Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Намыс өлмесін десек…

17.10.2024, 11:40 751

Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлеңімен таныс боларсыз. Ақын сөзін қуаттайын, шынында қазақ сондай. Ал, оның намысы екі есе өліп, екі есе тірілген. Әлі де өліп, әлі де тірілуде. Бүгін өледі, ертең қайта тұрып, айқасқа кіріседі. Түбі өлтіреді. Бірақ, айқаса түседі. Қорғауы болмағасын қазақтың намысын талайлар өлтіруде. Талайлар өлтіруге оқталып отыр. Тіріл, намыс, өлме дейтін кімің бар?!

Қазақтың намысын кім өлтіріп, кімдер өлтірмек? Заңды сұрақты өзіңізге қойып көрдіңіз бе, көзі­қарақты оқырман. Арамызда буынсыз жерге пышақ ұратындар жетіп артылады. Ығы-жығы. «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді түзету керек. Сол жауы құрғыр жұрт арасында, ел ішінде.

Қазақта  ақын  көп,    Мұқағали – жалғыз. Мұзбалақты «жүрегі мұздаған» біреу, «сор­лы еркекке» теңеген блогер намысты тағы өлтірді. Тура жүрек тұсынан мылтықсыз, оқ-дәрісіз атып тастады. Солай  өлтірді. Әлішер Теменов есімді блогер маркетинг үшін осындай қадамға барғанын, «қара пиар» үшін ақиықты «ез» етіп, құрбан қылғанын айтып, Қарасазға барып кешірім де сұрады. Өлген  намыс  содан  тірілсе,  кәнеки.

«Айта, айта Алтайды, Жамал апа қар­тайдының» кері біздікі. Айтқаннан өзгерер дәне­ңе болса, бұл турасында талай сөз қылдық. Қазақтың құндысын қорлатпау үшін заң керек дегеннен әлі де танбаймыз. Естір құлақ болса. Шын  естір  құлақ  болса:

ЛГБТ өкілдері Қожа Ахмет Яссауи­дің кесенесі үстінде жағымсыз  туын  желбіретпес  еді.

Абайдың ескерткішіне жұмыртқа лақтырылмас  еді.

Киіз үйде тыртаңдаған жартылай жалаңаштар билемейтін.

Жамбыл «туфли жалағыш», Шәм­ші «алқаш», Сәкен «сатқын», Абай «кришнаит», Мұстафа «қашқын» болмас  еді.

Жын қуғанның қолынан «одна палка, два струна» атанған домбыра сынбайтын.

Тарихымыз тілімделмейтін, тегі­міз  тілденбейтін.

Тіліміз «маймылдың шүлдіріне» телінбейтін.

Елдіктің айшығы төл теңгеміз аяққа  тапталмайтын…

Заң солқылдақ болған соң былтыр – Абай, кеше – Ыбырай, бүгін – Мұқағали… Ертең қазақтың қай нарқасқасы намыс өлтіргіштердің құрбаны болмақ?! Намыстан гөрі табысты ойлаған Әлішер сықылды тағы біреу шықпасына кім кепіл?! Міржақыпша айтқанда «үлкен аяққа тар аяқ киім» кигендей кейіп берген заң үстемдігі ит пен мысықтың  қазақтың  құндылығынан «құрметті»  болғаны  ма?

Жалпы, мұндай керікеткендіктерге заң жоқ емес, бар. ҚР Әкімшілік кодексі бойынша ұсақ құқықбұзушылық, тәртіпсіздік ретінде қарастырылады. Әдетте әлемдік тәжірибеге көп сүйенетін атқамінерлердің құлағына алтын сырға: Түркияның Қылмыстық кодексіндегі 301-бапта «Түркияны, түрік халқын және түрік үкіметінің құрылымдарын қорлауға болмайды» делінген. Мемлекеттің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік те заңмен қорғалған. Қоңсы жатқан Қырғыз мемлекетінде 2016 жылы Жоғарғы Кеңесі ақ қалпағын ұлықтайтын заң бекітті. 2019 жылдың 5 наурызынан бастап «Ақ қалпақ» күнін атап өтеді. 2011 жылдан бейресми тойланып келген мереке заңдық тұғырына орнықты. Енді «Ұлттық баскиім Ақ қалпаққа мәдениет символы мәртебесін беру туралы» Заңға сәйкес баскиімді қорлағандарға Заңбұзушылық туралы кодекстің 65-бабымен І дәрежелі айыппұл салынады. Ал, бізде ше, Жәнібек пен Керейден бастап Кенесарыға дейін, домбырадан бастап көк байрағымызға дейін қорлай салуға ниеттілер көп. Себебі, кешірім сұрайды, жеңіл жазамен құтылып, тып-тыныш өмірін сүре береді.

Ұлттық құндылық – сол ұлттың жаны, қаны, тәні, намысы, ары, айбыны. Тәніңіздің бір бөлігі саусақ ұшына тікен не шөңге кірсе, кеуде тұсыңдағы жүректің өзі дір етеді. Тілінің тікені емес, бізі барлар ұлттық құндылықтарды қорлау арқылы тұтас қоғамның жүрегін тітіркендіріп қана қойған жоқ, намысымызды аяққа таптады. Өлтірді. Ол қайта тіріледі. Өйткені, намысымыз да өзіміз сықылды «сан мың өліп, сан мың мәрте тірілген». Мұнан кейін қазақтың намысы тапталмас үшін, бастысы, өлмес үшін ұлттық құндылықты қорғайтын заң қабылдануы тиіс!

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист

Коллаж egemen.kz сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: