«Қала күні» мерекесі аясында өткен «Алтын күз» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде дәстүрлі «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Шаһарды жасыл-желекке айналдыру бағытындағы жұмыстарға өз үлестерін аянбай қосып келе жатқан қала тұрғындарын ынталандыруды мақсат еткен бұл байқау 2018 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.
Аталған байқаудың жеңімпаздарына қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамуратов қала әкімінің дипломын және қаржылай сыйақыларын табыстады.
Биыл жетінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауына қатысуға 13 аула өтінім білдірді. Байқау үздіктерінің ішінен көпқабатты тұрғын үйдің барлық ауласын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлген «Сырдария» мөлтек ауданы, №4а үй тұрғыны Марат Төлепбаевтың ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды. ІІ орынды 10 жылдан астам уақыт көше бетті көгалдандырумен айналысып келе жатқан Сайыпназар Ахун көшесі, №7 үй тұрғыны Бирлик Рахметов иемденсе, ал ІІІ орын – «Ақмешіт» мөлтек ауданы, №30 үй тұрғыны Болат Сарсаевқа бұйырды.
«Бірлігі жарасқан аула» номинациясымен «Титов» шағын ауданы, №28 үй тұрғыны Сауранкүл Ағыбаева, «Еңбекқор бағбан» номинациясымен «Астана-2» мөлтек ауданы, №50А үй тұрғыны Серік Ерімбетов және «Әсем аула» номинациясымен «Ақмешіт» мөлтек ауданы, №7 үй тұрғыны Мөлдір Есмахан марапатталды.
Іс-шара барысында Қызылорда қаласының тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, қала әкімінің «Алғысы» мен қаржылай сыйақылары табысталды.
Айта кету керек, жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула – 2024» тақтайшасы орнатылды. Көпқабатты тұрғын үй ауласын өз еңбектерімен жасыл-желекке айналдырып, сүйікті қаламыздың көгалдануына белсенді үлесін қосып жүрген барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!