Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаяу жүру – жаттығудың асылы

10.10.2024, 11:20 326

Айналамызға зер салып қарасақ, жаяу жүргіншілерді сирек кездестіретін болдық. Сейіл құрып серуендеушілер де аз. Есесіне ары-бері ағылған көлік түрі көбейді. Ресми дерекке зер салсақ, әлемде аз қозғалып, артық салмақ қосудан дерт жамап алғандар саны жылдан-жылға артқанын байқаймыз. Адамдардың арасында қозғалысы кем жұмыс істеу дағдысының көбеюі түрлі дерттің өршуіне әкеледі екен. Біз осы тақырыпты тарқатып, жауапты мамандармен пікір алмасқан едік.

«ШОПЫР  КҮТІП  ҚАЛМАСЫН»

Қазіргі қоғамда егде жастағы адамдарды сөз етпегенде, бесіктен белі шықпаған көкөрімдердің өзі таяқ тастам жерге жаяу жүруге ерінеді. Балалардың қимыл-қозғалысы аз бол­ғандықтан, әртүрлі сырқатқа бейімдігі алаңдатып тұр. Өз басым балаларға жайлы болсын деп мектеп маңынан үй салғанымыз­ды қайтейін, жүз қадам жүрместен көлікпен апар деп табандап тұрып алады. Елдің бәрі осы күйді кешіп жатқан секілді. Мектепке жаяу келе­тін бала некен-саяқ. Бәйек болған ата-­ана баласының бетіне жел тигізуге жоқ. Осыны байқап, ойымдағыны сынып жетекшіге айтып едім, миығынан күлді. «Бұрынғыны несін көксейміз. Заманмен бірге даму керек» демесі бар ма… Сыныптың ата-аналар чатында «апай, қызымды 15 минут бұрын босатыңызшы сабақ­тан, шопыр келіп тұр. Үлкен кісі ғой, көп күтіп қалмасын» деп жазыпты біреу. Ал бұған не дейсіз?

Апыр-ай деймін, бұлар бала болып, қатар жүріп ойнап-күліп мектепке бірге келмесе, бірге қайтпаса, несі қызық? Біз де бала болдық. Күнде қаншама шақырым жаяу жүріп, мектепке бардық. Жолай ойын ойнап, қызыққа бата­тын сәттерімізді сағынамыз. Ал, бұлар кейін нені еске алады екен деп қамығамыз. Баланы көлікпен тасудың екінші жағы да бар. Оқушы әлеуметтік жағынан екіге жарылып жатады. Қараңыз, әлемжеліде мына көрініс көңілді нілдей бұзды. Бейнекөріністе бастауыш сынып оқитын бір қыз әкесіне «Әкешім, сенің жаман көлігіңмен бармаймын, мені Асылайдың әкесінікіндей көлікпен апаршы, әйтпесе сыныптастарымның алдында абыройым түсіп қалады»  деп  жыламсырады. Ал, әкесі жауап тауып  айта  алмады.

ЖАЯУ  ЖҮРІП,  ЖҮЗ  ЖАСАҒАН

Әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген адам Ли Цинъюнъ 256 жас жасаған. Ал 209 жасқа келген Ұлыбританияның тұрғыны 12 патшалықты басынан өткізген. Мұндай дерек өзіміздің елде де кездеседі. Екі, тіпті үш ғасырдың куәгері болған қарт адамдар бар. Өңірдегі ұзақ жасаушының бірі, 97 жастағы Нұрила Бақбергенқызының айтары бар. Қарт ана осынша жасқа келуінің құпиясын таза ауада көп болуы­мен және жаяу жүрумен байланыстырады. Күніне 4-5 шақырым жаяу жүретін әжеміз денсаулығына да шағымдана бермейді екен. Жаяу жүрудің арқасында қарттың жүрісі тың, қимылы ширақ, бойын  сергек  ұстайды.

