Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жетім жүректің жарасы

29.09.2024, 11:10 220

Көзіңізден қос тамшы ыршып түсіретін тағдырлар бар. Өміріне үңілсеңіз, еріксіз еміреніп, жаныңызды сыздатады. Одан қалды, өз тағдырыңызға шүкір етіп, Жаратқанға жастана жалбарынатын жағдайға әкелуі мүмкін. Өмірде бәрі болатынына сонда көзіңіз жетіп, түйіні ауыр тіркестің сырына ұзақ бойлайсыз. Көпке қалай әсер ететінін білмеймін, өзім жуырда естіген мына әңгімеден жүзімді жас жуып, тағдырыма шүкіршілік білдірдім.

Әкем – үйінің қыздан кейінгі үлкені. Отбасында жеті бауыр боп жетілген. Барлығы дерлік елуді еңсеріп, алды жетпіске жақындаған апа-көкелерім бар. Бәрі Сыр топырағында туып, ұрпағын кеңге жайған мәуелі бәйтеректей бір ұрпақтың ата-әжесі болып отыр. Жақында тоқсанға таяған әулеттің қариясын жерледік. Кемпірі бес жыл бұрын дүние салған. Бір қызығы, бұған дейін атам мен әжемнің өміріне үңіліп, тағдыр жолын сұрамаппын. Қолымды мезгілінен кеш сермегендей болғаным енді. Жә, айтарыма көшейін.

Атамызды жер қойнына тапсырған соң, әулеттің үлкендері «жетісін» өткізгенге дейін шаңырақта болып келім-кетім адаммен көрісіп, жақсының жақсылығын айтып отырмаққа бекінген. Содан мен де ауылдағы шаруаларымды реттеп, қалаға қайтпақ болып, атамның бір әке, бір шешеден туған қарындасынан бата алып, жолға шығуды ұйғардым. Апамның алдына барғанда «атаң екеуіміздің тағдырымызды білесің бе?» деп қалды. Жымиыс жасап, басымды изегендей болдым. Бірақ, «білмеймін» деуге дауаламаған жүрек сырын сезген ол «тыңда» дей жөнелді.

«Қалилулла екеуіміз бір әке, бір шешеден туғанбыз. Ол үш жасында, мен 9 айлығымда шешеден жетім қалдық. Әкеміз ана жылулығын көрмеген тас жүрек перзент болмасын деді ме, біз оң-солымызды тани бастағанда, екінші анамызбен таныстырды. Қос қолында жетектелген қос қызы бар еді. Оларды туған бауырымыздай жақсы көрдік. Шаңырағыма шаттық әкелген ананы жылы қабылдадым. Қасына еріп келген қыздарын туған бауырымдай жақсы көрдім. Бірақ, ер адам есіктен кірсе – бар, шықса – жоқ. Сонымен әкеміз үйден шықса, ұзаққа кететін. Қанша ай әкеміздің келуін күтіп, әр көрген сайын сағынып қауышатынбыз. Ал өгей шешеміз өгейлігін істеді.

Дастарқаннан бір үзім нан алуға қолымызды әрең созатынбыз. Егер көңіліне жақпай қалсақ, сол күні ас-судан ада қалатынымыз қазір өтіріктей көрінеді. Сонда атаң екеуіміз үйдің артына барып, көз жасымызды сығып алып, қайта үйге келіп, жұмысымызға кірісеміз. Өз шешеміз болса, жетімнің күйін кешпейтін едік, амал не, әкенің таңдауы – бала үшін заң, оған қарсы келу деген ойға келмек түгілі әкемізге бір ауыз сөздің өзін зорға айтатынбыз. Әлгінде айтқанымдай, үйдің егесі табалдырықтан аттаса – бар, шықса – жоқ. Оны жылына бір екі рет көрсек, соның өзі жанымызды жадырататын, әйтпесе, әлгі өгей ананың айқайына көніп, жетімнің күнін кешкеніміз кешкен. Оның өзімен еріп келген екі бойжеткені емін-еркін жүретін. Анасына еркелеп, оның мейірімін алған сайын, ағам екеуіміз тағдырға көндік. Бақытты балалық бізге арналмағанын аңғардық.

Басқаларға ұқсап ойын ойнап, қуыршақ тербетіп, қыз күніміздің қызығын сезінбедік. Сонда Қалилулла ағам «бәрі өткінші, кейін тұрмысқа шығып, бақытты боласың, ең тамаша күндер сол кезде басталады» деуші еді жарықтық. Алланың сол сөзге назары түсті ме, әйтеуір өгей шешенің өңменіңнен өтетін сөзі мен таяқтап өсірген тағдырым үйіме қолымды сұрап келген жігіттің оқиғасымен аяқталды. Бірақ, өмір бойы есімнен кетпейтін күйбің тағдыр санамда таңба болып қалды.

Ол жігіт сол кезде мектеп директоры болды. Танысы арқылы ауылдан өзіне лайық, жақсы, білімді жар іздеп келген екен. Оны бізді танитын туысымыз менің үйіме алып келіп таныстырды. Мен мектептегі оқуымды аяқтауға жақын қалған кезім. «Тұрмысқа шықпаймын, оқимын» деген ұстанымым болды. Алғашында онымен таныстырғанда, «оқытамын, барлық қалауын жасаймын» деп үйіп-төгіп уәде берді. Ол сөзге бірден сене қойған жоқпын. Десе де, туыстарым өгей шешенің тепкісінен босап, тұрмысқа шық деп ақылын айтып, көндіруге тырысты. Егер оқытса, тұрмысқа шығатынымды айтып, келісім бердім. Ол кезде жарыма «егер оқытамын деп алдаған болсаң, кейін оқытпасаң, ештеңеге қарамай кетемін де қаламын» деп өжеттігімді білдірдім. Сол кезден өз ұстанымымда берік болдым. Оқымағандардың тағдырын көп көрген соң, ойымда тек оқу ғана болды. Сол үшін оқитынымнан танбай, күйеуімнің уәдесін алдым. Міне, жаңа шаңыраққа келдім. Көп ұзамай аяғым ауырлап, дүниеге тұңғыш қызымды әкелдім. Сонда күйеуім «енді балаң бар, оқу деуіңді доғаратын шығарсың» деп қалды. Мен болсам «өз уәдеңде тұр, сен қандай жағдай болса да оқытамын дегенсің» деп уәдесін ойына салдым. Содан кейін пойызбен Ташкент қаласына оқуға апарды. Сол жақта «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген мамандыққа оқуға түстім. Қолымда туғанына аз ғана ай өткен қызым бар, сонымен кітапханаға да бардым, оқуымды да оқыдым, оны шынымды айтсам, шетінейді деп ойладым. Соған дайын да болдым. Бірақ қазір сол қызым жетпістен асты, бір әулеттің үлкені, шаңырақтың ақ жаулықты әжесі болып отыр.

Өмір екі жанға қиын. Бірі жесірге, екіншісі жетімге. Мен – сол екеуін де көрген тағдыр иесімін. Не болса да, Жаратқаннан күдерімді үзбей, бекем болып, өзімді барынша сақтадым. «Аталатсаң аталат, боталатпа Құдайым» демей ме, өмір құрсағымнан шыққан ұлдарымды алып кетті. Бірінен соң бірінің өлімі есеңгіретіп тастаса да, жетімдікті көріп өскен жүрек өз қайраттылығын бермейтінін сездім. Алланың құлына көтере алатын ғана сынақ беретініне куә – мен. Өлшеулі өмір ешқашан бір сарынды болмайды. Жақсылық бар жерде жамандық бой көтереді. Әділдік бар жерде әділетсіздік те болады. Өмір бар жерде… қысқасы сол, атаң да, мен де бүгінгі буынның балаларындай қуыршақ ұстап, доп теуіп өспедік, тағдырларыңа риза болыңдар, Аллаға шүкір етіңдер. Мұны сол үшін айтып отырмын. Еңбекқорлар жақсы өмір жасайды. Сол жақсы өмір жалқауларды шығарады. Ал жалқаулар мәнсіз өмір алып келеді. Сол жалқаудың қата рынан болмаңдар. Айтарым – осы…».

Бұл әңгімені жалғыз естіген жоқпын. Жанымда әкем, әжемнің сіңлісі де бізбен бірге бұл әңгімеге куә болды. Жанарлары жасқа толған туғандарым «е-е-е өмір-ай…» деп күрсінді де қойды.

Е.ҚАЛИЛУЛЛА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: