Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық құрама байырғы «әніне» басты

12.09.2024, 9:30 222

Біраз күн бұрын Еуропа құрлығына кіретін мемлекеттер арасында кезекті Ұлттар лигасының маусымы бастау алды. Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасының UEFA-ға кіріп, әлем чемпионатының квалификациясында еуропалық командалармен бәсекелесіп жүргеніне көп уақыт болды. Бұған дейінгі маусымдағы аяқдопшылардың сәтті ойынының арқасында ұлттық құрама С лигасынан В лигасына көтерілген тұғын. Жанкүйерлер командамыздың дәрежесінің сәл де болсын көтеріліп, клубтық деңгейде атой салып, АПЛ-да қорғаушылардың қорқынышты түсіне айналған Эрлинд Холандтың елімізге келетініне дән риза болды. 6 қыркүйек күні Қазақстан құрамасы өз алаңында Норвегия ұлттық құрамасын қабылдады. Арада үш күн өткен соң Словенияға жол тартты.

Алғашқы ойынды жұртшылық көп күтті. Оның өзіндік себебі бар. Команда капитаны Асхат Тағыберген айтпақшы, жанкүйерлер құдды ұлттық құрамаға жанкүйер болуға емес, Холандты көруге ағылған секілді. Бұл – әзіл. Қазақстандық жанкүйерлер маңызды ойындарда құрама командаға ерекше жанкүйерлік көрсетіп, аренада ине шаншар орын қалмайтыны бәрімізге мәлім. Сәйкесінше, билет алу мәселесі де туындағаны анық. Билеттер сатылымға шыққан кезден бастап үлкен ажиотаж орнады. Артынша қолындағы билетті қымбат бағаға сатқандар да әшкереленді. Соншалықты хаос орнағанның әсерінен кей билет алған жанкүйерлер стадионға кіре алмағанына наразы болды. Оның үстіне кейбір билетсіз алаяқ жұртпен жағаласып кіріп кеткен деседі. Бұл – тек ойынға дейінгі жағдай.

Матч басталар тұстан-ақ команда ойыншылары жанкүйерлердің ыстық ықыласын сезінді. Сондай-ақ, аталған ойын жаңа бас бапкер Станислав Черчесовтың әлеуетін көрсететін сынақ болды десек, артық айтпағанымыз шығар. Бір жағынан Черчесов өзінің тәжірибесін ойында көрсетпестен бұрын БАҚ-та біраз шу туғызғаны белгілі. Оның ішінде журналист Нұрсұлтан Құрманға баспасөз конференциясында қазақша сұрақ қойғаны үшін наразы болғаны тағы бар. Бұл жолы да Черчесов спорт журналистерін күлкіге қарық қылды. «Холандты қайтып тоқтатуға болады?» деген журналиске «Холандты АК-47 автоматымен тоқтатпасқа амал жоқ» деген жауабы әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Ойын алдында Қазақстанның жеңісіне күмәнділер Көп болғаны анық байқалды. Тіпті, тең ойнай алуының екіталай екенін айтып, Холандты кезекті хет-тригімен ерте құттықтаушылардың да қарасы қалың екенін көзіміз шалды. Алайда, бұл матчта ұлттық құрама ойыншылары жеңіске жетіп, шеберлік көрсетпесе де, қорғаныста жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Сондай-ақ, Холанд, Сарлот, Нуса секілді шабуылдаушылары бар команданың тоқтаусыз шабуылдарына біршама тойтарыс бере алды. Алғашқы таймнан-ақ викингтер Шацкий қорғаған қақпаға тыным берген жоқ. Осы тұста қорғаушылардың ойынын ерекше атап өткен жөн. Нұралы Әліп бастаған қорғаушылар АПЛ-дың үздік форвардын тырп еткізбеді. Бірінші таймда Норвегия ұлттық құрамасы допты біздің футболшыларға қарағанда екі есеге көп ұстағанымен, доп ұстауда қатты қиналды. Тағыберген, Зайнутдинов секілді орталық жартылай қорғаушылар ұзақ прессинг жасап, Эдегор бастаған қарсылас команда жартылай қорғаушыларына біршама сес көрсетті. Эдегор демекші, бұл ойыншыны да естен шығармаған жөн. Англиялық «Арсеналдың» нөмірі бірінші плэймейкері мықты «перформанс» көрсете білді. Өкінішке орай, оның ойын түсінетін топ ойыншының викингтерге жетіспегені қатты білінді. Екінші таймда да бірінші таймда болған сценарий қайталанды десек те болады. Қазақстан ұлттық құрамасының қапталдағы қорғаушылары, яғни Ян Вороговский мен Марат Быстров та өз деңгейлеріне өте жақсы ойнады. Атап айтар шабуыл болған жоқ, ойын 0:0 есебімен аяқталды, өз алаңымызда норвегтерге дес бермедік. Ұлттық құраманы тең нәтижемен мақтай қоюға да болмас. Нәтиже көңіл көншіткенімен, ойында, әсіресе шабуыл шебінде қателік көп. Пас алмасу жағын әлде де меңгеру керек секілді, командаға креативті ойыншылар жетіспейді. Құрамға да өзгеріс енгізу қажет сияқты.

Турнирдің екінші ойынында ұлттық құрама жігіттері Словения астанасына аттанды. Ойын бұл жолы сырт алаңда. Қарсылас бейтаныс емес, бұл турнирде де, EURO-ның іріктеу кезеңінде де қарсы ойнаған құрама. Деңгей жағынан шамалас немесе кәдімгідей асып түседі дей алмаймыз. Сәл жоғары деген дұрысырақ. Бірақ, құрамында Ян Облак секілді қақпашысы, Шешко секілді шабуылшысы бар команда. Екінші ойыншы жайында қазір толығырақ тарқатамыз.

Ойын алдында футбол эксперттері әртүрлі пікір айтты. Десек те, көпшілік Словенияның минималды жеңісіне немесе тең ойынға жорыды. Алайда, ойында жорамалдан бөлек, күтпеген нәтиже тіркелді. Словения өз алаңында болған соң, әдеттегіден сенімдірек ойнайтыны бесенеден белгілі. Ойын бастала салысымен Словения басымдырақ, белсендірек көрініп, шабуыл жасады. Артынша, арада жиырма үш минут өткен соң «Лейпциг» клубының негізгі шабуылшысы, жас ойыншы біздің қорғаушыларды балаша алдап, алғашқы голдың авторы атанды. Екінші гол да көп күттірген жоқ. Бес минут өткен соң сол Шешко есепті 2:0-ге жеткізді. Екі гол біздің құраманы әбден абдыратты. Ресейлік маманның қорғанысқа екпін қойған тотальді футболы Шешко бастаған жігіттер үшін расын айту керек, бір тиын да болған жоқ. Ойынның қалған бөлігі де словениялық аяқдопшылардың басымдығымен өтіп, екінші таймның 68-минутында 3:0-ге жетті. Екі гол жіберген Қазақстанның камбэк жасағанын көріп, көзіміз үйренген. Бірақ, үш гол өткеннен кейін үмітімізді үздік. Төрешінің ысқырығы шалынды, есеп – 3:0 Словения еншісінде.

Ойын аяқталғаннан кейін жанкүйерлер «Черчесов футболын» жерден алып, жерге салды. Имидждік тұрғыда ресейлік маманның көңілден шыққаны шамалы, оның үстіне бапкерлік олқылық қосылды. Әлеуметтік желі қолданушылары Адиевтің кетуін бекерге санап әлек. Айтуларынша, дәл осы Словенияға қарсы Магомед Адиев жөнді ойын өрнегін көрсете алды.

– Өкінішке қарай, словениялықтарға қарсы ештеңе көрсете алмадық. Барынша күрескіміз келді, бірақ қолдан келмеді. Әрине, стилистикалық тұрғыда олардың мықтылығы ойын басталмас бұрын-ақ белгілі болды. Десе де, кем дегенде бір ұпай алу үшін келіп едік Словенияға, – деді ресейлік бапкер ойын соңындағы баспасөз конференциясында.

Ұлттық құраманы аталған турнир оңайға соқпасы анық. Себебі, біз былтырғыдай С лигасында емес, тіпті Англия ұлттық құрамасы бас жүлдеге таласатын В лигасында ойнап жатырмыз. Ойыншыларға еңсені көтеру керек екенін аңғардық. Ойын практикасының аздығы Бақтиер Зайнутдиновқа қиын болып отырғанына да куә болдық. Не де болса, қалған ойындарда ұпай жоғалтпай, ұлттық құрамамыз турнирді абыроймен аяқтайды деп ойлаймыз. Өйткені, Ұлттар лигасының жалпылама рейтингте берер әсері мол, ал біздің құраманың рейтингтегі әуселесі әуелден белгілі.

А.Жайшылық

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: