Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мынау кімдікі? Құлқынбаевтікі!

14.10.2024, 16:10 96

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

Шетел саяхатшыларын арнайы көлікпен, қаланың көрікті жерлерін аралату, таныстыру маған бұйырды.

– Мынау кімдікі? – деп сұрады жапон саяхатшысы.

Тілмаш қыз аударған соң:

– Мыжбан Құлқынбаевтікі, – дедім мен бес қабатты кеңес заманынан қалған қонақүйді саусағыммен нұсқап.

– Мынау кімдікі?

– Орталық саябақ па? Құлқынбаевтікі.

– Мынау кімдікі?

– Т.Құлқынбаевтікі.

– Т. деген кім?

– Тыжбан Құлқынбаев, Мыжбан Құлқынбаевтің інісі.

– Мынау кімдікі? -деп сұрады қытай саяхатшысы.

– Туннель ме? Құлқынбаевтардікі. Көліктер туннелден ақша төлеп өтеді.

– Мынау кімдікі?

– Нан зауыты ма? Жегішбаевтікі.

– Анау ше?

– Қант зауыты ма? Жегішбаевтікі.

– Мынау ше?

– Ет комбинаты ма? Жегішбаевтікі.

– Анау ше?

– Бұрынғы қалалық емхана ма? Жегішбаева жекешелендіріп алған.

– Ол кім?

– Жегішбаевтың алғашқы әйелі.

– Анау ше?

– Мешкей Тоймасовтікі.

– Мынау ше?

– Тоймасовтікі.

– Анау?

– Құлқынбаевтікі.

– Ол кім болып істеген?

– Қала әкімі болған.

– Жегішбаев ше?

– Қала әкімі болған.

– Тоймасов ше?

– Облыс әкімі болған.

– Сіздерде кәсіпкер болу үшін, алдымен әкім болу керек екен ғой? – деді қытай саяхатшысы.

– Біздің елде олигархтар алдымен ақымақ, лауазымдардан өткеннен кейін «ақылды» болып кетеді, – дедім мен.

Аудармашыға «қолдан келіп тұрғанда, қонышынан басады» деген сөзді аударып көрші?» деп өтіндім. Ол қиналды. Болмаған соң, туфлиімді шешіп алып, қайта кигенде, қонышынан басып, талтаңдай жүрдім. Олар түк түсінбеді, тек «анау кімдікі, мінау кімдікі?» деп сұраумен болды, аудармашы қыз ұялып, іштей жылаумен болды…

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: