Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық және қалалық пробация қызметінің есебінде 1000-ға жуық сотталған азамат бар. Жыл басынан бері сот үкімімен пробация есебіндегі 68 сотталғанға қоғамдық жұмыс атқару арқылы жазаларын өтеу міндеттелген. Осы уақытқа дейін олардың 58-і қоғамдық жұмысын толық орындап, есептен шығарылған, ал қалған 10-ы жұмыстарын әлі де жалғастыруда.
Сот үкімімен 40 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылған сотталғандардың бірі Ержан өзінің тәжірибесімен бөлісті:
«Мен отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты сотталғанмын. Жасаған іс-әрекетім үшін қатты өкінемін. Қоғамға пайда тигізу үшін тазалық жұмыстарын атқарып жүрмін. Тұрақты жұмысым бар, түске дейін жұмысқа барып келемін. Бір аптадай тазалық жұмыстарына үлесімді қоссам, 40 сағат қоғамдық жұмысымды толық аяқтаймын», – дейді Ержан.
Қызылорда қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы әділет майоры Фариза Сембаева атап өткеніндей, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар сот үкімімен тағайындалған қоғамдық жұмыс түріндегі жазаларын жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда жүргізеді. Пробация қызметкерлері жазаның орындалуын қатаң бақылауда ұстайды. Сот үкімімен оларға 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарды орындау міндеттелген. Қоғамдық жұмысқа тартылған тұлғалар сот үкімімен белгіленген жазаларын толық өтеген соң пробация есебінен шығарылады.
«Қоғамдық жұмыс жазасын өтеу – сотталғандардың қоғамға қайтарылып, әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз бұл жұмыстың сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтіп отырмыз,» – деді әділет майоры Фариза Сембаева.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті қоғамдық жұмыстарды орындау арқылы жазасын өтеген сотталғандардың қоғамға пайдалы болып, өздеріне де оң әсер ететіндігін атап өтеді. Қоғамдық жұмыстарды орындау сотталғандардың түзелуіне және қоғамда белсенді азамат ретінде қайта оралуына ықпал етеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!