Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таза қала – таза қоғамның айнасы

24.10.2024, 11:20 950

Қызылорда қаласы бүгінгі таңда тек өз аймағында емес, ел көлемінде де тазалық мәдениетінің үлгісіне айналып отыр. Қала көшелерінің жинақылығы, аулалардың абаттандырылуы, қоғамдық орындардың таза әрі жайлы болуы – мұның бәрі қызыл­ордалықтардың күнделікті тұрмысындағы қалыпты құбылысқа айналған. Бұл өңірдің «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қаты­суы мен көркейіп, жаңарып келе жатқан бейнесі сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, биыл Қызылорда өңірлер арасында «Таза қала» атағына ие болды. Қала тұрғындарының мәдениеті мен ұйым­шылдығы осы абыройға жеткізді десек, қателес­пейміз.

Осы жылдар ішінде қала тек ішкі абаттандыру жұмыстарымен ғана емес, кеңейіп келе жатқан инфрақұрылымымен де ерекшеленді. Жаңа мөлтек аудандар мен саябақтар, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, Қызылорда бүгінде келбеті көз сүйсінтер шаһарға айналды. Тұрғындардың өз бас­тамаларымен көгалдандыруға қатысып, қаланың абаттануын қолға алуының өзі – облыс орталығының гүлденуіне үлкен бас­тама. Мәселен, 85 жастағы Бектай Сүлейменовтің 2 миллион түп ағаш егіп, оларды күтіп-баптауы – құрметке  лайық  қызмет.

Қала аумағын таза ұстау және санитарлық қызметтерді үйлестіруде «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесінің рөлі ерекше. Бұл мекеменің әр қызметкері күн сайын қаланың әрбір көшесін, алаңын, қоғамдық орнын жинақылықта ұстау үшін еңбек етеді. Тазалық тек жұмыс емес, жауапкершілікті қажет ететін қызмет екенін ескерсек, мекеме қызметкерлерінің еңбегі лайықты марапатқа ие болуға тұрарлық. Енді әңгімені осы мекеменің  қызметіне  бағыттайық.

Бұл кәсіпорын 2022 жылдың 30 қарашасында қалалық әкімдіктің «Қалалық коммуналдық заңды тұлғалардың кейбір мәселелері туралы» №1367 санды қаулысының негізінде қайта ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде, «Қызылорда су жүйесі» коммуналдық кәсіпорнынан бөлініп шыққан бұл мекеме өткен жылдың 26 қаңтарынан бастап дербес кәсіпорын ретінде өз қызметін  бастады.

Апта басында шаруашылық жүр­гізу құқығындағы «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, басшы орынбасарымен сөйлесудің сәті түсті. Алдымен тазалық туралы тәрбие­лік мәні бар әңгімеден бастап, мекеменің құрылу тарихы, қызметтік құрамы, техникалық  базасы  туралы  тілдестік.

«АДАМЗАТ  ТАЗАЛЫҚТЫ  ЖАҚСЫ  КӨРЕДІ»

– Тазалық деген ұғым бірінші орында тұру керек. Қай саланы алып қарасаң да, адам жанының тазалығы, тұрып жатқан ортаның тазалығы маңызды рөл атқарады. Таза нәрсе де адам жанын тартып тұрады, бұл адамзаттың тазалықты жақсы көретінін білдіреді. Дегенмен, бүгінде осы нәрсеге немқұрайды қарайтындар бар. Біз тазалық сақтауды міндет еткен мекеме ретінде, осы дүние­лерді әрдайым санада сақтап, ой елегінде таразылап жүреміз. Жалпы, тазалық мәселесінде көп нәрсе айтуға болады. Бұл – отбасынан қалыптасатын тақырып. Одан кейін қоғам, сосын барып мемлекет деңгейінде көтерілетін дүние ретінде қарастыруға болады. Себе­бі, таза қала, таза көше – жайлы өмір мен сапалы, саламатты өмірдің бастауы, – деді меке­ме басшысының  орынбасары Ғабит Оспанов.

Әңгіме барысында Ғабит Манапұлы тазалықтың тек сыртқы көрініс емес, ішкі мәдениет пен тәрбие деңгейінің көрсеткіші екенін ерекше атап  өтті.

– Тазалық – жай ғана әдет емес, бұл адам өміріне тәртіп әкелетін қағида. Жеке адам өз үйі­нен бастап айналасын таза ұстаса, осыдан үлкен қоғамға тарайтын мәдениет қалыптасады. Қай кезде де тазалықты сақтау тек коммуналдық қызмет­керлердің жұмысы деп қабылдамау керек. Әр азамат айналасын таза ұстауды өзінің міндеті деп білсе, ортақ нәтижеге қол жеткіземіз. Бұл – біздің ұрпақтарымызға үлгі болатын құндылық. Мектепте оқушыны, үйде балақайларды осы тазалыққа баулу қажет, – дейді  ол.

Оның айтуынша, қоғам тазалық мәдениетіне бейімделгенде ғана қала толыққанды дамып, адамдар өзін жайлы сезіне бастайды. Қаладағы таза көшелер мен әдемі саябақтардың ар жағында әрбір тұрғынның жауапкершілігі жатыр. Ол мұндай істердің тек әкімшілік талаптармен ғана шектелмей, адамдардың ішкі жан дүниесінен шығуы қажет  екенін  түсіндірді.

–       Жалпы, «Қызылорда тазалығы» туралы ел білуі тиіс дүниелер бар. Қазірде есігімізді қағып, агрессивті құлық танытып келетін тұрғындар таза­лыққа қатысты кей дүниенің біздің құзырымызға кірмейтінін білмей жатады. Оларға әрдайым түсіндіріп, тазалық  тек  мемлекет   меншігіндегі  дүние емес екенін еске саламыз. Қала тазалығы –  мекеменің басты мақсаты. Дегенмен, мекеме мына бағыттар бойынша жұмыс істейді. Біріншіден, қала көшелерінің санитарлық тазалығын жақсарту – басты міндеттеріміздің бірі. Қала аумағында тазалықты үнемі сақтап, тұрғындарға жайлы орта  қалыптастыруға  тырысамыз.

Екіншіден, көшелерді жинау және таза ұстау жұмыстары күнделікті атқарылады. Бұл жұмыс­тар қатарына қоқыстарды сыпырып-жинау, шөп ору, су себу сынды шаралар кіреді. Қыс мезгілінде қар мен мұздан тазарту да – қызметіміздің маңыз­ды бөлігі. Мекеме қызметкерлері бұл жұмыстарды тиянақ­ты  әрі  уақытылы  орындауға  тырысады.

Үшіншіден, жеке және көпқабатты үйлерден тұрмыс­тық қатты қалдықтарды жинау да міндетімізге кіреді. Бірақ сол қоқысқа арналған кон­тейнерді орнату біз реттейтін мәселе емес. Ол арнайы экология министрлігі бекіткен заңда да көрсетілмеген. Егер жер үй тұрғындарына арналған қоқыс контейнерін орнату заң аясында бізге жүктелсе, оны біз міндетті  түрде орындайтын едік. Біз тұрғындардың қалдықтарды ретімен шығарып, аулаларды таза ұстауына көмектесіп, үйлердің айнала­сындағы тазалық деңгейін көтеруге назар аударамыз. Жұмысымыздың түпкі мақсаты – қала тұрғындарына таза, жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыру. Тазалық мәдениетін тек мекеме ғана емес, әрбір тұрғын өз санасында қалыптастырып, қолдау көрсетсе, қаламыз одан әрі көркейе түседі, – деді  Ғ.Оспанов.

Тілдесу кезінде Ғабит Манапұлы табиғат пен қоршаған ортаны сақтау тақырыбына ерекше  мән  берді.

– Әр  ағаштың, әр гүлдің қалаға әкелетін пайда­сы мол. Олар ауаны тазартып қана қоймай, жан дүниемізге әсер етеді. Бүгінгі күні ең маңызды дүние – адамдардың қоршаған ортаға жанашырлық танытуы. Мекеме ретінде тек тазалықпен шектеліп қоймай­мыз, ағаш отырғызу мен көгалдан­дыру жұмыст­арына үлес қосамыз. Жыл сайын көктем мезгілінде мекеме аумағын, қаланы көгалдандыру науқанына атсалысып тұрамыз. Өйткені бұл – бола­шақ ұрпаққа қалдыратын аманат. Ал одан өзге тазалық­қа ден  қою  да – өз  кезегінде ойда тұратын іс, – деді  ол.

Оспановтың ойынша, қаладағы тазалық деңгейін сақтау үшін тұрғындар мен мекемелер арасындағы байланыс үзілмеуі тиіс. Қазіргі уақытта «Қызылорда тазалығы» мекемесі тек тазалау жұмыс­тарын жүргізіп қана қоймай, экологиялық акциялардың артуына үлес қосып келеді. «Таза қала»  атағына ие болу – тек бір мекеменің еңбегі емес, бүкіл қоғамның жеңісі. Әрбір адам осы жауап­кершілікті сезініп, айналасына қамқорлық­пен  қараса, ортақ  игілікке  қол  жеткізуге  болады.

– Тазалық жұмысы ешқашан тоқтамайды. Әр күн сайын жаңадан басталып, қайта жалғасады. Мәселен, бізде таңғы сағат 5:00-ден қала көшелерін тазалау науқаны басталады. Қызметкерлеріміз қолындағы техникаларымен күнделікті жұмысын атқарып, қаланы көркейтуге үлесін қосып  жүр. Мұндай  еңбекті көпшілік байқамайтын шығар, бірақ осының арқасында қаламыз таза әрі жайлы болып отыр, – деді мекеме басшысының  орын­басары.

«ҚЫЗЫЛОРДА  ТАЗАЛЫҒЫН»  ҚАМТЫҒАН  ҚҰРАМ

Шынын айтқанда, қаланың әр шетінде әр­дайым тазалық жұмысын істеп жүрген қызмет­керлерді көзіміз шалады. Содан, басшы орын­басарынан мекеменің қызметтік құрамы туралы сұрап, тазалықшылардың  табысын  да  білдік.

– Бүгінде мекемеде жұмысқа барынша белсен­ді қызметкерлер құрамы жұмылдырылған. Жалпы, мекеме­нің штаттық саны 490 адамды құрайды, оның  ішінде  444 қызметкер нақты жұмыс істеп жатыр. Әр бөлімнің өзіне тән міндеттері бар және әрбір қызметкердің еңбегі  қаламыздың тазалығы мен тәртібін сақтауда маңызды рөл атқарады. Санитар­лық тазалау секторы – басты күшіміз. Мұнда 173 қызметкер еңбек етіп, қала аумағын тазалық­та ұстау үшін күнделікті қызмет атқарады. Олардың қатарында 12 шебер мен 69 учаске басшысы бар, олар әр аумақтағы жұмыстарды үйлес­тіруде маңызды рөлге ие. Сонымен қатар, меха­низация  және көлік қыз­меті бөлімінде 119 қыз­меткер жұмыс  істейді. Бұл бөлімнің қызметі өте жауапты – техникалармен көшелерді тазалау, қоқыс шығару және басқа да арнайы жұмыстарды орындайды. Мұнда 15 механи­затор, 15 вакуумдық көлік жүргізушісі және 39 авто­көлік жүргізушісі еңбек етеді. Олардың әрқайсысы­ның еңбегі қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыруды мақсатқа айналдырған. Сондай-­ақ, инспекторлық қызмет бөлімі де бар, онда 13 қыз­меткер жұмыс істейді. Бұл мамандар күнделікті жұмыстардың сапасын бақылап, тәртіпті сақтауға үлес қосады. Одан  бөлек,  әлеуметтік  қамтамасыз ету бөлімі 16 қызметкермен тұрғындарға қызмет көрсетуде белсенді жұмыс атқарып келеді. Қаланың абаттандырылуы мен инфрақұрылымын жаңарту бағытында жөндеу-құрылыс бөлімі де өз үлесін қосуда. Мұнда төрт қызметкер еңбек етіп, қала инфрақұрылымының дамуына бағытталған жобаларды іске асырады. Әрбір қызметкердің жұмысы қаламыздың тазалығы мен жайлылығы үшін маңызды. Мекемедегі әр бөлімнің бірлескен еңбегінің арқасында біз Қызыл­орданың көркеюіне, санитарлық талаптардың сақталуына және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға аянбай қызмет етуді тоқтатпаймыз, – деді  Ғабит  Манапұлы.

ҚОЛДАУ  мен  ҚОЛБАЙЛАУ

Бір өкініштісі, жас жұмыс­шылардың  үлесі айтарлықтай тө­мен. 30 жасқа дейінгі қызметкерлер тек 7,6 пайызды құрайды. Жастардың бұл салаға қызығушылық танытпайтынының басты себебі – жалақының төмендігі. Сонымен қатар, 60 жастан асқан жұмысшы­лар мекемеде жалпы қызмет­керлердің  14,52  пайызын   құрайды,  олардың   57,75 пайызы – толық зейнеткерлер. Көптеген зейнет­кер лайықты өмір сүруге зейнетақы жеткіліксіз болғандықтан қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Салада сұрау жоқ емес, бар. Жұмысшыларының тағы бір күрделі мәселесі – тұрғын үй жағдайы.  Талдау  нәтижесі  бойынша, мекеменің 30 қызметкері өз баспанасы болмағандықтан пәтер жалдап тұруда. Көпшілігі жалақының төмендігінен жеке пәтер немесе үй сатып алу мүмкіндігінен айырыл­ған. Жұмысшылардың дені 150 мың теңгеге жуық  айлық алады. Оның жартысы пәтер жалдау­ға жұмсалса, қалған бөлігі күнделікті шығындарға жетпей, өмір сүруде қиындықтарға  тап  болуда.

Жағдайды жақсарту мақсатында кәсіпорын бірнеше рет ұсыныс білдірген. Қалалық әкімдік пен мәслихатқа коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларына қолдау көрсету үшін көпқабатты тұрғын үйлерден 2-3 пәтер бөлуді ұсыну туралы баст­ама көтерілді. Бұл мәселенің шешімі жұмыс­керлерді ынталандырып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосар еді. Алайда, осы уақытқа дейін бұл ұсынысқа қатыс­ты түпкілікті шешім қабылдамағанға ұқсайды. Қала­ның тазалығы мен абаттандырылуына күн сайын үлес қосып жүрген қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау – маңызды дүние. Әкімдік пен мәслихат деңгейінде осы мәселелерге назар аударылып, нақты шешімдер қабылданса, бұл жұмысшылар­дың еңбекке деген ынтасын арттырып, қала­ның көркеюіне серпін берері сөзсіз. Қызылорда тазалығының сақталуы мен тұрақты дамуы үшін қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту  ортақ  мақсат  болуы  тиіс.

Қала тазалығын іске асыруда қызметкерлер құрамы ғана емес, техникалық базаның да алартын орны зор. Маманның айтуынша, «Қызыл­орда тазалы­ғы» мекемесінің қарамағында 160 бірлік арна­йы техника бар. Бұл техникалар қаланың санитар­лық тазалығын қамтамасыз ету, көшелерді тазарту және қоқыс шығару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Әрбір техника өзіне жүктелген мінде­тін уа­қытылы орындап, қала инфрақұрылымының дұрыс жұмыс  істеуіне  үлес  қосып  келеді.

–       Біздің парк құрамында әртүрлі мақсаттағы техникалар бар. Мысалы, 9 дана Газ-3309 және 8 КамАЗ КДМ коммуналдық жол жұмыстарын жүргізуге арнал­ған. 12 МАЗ мусоровозы мен 8 Газ-3309 қоқыс жинап, шығаруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 8 дана МТЗ-82 трак­торы қыс­та қар тазалау және көшелерді сыпыру қызметін атқарады. Қаладағы су тасқыны немесе қоқыс жина­лу мәселелеріне жедел әрекет ету  үшін 4 КамАЗ ассенизаторы мен 2 вакуумдық машина жұмысқа дайын. Сондай-ақ, қысқы мезгілде қолданылатын 5 Амкадор қар тазалаушы техникасы мен 1 автогрейдер де қорымызда бар. Бұл техникалар қала­ның қыста да жайлы болуын қамтамасыз  етеді.

Мекеме қызметі тек ауыр техникалармен шектелмейді. 28 жолаушы және қызметтік көліктер қызметкерлеріміздің күнделікті жұмыстарды уақыты­лы орындауына көмектеседі. Одан бөлек, экскаваторлар, бульдозерлер, мини жүктегіштер сынды қосымша техникалар күрделі абаттан­дыру және жол жөндеу жұмыстарына қолданылады. Техника­лық базаның тұрақты жұмыс істеуі – қала­ның тазалығы мен тұрғындардың жайлылығының кепілі. Әрбір техника мен оның операторы күн сайын жұртшылық үшін қызмет етуіне ден қоямыз, – деді Ғабит  Оспанов.

ҚАЛДЫҚТАРДЫ  БАСҚАРУ  КІМНІҢ  ҚҰЗЫРЫНДА?

Бүгінде тазалық мәселесінде тұрғындар білмейтін, білуі тиіс дүниелер бар. Оны бұған дейін мекеме қызметкерлері басылым беттерінде жария­лап келсе де, бұл жұртшылық үшін әлі де таңсық дүние болып қалып жатыр. Себебі, ақпаратқа қызығушылық төмен. Сол үшін мекеме басшысының орынбасары Ғабит Манапұлы Экология министрлігі бекіткен заңнама аясында тұрғындар білуі тиіс дүниелер төңірегінде маңызды ақпаратпен бөлісті.

–  Қалдықтарды дұрыс басқару және қоршаған ортаны қорғау үшін 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңадан күшіне енген Экологиялық Кодекс әрбір тұрғынға тікелей қатысты бірқатар маңызды талаптарды бекітті. Бұл талаптарды әр азаматтың білуі және орындауы – экологиялық қауіпсіздіктің  кепілі.

1. Қалдықтарға меншік құқығы және жауап­кершілік – Кодекстің 339-бабында көрсетілгендей, әр тұрғын  өзінен шыққан қалдықтардың толық меншік иесі болып саналады. Демек, қоқыс шығарған сәттен бастап оны заңды түрде тиісті орынға жеткізгенге  дейін  экологиялық  талаптарды сақтау – тұрғындардың тікелей жауапкершілігі. Әркім өзі өндірген қалдықтардың дұрыс жиналуына және тасымалдануына атсалысуы керек.

2. Қалдықтарды жинау және төлем тәртібі – 367-бапқа сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын орталықтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Тұрғын үйлерде тұратын азаматтар осы жүйені пайдалануы үшін жергілікті өкілді орган бекіткен тарифтерге сәйкес қызметке ақы төлеуі міндетті. Бұл – қаланың тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам.

3. Қалдықтарды қауіпсіз басқару және тасы­малдау – Әр тұрғынның қалдықтарын белгіленген орындарға дер кезінде тапсыруы маңызды. 339-бапта көрсетілгендей, қалдықтарды жинау мен тасымалдауды қауіпсіз жүзеге асыру арқылы экологиялық талаптарды орындау – әркімнің міндеті. Бұл жүйе­ге жауапсыз қарау айыппұл мен заңды шараларға әкелуі  мүмкін.

4. Қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жа­рату – Кодексте 367-бапта қалдықтарды жинап қана қоймай, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату шарттарының  да орындалуы керектігін атап өтеді. Кәсіпкерлер мен тұрғындар қалдықтарды тиімді басқару жөнінде арнайы шарттар жасасуы және  экологиялық  талаптарды  сақтауы  қажет.

Мақсатымыз – тұрғындар арасында эколо­гиялық мәдениетті қалыптастыру және әр азаматты қаланың тазалығы үшін жауапты болуға шақыру. Осы заң талаптарын орындау арқылы біз Қызылорда қаласының экологиялық жағдайын жақсартып, таза және қауіпсіз орта қалыптастыра  аламыз, – деді  ол.

Тазалық – сананың көрсеткіші, ал оны сақтап қалу – ортақ парыз. Қаланың көркеюі тек коммуналдық қызметтің емес, әр тұрғынның жауап­кершілігінен  басталады.  Қызылорда – жалғыз,   біз – көппіз. Күннің суығына, аптап  ыстығына қара­май, таң сәріден жұмысқа кірісетін таза­лықшы­лардың еңбегін елеп, олардың маңдай терін құрметтеу – көшені шашпай, қаланы таза ұстаудан көрінуі керек. Бұл – бүгінгі ғана емес, ертең­гі ұрпақ­қа да қалдырар мәдениетіміз. Өйт­кені қала тазалығы – қоғамның рухани деңгейі мен мәдение­тінің айнасы. Қызылорда қырмызыдай құлпыра түсуі  үшін осы  айтқандарды  орындау  жеткілікті.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ,

Суреттер  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: