібекке арналған стендке ерекше қызығушылық танытты.

2001 жылы Астана қаласы әкімшілігінің шешімімен №16 орта мектепке көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің есімі берілді. Ал музей 2007 жылы 23 желтоқсанда ашылған. Оның негізін қалап, ашылуына бастамашы болған есімі елге мәлім ұстаз, жазушы, композитор, қоғам қайраткері Ерсайын Нарымбаев екенін біреу білсе, біреу білмейді. 2002 жылы наурызда Төлеген Айбергеновтің туған күніне арналған кездесуге ақынның жары Үрниса апай, қыздары Салтанат пен Айнар, ақын Фариза Оңғарсынова және Ерсайын Нарымбаев қатысады. Салтанатты жиында мектептегі ақынның мүсінінің артында жұпыны жасалған өмірбаяндық стендке жұрттың назары ауғанда Үрниса апай алдағы уақытта музей ашу ойларында бар екенін айтып, сол жұмысты Е.Нарымбаевқа қолға алуды сұрайды. Көп ұзамай жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Айнар Айбергенова, сол кездегі директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ақбота Есаматова және т.б. адамдар кіріп, жәдігерлер мен материалдар жинауға кіріседі. Айнар Төлегенқызы мен Ақбота Бақытқызы музейге керекті материалдарды жинастыру үшін Алматы, Шымкент, Сарығаш, Ташкент қалаларына барып, көптеген ақын-жазушылармен кездеседі. Музейдің ашылу рәсіміне Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов сияқты белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен депутаттар қатысқан. Қазір бұл жер оқушылардың рухани дамуына ықпал ететін, елсүйермендік сезімді қалыптастыратын ордаға айналды. Музей 2011 жылы «Үздік мектеп музейі» байқауының жеңімпазы болып, 2018 жылы осындай қалалық сайыста бас жүлдені иеленді. Музейдің жұмысы баспасөзде тұрақты насихатталып тұратыны қуантады.

Технология мен инновацияның ордасы

Музейден кейінгі мектептегі саяхатымыз дәліздегі «Барлығымызға арналған STEM» атты инновациялық жобалар көрмесінде жалғасты. Бір таң қаларлығы, көрмедегі әр жобаның жанында тұрған оқушылар ашқан жаңалығын, шығармашылық шешімдерін, құрастырған құрылғыларын жиналған жұртқа ашық көрсетіп, түсіндіріп берді. Олардың арасында су соратын құрылғы, жел диірмені, электр қуатын өндіретін шағын зауыт біздің қызығушылығымызды оятты. 45 жылдық мерейтойға 8 жұмыс тобы өз инновациялық жобаларын жасап, таныстырды. Балалар шығармашылық топтық жұмыс барысында туындаған қиындықтарды қалай жеңгенін, технологиялық шешімдерді тапқан жолдарын әңгімелеп, жинаған тәжірибелерімен бөлісті. STEM жобасы мектепте 2023 жылы енгізіліп, тұрақты жұмыс істеп келеді. Заманауи жобаға 63 мұғалім мен 45 оқушы тартылған.
STEM – бұл ғылым, технология, инженерия және математика салаларын қамтитын аббревиатура. Қазіргі кезде көптеген дамыған елдерде қолданылатын бұл бағыт оқушыларды сыни ойлау қабілетіне, әртүрлі ғылыми мәселелерді шешуге дағдыландырады. Жоба енгізілген бір жылда көп жетістіктерге білікті басшы Сәуле Мыңшалқызының ерік-жігері, ынта-ықыласының арқасында қол жеткізілгені көрмеден айқын аңғарылып тұрды.

Мектеп басшысы микрофонды өз қолына алып, әр жобаны тәптіштеп түсіндірді. Мектептің миссиясындағы өзін-өзі дамыта алатын, өз бойындағы шығармашылық қасиетін іске асыратын бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу деген мұратқа жетуде мұндай жобалардың атқаратын рөлі айрықша. Жуырда Т.Айбергенов мектебінде Сәуле Әзімханованың бастамасымен STEM жобаларына арналған қалалық семинар өтті. Жиында басқа мектептердің өкілдері өз озық тәжірибесімен бөлісіп, STEM-зертханалардың маңыздылығы туралы сөз қозғады. Семинарда мықты педагогтер мен ғылыми қызметкерлер оқушыларды 21 ғасырдың дағдылары – сыни ойлауға, жаңашылдыққа, көпшілдікке, мәселені бірлесіп шешуге үйрететінін атап айтты.

«Мектебімізде тұрақты түрде инновациялық жобалар іске асырылады. Мысалы, Cisco, Жас сарбаз, Digital matematika, «Барлығымызға арналған STEM», робототехника, гидропоника және аэропоника, «Жасыл әлем» жобасы, «Төңкерілген сынып», Lesson study сияқты жобалар оқушыны шығармашылық қабілетін жетілдіруге, іскерлік дағдысын қалыптастыруға, білім игеру машықтарын дамытуға жұмылдырады» дейді Сәуле Мыңшалқызы.

Сондай-ақ мектепте қыздарға арналған заманауи жабдықталған технология кабинеті ашылды. «Көркем еңбек кабинеті» деп аталатын бұл бөлмеде технологиялық жабдықтардың барлығы бар. Мысалы, қыздарға арналған кабинетте: интерактивті тақта, тігін машиналары, кесіп-пішу столы, өрнектеп тігу машинасы, ас жабдығына арналған құралдар, ыдыстар, жиһаздар және т.б. бар. Ал ұлдарға арналған кабинет интерактивті тақта, ағаш кесу, темірмен жұмыс, қию, оюға арналған еңбек құралдарымен жабдықталған.

Димаштың атындағы кабинет және «Жасыл аймақ»

Мерекелік саяхатымыз одан әрі «Жасыл аймақ» алаңында жалғасты. Мектепке кіріп келе жатқанда гүл бағына тап болғандай сезімді бастан кешіресің. Дәліздер де, жаңадан жабдықталған кабинеттер де, мерекеге безендірілген акті залындағы сахна да әсем гүлдермен көмкерілген. Гүл өсіру мен тал егуге бұл жерде ерекше көңіл бөлінетінін бірден байқайсың. Бұған «Жасыл әлем» атты мектепішілік экологиялық жобасының қосар үлесі зор. Айтпақшы, сол күні мерейтойға жиналған мәртебелі меймандар «Жасыл аймақ» алаңын аралап қана қоймай, игілікті іс тындырды. Алдын-ала дайындалған әдемі гүлдерді әртүрлі құтыларда тұрған тыңайтқыштармен бірге егіп, мәз-мәйрам болды.

Одан кейін қаумалаған жұртпен бірге Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің есімі берілген музыка кабинетінің ашылуына куә болдық. Еңселі де кең бөлмеге жөндеу жүргізіліп, толық жабдықталған. Қабырғада Димаштың үлкен суреті, балалық шағындағы сәулелі сәттері бейнеленген картиналар ілінген. Бір қабырғада музыкалық аспаптар қаз-қатар тізіліп тұр.

Салтанатты рәсімге Димаштың әжесі Миуа Низамутдинова, анасы Света Айтбаева және әлемге әйгілі әншінің Франция, Польшадан келген жанкүйерлері, Төлеген Айбергеновтің қыздары, мерекенің ең қадірлі қонақтары – Салтанат, Махаббат және Айнар Айбергеновалар, Мәжілістің бұрынғы депутаты Мәди Артығалиев, Астанадағы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, білім беру ісінің ардагерлері – Әсима Бимендина мен Жамал Қасымбек, белгілі ұстаз Оспан Сүлейменұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, журналист Гүлшат Сапарқызы және өзге де меймандар қатысты. Димаштың әжесі Миуа апа қазақы дәстүрмен шашу шашып, кабинеттің лентасын қиды. Оқушыларға Төлегендей ақын, Димаштай әнші болыңдар, ең бастысы осы мектептің шәкірті немесе түлегі деген атқа лайықты болыңдар деп ақ батасын берді. Одан кейін Димаштың анасы Света Айтбаева сөз кезегін алып, мектеп ұстаздары мен жиналған жұртты қуанышты күнмен құттықтады.

«Қымбатты Сәуле Мыңшалқызы!

Қымбатты мектеп ұстаздары мен оқушылары!

Баршаңызды киелі білім шаңырағының қайта түлеп, жарқырап ашылуымен құттықтаймын! Төлеген мектебінің шәкірттері осал болмауға тиіс. Бұл жерден қазақтың атын әлемге шығаратын талантты ұл-қыздарымыздың шығатынына сенім мол. Өнерпаз боламын деген балалардың қадамы құтты болсын! Димаштың атындағы кабинетке келіп қуанып тұрмыз. Бұл кабинет енді біздің назарымызда болады. Мүмкіндік болса, жиі-жиі келіп, музыка пәнінің мұғалімі ретінде сабақ өткізіп тұруға тырысамыз. Осындай қуанышқа құр қол келмейін деп көп ойланып, ырымдап мына қолымдағы екі картинаны алып келдім. Біріншісі – Әміре Қашаубаев ағамыздың портреті. Әміре ағамыз Парижде ән салып, қазақтың үнін, дәстүрін күллі әлемге паш еткен әнші. Сіздерге де Әміредей әншінің жолын, бағын берсін деп ырымдадым. Екіншісі – 2019 жылы Будапеште өткен Димаштың концертінен кейін Ольга Жадок деген кісі салып, сыйлыққа ұсынған картина. Бұл өнер туындылары Сіздерді биікке ұмтылуға, қабілет-дарындарыңызды көрсетуге мотивация болсын деп тілеймін! Осы кабинетте білім алып, қазақтың атын әлемге танытатын өнерлі ұл-қыздарымыз көп болсын!» деді С. Айтбаева.

Төлеген туралы драма керек

«Мектебім – шамшырағым!» атты мәдениет пен өнердің тойы акті залындағы мерекелік концертке ұласты. Концерттің алдында мектеп басшысы Сәуле Әзімханова құттықтау сөз сөйлеп, мерейлі күні ат басын бұрған барлық қонақтарға, 45 жылдыққа ат салысқан ұстаздар мен оқушыларға ағынан жарылып, алғысын айтты. Одан кейін сөз тізгінін ұстаған асылдың сынығы, тектінің тұяғы Махаббат және Айнар Айбергеновалар мерекелік көңіл-күйлерімен, екі күнде ойға түйгендерімен бөлісіп, тебірене сөйледі. Айнар Айбергенова әдеттегідей шабыттанып әкесінің жырын оқыды.

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы мен қазақтың өнерін насихаттап жүрген тамаша әнші Ержан Максим әннен шашу шашты. Музыкалық жас көрермен театрының басшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Төлеген ақынның жырларын барлық буынның сүйіспеншілікпен оқып, рухани азығына айналдырғанын атап айтты. Ол алдағы уақытта Төлеген Айбергенов туралы драмалық шығарма жазып, оны театр сахнасынан көрерменге ұсынамын деген ниетін жеткізді. Сондай-ақ көрермендер музыкалық жас көрермен театры әртістерінің, М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайының «Бәйтерек» ән-би ансамблінің, «Алтынай» халық ансамблінің, белгілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кентау Назарбектің «Ұстаздың ғана қолында» атты әнін шырқаған «Айналайын» балалар хорының, №30 мектеп-гимназиясының дарынды оқушыларынан құрылған «TӘG» триосының өнеріне қошаметпен қол соқты. Керемет кештің соңында Төлеген Айбергенов мектебінің ұстаздары мен оқушыларының орындауында білім ұясының әнұраны ақынның «Атамекен» әнін әуелетіп, елорданың аспанын ән мен күйге бөледі.

P.S. Мектептегі мерейлі күнге Польшадан арнайы келген Роза Мизанбай 45 жылдыққа орай 45 оқушыға Еуропаның жоғары оқу орындарына түсуге көмек көрсететінін, қаржылық шығындарды толық өз мойнына алатынын айтты. Сондай-ақ, Т.Айбергенов мектебіндегі ең үздік шығарма жазған балаларға 5 адам 45 мың теңгеден тұрақты сыйақы тағайындады.

Төлен ТІЛЕУБАЙ,

журналист-публицист,

«Төлеген Айбергеновке 80 жыл» естелік медалінің иегері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: