Бүгінгі сатира
Президент еліміздегі әкімдер мен мәслихат депутаттары, сала басшылары, министрлер алдында былай деді:
– Бүгін қазақи жиын өткізгелі отырмыз. Міне, алдымда – буы бұрқырып, былбырап піскен қойдың басы. Мына бір құлағын тапсырмаларымды тапырақтап жүріп тыңдағанымен, облысқа барған соң, ұмытып кететін, құлақсыз әкімдерге бөліп беремін. Құлақсыз әкімдер кім, қол көтеріңіздер?
Ешкім қол көтермеді. Бәрінің құлақтары түгел көрінеді. Президент бір облыс әкімінін атын атап тұрып, құлақтан кесіп берді. Ол байғұс құлақты құлықсыз қылғытты.
– Халықтың мұң-мұқтажын көрсе де, көрмегендей бола қалатын, соқыр министрлер бар ма? – деп сұрады президент.
Ешкім үндеген жоқ. Бәрінің көздері жарқырып, от шашып тұрғандай. Президент екі министрдің атын атап, қойдың көздерін үлестірді. Шала қазақ министрдің бірі:
– Что за шарик? -деп қалды.
– Шарик емес, қойдың көзі, қойдың көзін жеп, көреген бол! -деді президент, – тіл мен жаққа сүйеніп, әдемі сөйлегенімен, бір ісі алға баспаған сала басшылары бар ма?
Ешкім үндеген жоқ. Президент бірнеше сала басшыларының атын атап тұрып, қойдың тілін төртке бөліп берді. Олар қойдың тілімен қоса өздерінің тілдерін байқамай шайнап, жұта алмай отырды…
– Күдіктілердің желкесіне үтік басатын құқық қорғаушыларға қойдың құйқасын беремін, – деген президент ішкі істер министріне қарасты полиция басшыларына қойдың құйқасынан үлестірді. Тіпті, «маған маңдай тұсынан кесіп беріңізші, маңдайым жарқырап жүрсін», «маған езуінен кесіп беріңіз, езуім жиылмай жүрсін» деп жағымпазданған депутаттар да болды. Президенттің қолынан құйқа жегісі келгендер қолдарын созып, өліп барады.
– Шуламаңыздар, билікке көке-жәкесінің арқасында, немесе, кездейсоқ келіп қалған мисыз шенеуніктерге, жемқорларға қойдың миын беремін, қолдарыңызды көтеріңіздер! – дегені сол, алдыңғы екі қатарда отырған шенеуніктердің бастары салбырап, үнсіз қалды. Солардың арасында мен ыржалақтап отыр едім, президент:
– Неге мәз болып отырсыз? – деп сұрады.
– Кешіріңіз, шетінен ақылды екен, «сол мидың бәрі маған қалатын болды ғой» деп мәз болып…
Бірақ, маған ми жетпей қалды. Сөйтсек, мисыздар көп екен ғой?
Мұхтар ШЕРІМ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!