– Таңертең  ерте тұруға қалыптас­қанмын. Қартайғанда адам ұйқышыл келеді дейді. Бірақ,  бұл сөзбен келіспеймін. Күніне 7-8 сағаттық ұйқы жеткілікті. Қалған уақытта таза ауада жүргенді ұнатамын. Ауыл арасына жаяу жүремін. Мені көріп жаныма көлікпен тоқтап, баратын жеріме жеткізіп тастайық дейтіндер көп. Бірақ, көбіне көлікке мінбеймін, рақметімді айтып, жаяу жүре беремін. Жаяу жүру – спорт. Қазір жасым жүзге жақындады. Сондықтан, қимыл-қозғалыстың көзі жаяу жүру деп есептеймін. Буындарымызға да пайдалы, тыныс алу жолын реттейді. Аса бір алып бара жатқан ауру болмаса, дәрі-дәрмек ішпеймін. Дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстанамын. Қазір жастар көбіне кеңседе отырып жұмыс істегісі келеді. Таңның атысынан кешке дейін бір орнында тапжылмай отырудан жалықпайды. Ал, бұл өз кезегінде  денсаулығына зиян екенін түсіне бермейді. Жалпы, жасты да, кәріні де жаяу жүруге шақырамын, – дейді  ол.

МАМАН  КЕҢЕСІ

Өз ауданымыздағы ахуалға келсек, 20-45 жас аралығындағы 78 пайыз тұрғында артық салмақ басым. Содан болар, кентте 18 фитнес клуб, ауыл-аймақта спорт секциялары көптеп ашылуда. Соның бірі кент орталығында орналас­қан «Aіjana» фитнес клубында салмақ қуған қыз-келіншектер арасында мектеп жасын­дағы жасөрендер де бар. Орталықтың жаттықтырушысы Назгүл Мейіржан біз мән бере  бермейтін  мәселені  тарқатты.

– Ашылғанына алты ай болмай-ақ, клуб аума­ғын кеңейтуге тура келді. Басында 10 адам қабылдайтынмын,  қазір 50-ге жетті. Бәрі де артық  салмақпен күресуде. Кейбірі өз салмағынан 3 есе арттырып алған. Бұл қан айна­лымды бұзып қана қоймай, ішкі организмнің ырғағын тежейді. Менің ойымша, артық салмақ денсаулыққа зиянын тигізіп қоймай, отбасы­ның шайқалуына әкеп соғуда. Шектен тыс толып кеткен келіншектерді күйеулерінің тастап кеткен жағдайларын жасыра алмаймын. Сондықтан, әр қыз-келіншек сымбатына мән бергені  жөн, – дейді  ол.

Медицина саласының мамандары күнде­лікті жеткілікті мөлшерде қозғалыстың болмауы адам ағзасына кері әсерін тигізіп, ағзаны қартаюға әкеледі дейді. Бұл – адамның өмір жасы да біршама қысқарады деген сөз. Сондай-ақ, соңғы кезде көп кездесетін жүрек-қан тамырларының ауруы да – аз қозғалыстың салдары. Ең өкініштісі, қозғала қоймайтын адамдардың дені семіздікке бейім келеді. Нәтижесінде ағзаның қызметі нашарлап, барлық жүйенің жұмысы тежеледі. Сондықтан, қандай да болсын дерттің алдын алу үшін адамдар неғұрлым жаяу жүрудің пайдасын білгені жөн. Себебі, жаяу жүру – нағыз табиғи жаттығу, адам өмірін ұзартатын таптырмас ем. Күнделікті кем дегенде 30 минут жаяу жүрсе, денсаулыққа пайдалы екендігін сезінеді. Әсіресе, артық салмақтан арылғысы келетіндер жаяу жүруді дағдыға айналдыруы керек. Ең бас­тысы, жаяу жүру арқылы артық калориядан арылудың тиімділігі зор. Сонымен бірге егде кісілерге жүгіру  қиын  соғатындықтан,  жаяу  жүру спортымен шұғылдануды әдетке айналдырса, тәбеті де ашылып, қан айналымы жақсара түседі. Ғалымдар жаяу жүрудің орасан зор пайдасы туралы мыңдаған жыл бұрын дәлел­деген. Медици­наның атасы Гиппократтың «Жаяу жүру – адам үшін ең бірінші медициналық көмек» деп айтуында  үлкен мән бар. Біріншіден, зерттеулер көрсеткендей, күнделікті жаяу жүру бір ғана жүрек қан-тамыр ауруын 31 па­йыз­ға  азайтады. Екіншіден, көп қозғалмайтын адамға қарағанда жаяу жүретін адамдардың өмір сүруі 32 пайызға артқан. Мәселен, күнделікті  2 шақырым жаяу жүретін болсаңыз, өміріңіз 22 пайызға ұзаратыны дәлелденген. Үшіншіден, жүргізілген тәжірибе қорытын­дысында  науқас  адамның  өзінде  апта сайын 3 рет 30 минуттан жаяу  жүрсе, жүрек ауруынан туындайтын  өлім 26 па­йызға, басқа аурулардан  келетін  өлім 20  пайызға  азайған.

– Жаяу жүрудің адам өмірін ұзарту мен жүрек ауруын азайтатын қасиетінен бөлек адамның  ағзасына  көптеген  пайдасын  тигізеді. Атап  айтқанда, қант  диабеті, депрессия, ішектің  қатерлі ісігі, семіздік, буын аурулары, ақыл-есі  кем  болу секілді  аурудың  жолын кеседі. Қазір әлемде  ғана емес елімізде де осы ауру­ға шалдыққандар  саны  артып келеді. Әсіресе, бала­лар  арасында  семіздіктің  көбеюі  дабыл қағарлық жағдай. Көптеген фасфудтарға тәуел­ді болған жас  ағза емі ұзаққа созылатын ауру түрлеріне  әкелуде. Ал, артық салмақпен күресудің жолы жаяу  жүруде  екенін айтқым келеді. Жасы үлкей­ген әйел адамдардың арасында аяқ, тізе аурула­рының  көбеюі де – аз қозғалыстың сал­дары. Сондықтан неғұрлым көбірек қозғалыс болса, адамның дені сау болады. Жалпы, жаяу жүру – мың бір дертке дауа болатын табиғи ем, – дейді  дәрігер-терапевт  Ғалия  Кади­рова.

Кейбір адам жаяу жүруден гөрі жүгірудің пайдасы неғұрлым көп екенін алға тартуы мүмкін. Осы ретте мамандар тарапынан жаяу жүрудің артықшылығы туралы айтылған пікіріне  құлақ  түрейік.

– Жүгіру мен  жаяу  жүрудің айырмашы­лығы жылдамдықта ғана емес. Жаяу жүрген кісінің кем дегенде  бір  аяғы  жерде тұрады. Ал, жүгіргенде  аяқ  кезекпен  ауада қозғалады. Жылдамдық  артқан  сайын аяқ та ауада  соншалықты көп   қозғалады. Бұл  жерде   адамның  аяғы  жерге  тигенде  адамның   омырт­қасы  өз  салмағынан  3 есе  ауырлықты  көтеруге  мәжбүр. Сондықтан, жарақат алудан сақтану үшін омырт­қасы ауыра­тын  адамдарға  жүгіру денсау­лығына зиян. Жалпы, жаяу жүру кезінде жара­қат алуы 1-5 пайыз болса, жүгіруде жарақат алу 20-70 пайыз аралығында. Жаяу жүру зат алмасу проце­сін жақсартып, иммунитетіңізді көтереді. Америкалық  онкологиялық  орталық күніне 1 сағат жаяу  жүрген  әйелдердің сүт безі қатерлі  ісігіне  қарсы күресуге қауқары бар екенін айтады. Жаяу жүру үшін тек ыңғайлы аяқкиім мен ынта болса болды, – дейді аудандық  аурухана  «Жастар  денсаулығы  орталығы»  бөлімінің  дәрігері  Ербол  Бакиров.

Интернеттегі мамандар кеңесінде жаяу жүрудің  пайдасы  баспалдақпен  көтерілгеннен кем түспейтінін алға тартады. Баспалдақпен көтерілу қарапайым жаттығу жасағанмен парапар. Әр баспалдаққа көтерілген сайын адам өмірі 5 минутқа ұзарады екен. Ал, артық салмақпен күрескіңіз келсе, күн сайын баспалдақпен 30 минут жүріп өтсеңіз болды. Осылай көп калорияны жұмсау арқылы артық  салмақтан соғұрлым оңай арыласыз. Есте ұстайтын нәрсе – баспалдақпен көтерілу мен түсудің екі түрлі жаттығу екенін ұмытпаңыз. Көтерілу кезінде буыныңыз бен бұлшықет нығаяды. Өкпенің жұмысы жақсарады. Инсульт алу қаупін 30 пайызға төмендетеді. Дегенмен, екі жаттығудың да денсаулықты нығайтуға  пайдасы зор.

СИНГАПУРЛЫҚТАР  ҚАЛАЙ  ДАМЫДЫ?

Сингапур – 1965 жылы ғана тәуелсіз мемлекет атанған ел. Ал, жарты ғасырдың ішінде жемқор және кедей елден үлгілі мемлекет­ке айнала алды. Сонымен, Сингапур қай жағы­нан үлгі бола білді? Ел халқының 73 пайы­зы жаяу жүреді екен. Ватикан мен Монакодан кейін­гі қала мемлекет үштігін құраушы мемлекеттің даму тарихына зер салсақ, халқының еңбекқорлығын байқайсыз. Негізгі қаладан басқа, оның құрамына тағы 63 кішкентай арал кіреді. Олардың көбі – елсіз арал. Сондықтан болар, өз елінің тарихы мен географиясын жетік білуге баулу үшін мектеп жасындағы бала­ларына елін жаяу аралатып, тәлім бере­тін көрінеді. Сингапурдың мемлекеттік тілі малай тілі болып есептеледі. Бірақ ағылшын, қытай және тамил тілдері де ресми тіл мәртебесіне ие. Сингапур әлемнің ең кіші 20 еліне кіреді, оның аумағы – 719 шаршы шақырым. Біздің Алматы қаласының көлеміне жетпейді. Сондықтан болар, әр тұрғын елінің түкпір-түкпірін бес саусағындай анық біледі. Әрі әлеу­меттік маңызы бар үш көше ғана көлік жүруге арнал­ған. Ал, жаяу соқпақты жол­дардың 42-сіне атау берілген. Бұл елдің тұрмыстық ғұрпында басшылар әр ай сайын бүкіл көшені жаяу аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды. Міне, сингапурлықтар дамыған ел қатарына осындай артықшылығымен енгені анық. Сингапурлықтар жаяу жүретін әлемдегі ең жылдам халық ретінде Гиннестер кітабына енген. Британ­дық Кеңес жүргізген зерттеуге сүйенсек, Сингапур азаматтары орта жылдамдықпен шамамен  сағатына 6,15 шақырым жүреді.

ТҮЙІН. Жаяу жүруді ар санап жүргенімізде көп нәрсені жоғалтып келеміз. Біріншіден, денсаулықты, екіншіден, келбетімізді, үшіншіден, отбасымызды. Әлемнің дамыған елдерінде «жаяу жүру ережесінің жаттықтырушысы» секілді мамандықтарға сұраныс артқан. Он бес  минут  табиғат аясында сергіту жаттығуларын  жасатып, қыруар қаражатыңызды  қағып  алатын мамандар  легі біздің елде де  сәнге  айнала  бастады. Ал, сіз  ең  соңғы  рет қашан  жаяу  жүрдіңіз?

Мақпал  МАРҚАБАЙ,

журналист.

Жаңақорған  ауданы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: