Құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөлінбейді. Бұл салада олқылық өте көп. Мемлекет басшысы осылай дейді. Иә, кемшілік пен кикілжіңнен көз ашпайтынымыз рас. Табиғат тосын мінезін танытса тәлтіректеп, үйі жермен-жексен болмасын деп алаңдайды жұрт. Сілкініс болса, сілікпесі шығатыны содан. Елімізде құрылыс саласында 53 мыңнан астам компания бар. Сан жағынан көш бастағанымызбен, даму динамикасына әсер етпей отыр. Мәселен, жыл басынан бергі екі айда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы өткен жылдың екі айымен салыстырғанда 3,4%-ға аз. Ал, сапасыз құрылыс өз алдына бөлек мәселе. Былтыр салада әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 1,7 мың факт анықталған. Кәсіпорындардың тек 29,3%-ы тұрақты. Бұған ірі құрылыс холдингтері ғана кіреді. Ал, компаниялардың 28,7%-ның халі мүшкіл екен. Иә, сала жиі сын садағына ілініп жүр. Қазбаласаң, түрлі фактор қылаң береді.
ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУДЫ ҚОЙМАДЫ
Өткен жылы құқықбұзушылықтың көбейгенін айттық. Техникалық қадағалаусыз объектілерді салу бойынша мыңнан астам жағдай тіркелген. Шүйлігетіндей шикілік тағы бар. Құрылыс алаңдарында сараптамалық немесе инженерлік-техникалық жұмыстарды жүргізу кезінде бұзушылықтар үш есе, қабылдау және іске қосу нормаларын сақтамау екі есе көп болған.
Нормативті бұзу мен нанымды нәтиженің жоқтығы бүгіннің ғана көрінісі емес. Осыдан он жыл бұрын да 371 мердігер компания құрылыс нормативін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. 256 әкімшілік іс қозғалып, 361 миллион теңге айыппұл салынған. Ал, 2021 жылы Алматыдағы құрылыс алаңында Құрылыс және жер нормаларының сақталуын бақылау кезінде 1112 ереже бұзу дерегі тіркелді. Оның 208-і құрылыс монтаж жұмысына қатысты, өндірістік жұмыс бойынша – 854, заңсыз құрылыстың 50 жағдайы анықталды. Оларға қатысты 207,8 млн теңге көлемінде 1078 хаттама толтырылып, ал ескертпені түземегендердің материалы сотқа жіберілген болатын. Кейін мегаполисте құрылыс сапасына немқұрайды қараған 44 мердігер компания анықталып, бақылау нәтижесінде 42 лицензияның қолданылуы уақытша тоқтатылған болатын. Өткен жылы да алып шаһардан шикілік шыққаны көптің есінде. Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы құрылыс саласындағы заңнаманы 1140 рет бұзуды анықтап, олқылықтарды жоюға 634 ұйғарым берген. 8 компания лицензиясынан қағылды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы құрылысынан бірталай олқылықты байқаған. Біріншісі, қала құрылысы жүйелі жоспарланбаған. Талдау барысында Алматының бас жоспары 2011 жылдан бері жаңартылмағанын, осыған байланысты 63 мың гектардан астам жердің функционалдық аймақтары экологтардың, СЭҚ және ТЖ органдарының қатысуынсыз өзгерген. Ең сорақысы, «Тау алыбы» шағын ауданында сібір жарасы көмілген орынға жақын жерде тұрғын үй кешендері белсенді салына бастаған.
Мұндай жағдай бас қалада да белең алған. 2023 жылы жүргізілген жоспардан тыс тексерулер аясында «Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» 288 бұзушылықты анықтап, жол берілген бұзушылықтарды жоюға 247 нұсқама берді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі хабарлаған еді. Сапасыз құрылыс салғаны және құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізгені үшін 46 ұйым, ал тиісінше бақыламағаны үшін 7 техникалық қадағалау ұйымы және 6 ай мерзіммен аттестатты тоқтату немесе айырумен 22 техникалық қадағалау сарапшысы жауапқа тартылды. Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ӘҚБтК 312-бабының 2-бөлігі, 313-бабының 1-бөлігі бойынша сапасыз құрылыс-монтаждау жұмысын орындағаны және мемлекеттік нормативтерді бұза отырып жобалық құжаттаманы қабылдамағаны үшін сегіз компания құрылыс лицензиясынан айырылды. Олар – «NAK development» ЖШС, «БазисДоСтрой» ЖШС, «КСМК-АФ» ЖШС, «DBK-Engineering» ЖШС, «Пропилон» ЖШС, «ANA Astana» ЖШС, «ППК» жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШС және «X-clusive Qurylyus Group»ЖШС.
Ықтимал заң мен ережені бұзатын шағын компаниялар көрінеді. Неге? Өйткені, тәжірибесі аз болғандықтан кедергіге тап келеді. Құрылысты аяқтауды бастапқада жоспарламайтын әзірлеушілер осылай азаматтарды әлекке салады. Негізінен, құрылыс ел экономикасы үшін өте маңызды. Ал, салынған нысандар көптің көңілінен шыққаны нұр үстіне нұр. Бұл ретте, ірі құрылыспен айналысатын компаниялар алғыс арқалап жүрген сыңайлы. Аяққа нық тұрған соң тәжірибеге де бай. Оларға жобаларды тұрақты орындау мен сапалы материалдарды қолдану мәселе емес. Бір жағынан, тиянақты іс, тындырымды тірлік өздерінің беделін сақтауға ықпал етеді. Еліміздің ірі қалаларында құрылыспен айналысатын компаниялардың жеке рейтингінде көш бастап тұрғандары – «BI Group» пен «BAZIS-A». Бұған атқарған жүйелі жұмыстары дәлел. «BI Group-та» 65 жоба жұмыс істеп тұр. Тағы 135 жоба жүзеге асырылды. Ал «BAZIS-A» 28 нысанды пайдаланса, 61 нысанның құрылысы аяқталды.
Жауапкершілік жүгін көтеріп, құрылысты орта жолда тұралатпау – құптарлық іс. Үздік үштікке ілінген компаниялар соның дәлелі. 25 нысанды аяқтаған «RAMS Qazaqstan» бірінші орынға шықты. 15 нысан салу бойынша «NOVEC» екінші орынға жайғасты. Ал, «Otau Group», «ETASA Construction», «Halyk Aktiv» компаниялары әрқайсысы 14 нысанның жұмысын сәтті аяқтаған.
ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ӨНІММЕН ҚАМТИ АЛА МА?
Құрылыс материалдары туралы сөз болғанда қайшылық туындайды. Сонымен, еліміздегі өндіріс өніммен қамтуда қауқарлы ма әлде шетелден келетін материалға мұқтажбыз ба? Мәселе тым тереңде. Тіпті, кейбірі елімізде құрылыс материалдарын өндіру көлемі жоғары болса да, бағасы шарықтап кететініне наразы. Жыл басынан бергі 6 айда құрылыс материалдарын өндіру өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 3,9%-ға төмен. Тек, заттай мәнде өсу минералды мақта, отқа төзімді бұйымдар, бетоннан жасалған құрастырмалы құрылыс конструкциялары және гипсокартон бойынша байқалады. Экспорт көлемі заттай мәнде 5,1%-ға төмендесе, құрылыс материалдарының экспорты жыл басынан бергі 5 айда өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 14,4%-ға ұлғайған. Ал, елімізге құрылыс материалдары көбіне Ресей, Қытай және Өзбекстаннан келеді.
Бұдан бұрын да елімізде өндіріс көлемі артып, өнім өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент сияқты құрылыс материалдарына деген қажеттілігін толық көлемде жабатыны айтылған еді. Ғимараттарды салу және жөндеу кезінде тек қазақстандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары қолданатыны да мәлім болды. Десек те, астарында ойланарлық мәселе жеткілікті. Бармақ тістемесек те, бас шайқамасқа амал жоқ.
– Қазақстан құрылыс материалдарының шамамен 60%-ын пайызын шетелден алады. Цементті, кірпішті, пластик терезені, арматураны өзіміз өндіргенімізбен, ол отандық нарықтың қажеттілігі үшін бәрібір жеткіліксіз. Сондықтан, көбін шетелден алуға тура келеді. Айталық, арматураны, темірбетонды өзіміз өндіреміз. Бірақ ол аздық етіп, көп бөлігін сырттан алдырамыз. Мысалы, бетон түрлі қоспадан тұрады. Ал, ол қоспалар Германиядан, Скандинав елдерінен жеткізіледі. Біз кірпіш те шыға-рамыз, бірақ ішкі нарық үшін отандық өндірушілер шығаратын бұл өнім көлемі әлі де аз. Оның орнын толтыру үшін тағы да шетелден алдыртамыз. Яғни, елімізде өндірілетін өнімдердің шикізаты шет елдерден әкелінеді, сол себепті олардың құны валюта бағамына орай ауытқи береді, – деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Енді шалқадан түсіретін шарықтаған бағаның жайы түсінікті болды. Қымбаттамаса, арзандамайтыны ұғынықты. Талғат Ерғалиевтің айтуынша, бұл – теңгенің құлдырауына, транспорт және электр төлемдеріне, жанармайға байланысты. Мәселен, темірбетонның бағасы қаңтарда 15 мың, 18 мың теңге болса, маусым айының өзінде 20-24 мың аралығына дейін өскен. Арматура бағасы да биыл артқан. Жыл басында тоннасы 140 мың, 150 мың теңге, ал маусым айынан бастап 220 мың теңгеге жеткен.
Жалтаңдап отырар жағдайға жетпес үшін, импортқа тәуелділікті азайту керек. Бұл бағытта жұмыстар басталмақ. Нәтижелі болса құба-құп.
– Қазіргі таңда 44 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, 302 миллиардқа және жаңа 3032 жаңа жұмыс орны ашылуы күтілуде. Бұлардың басты үлкен зауыттарын айта кетсек, керамикалық плиткалар өндірісі бойынша «Wan Sheng Ceramic» Шымкент қаласында. Жылу оқшаулағыш материалдарды өндіру бойынша «ТехноНИКОЛЬ-Қазақстан», Цемент өндіру бойынша «KORCEM» Жамбыл облысында жоспарланып отыр. 2029 жылға дейін 170 жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан басқа, құрылыс материалдары саласына инвестициялар тарту көзделген, – деді өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков.
ДИПЛОМСЫЗ ҚҰРЫЛЫСШЫ ДІҢКЕЛЕТТІ
«Дипломға қарап қалған ештеңе жоқ» деп даурығады жұрт. Әрине, адамның алғырлығы мен қабілеті бір жапырақ қағазбен өлшенбейді. Істі дөңгелетіп алып кететіндер бар. Ал, тірліктің көзін танымайтындар ше? Демек, білікті маман болу үшін теорияның керегін жоққа шығара алмаймыз. 2022-2024 жылдары өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру және сауда секілді секторларда маман тапшылығы сезіледі. 3 жыл бұрын құрылыс саласында 242 мың маман тапшы екені хабарланды. Прораб, шебер, тас қалаушы, инженер-сметашы, бетоншы, техникалық-өндірістік бөлім инженері аса қажет болған. Жыл сайын маман жалдауға 468 млрд теңге жұмсалған. Ойланарлық жайт. Тіпті, 1600 бос жұмыс орны болса, жоғары оқу орындары 203 маман ғана даярлап шығарған. Мәселе мынада. Кейбірінің таңдаған саласы, бітірген оқуы басқа бола тұра, құрылысшы мамандығына мойын бұрады. Бұл құрылыстың сапасыз болуына әсер етпей қоймайды. Екіншіден, жастардың құрылысқа қызықпауында. Сарапшылар, зерттеу нәтижесінде әрбір төртінші адамның өзі оқыған мамандықта жұмыс істемейтінін мәлімдеген. Жастар дәрігер, мұғалім секілді мамандықты таңдайды. «Неліктен бұлай?» деп байбаламға салудың қажеті шамалы. Оның себебі айтпаса да түсінікті. Жалақысы жоғары салаға табан тірегісі келеді. Айболат есімді азаматтың таңдауы трендтегі мамандыққа түскен.
– ІТ бағытын таңдадым. Өзіме қызығы осы сала болды. Үлкен жобаларды жүзеге асырып, жетістікке жеткім келеді. Есесіне, қаржыға да кенелуге мүмкіндік көп. Қазір тұрақты әрі көп табыс табу – заманның да талабы. Ал, екінші жағынан құрылыста қауіпсіздікке қаншалықты кепілдік берілген? Физикалық қуатты қажет ететін жұмыстан гөрі ой еңбегі жаныма жақын, – дейді ол.
Әркімнің айтар уәжі бар. Құрылыс мамандарын даярлауда оқу орындарына жүйе керектігі де қозғалып жүр. Сала ардагерінің мына пікірі сөзімізге тұздық.
– Құрылыс істері комитетінде кірпіштің көлемін білмейтін мамандар бар. ал жоғары оқу орындарын бітіргендердің біразы чертежді оқи алмайды. Оқу бітіргендердің көбі басқа салаға кетіп жатыр. Бұрын әр облыста екі-үш техникум болды. Сонда электрик, сылақшы, ағаш ұстасы және т.б. мамандарды оқытты. Бітірген соң олар облысқа, басқа қалаларға жұмысқа жіберілді. Қазіргі жастардың құрылысқа бармауына бірден-бір себеп – жалақының аздығы. Олардың орнын толтыру үшін шетелден жұмысшылар шақыртылады. Әдетте, оларға төленетін жалақы біздікімен салыстырғанда жоғары, – дейді Жамбыл Мелдебай.
Құрылыстағы кемшілікті түзесек көңілдегі күдіктен арылар күн туар. Сондықтан, сапасыз жұмыстың себептерін жоюға жұмылған жөн.
ЖЕМҚОРЛАРДЫ ҚУУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН БА?
Түйені түгімен жұтқандар тендердегі теңгеге дейін қақшып алғысы келеді. Құлқынның қамын ойлау – құрылыстың жайын қиындатып жіберді. Бақылау болмаса бетімен кететіні белгілі. Сондықтан, сала жанашырлары қатаң тексеріс керек дейді. Қып-қызыл шығын, есепсіз кеткен ақша экономиканы тұралатпағанда қайтеді? Саладағы сыбайлас жемқорлық туралы Мемлекет басшысы да айтып өтті.
– Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс істелді, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек. Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет. Яғни, барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыс сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін. Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне үкіметпен және ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалар ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын», – деді ол.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Өңірде құрылыс бәсеңдемеді. Тіпті, 2019 жылдың 7 айындағы құрылыс бойынша көлем индексінде Қызылорда облысы көш басында тұр. Сол уақыттың өзінде тұрғын үй берудегі тізімде Түркістаннан кейінгі екінші орынға ие болған. Иә, кемшілік мүлдем жоқ деп шорт кеспейміз. Шағым да кездеседі. Ал, ауыз толтырып айтарлық жаңалық одан көп. Сырдың сол жағалауындағы құрылыс жайы біраз жыр болғанын жұрт беске біледі. Бұған дейін тұрғын үйдің бес қабаттан аспайтыны ойлантатын. Енді көпқабатты үйлер көкпен таласып, көптің қалауы орындалмақ. Қазіргі таңда барлығы 504 пәтерді құрайтын 7 қабатты 6 тұрғын үй салынуда. Бұл үйлерді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұған қоса 7 қабатты 10 тұрғын үйдің жобасы әзірленіп жатыр.
Биыл салаға барлық қаржы көзінен 123 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға білім саласында – 35, денсаулық сақтау саласында – 21, спорт саласында – 14, мәдениет саласында – 13, Қоғамдық тәртіп бойынша 1 нысан салу және 1154 пәтерді құрайтын 21 көпқабатты тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша 71 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар, 1831 пәтер сатып алу көзделген, оның 135-сі апатты үйлер орнына алынбақ.
– 350 орынға арналған заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» бой көтере бастады. Нысан «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен салынуда. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауында құны 2,6 млрд теңге болатын «үстел теннисі» орталығының құрылысы жүріп жатыр. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен құны 875 млн теңге құрайтын 650 орындық заманауи үлгідегі музыкалық колледж ғимаратының құрылысы басталды.
Тәуелсіздік жылдары елімізде заманауи екі стадион, яғни «Астана арена» мен «Түркістан арена» ғана салынған. Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның салынғанына 60 жылға жуықтады. Стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Осыған сәйкес, жанкүйерлердің сұранысына және Президентіміздің спортты дамыту тапсырмасына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауында 10 мың орындық заманауи үлгіде жаңа стадион құрылысы басталды. Сапасы жағынан толық нормативке және стандарттарға сай жүргізілетін болады. Нысан құрылысы үнемі бақылауда.
Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, «Қызылорда арена» спорт нысанының да жобасы әзірленуде. Жыл соңына дейін әзірлеп, сараптамадан өткізу жоспарланып отыр, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев.
Аймақтың 7 ауданында «Руханият» орталығы бой көтермек. Құрылыс басталып та кетті. Ғимараттың құны шамамен 1,5-1,8 млрд теңгені құрайды. Денсаулық сақтау саласындағы іргелі істен де іркіліс байқалмайды. 2023-2024 жылдары облыста барлығы 27 дәрігерлік амбулатория нысанын салу жоспарланып, былтыр 16-сының құрылысы толық аяқталды. Осы жылы қалған 11 амбулаторияның құрылысы қызу жүріп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
ТҮЙІН. Жоқты бардай, тайлақты нардай етіп көрсетіп отырғанымыз жоқ. Бәрі – көптің көз алдындағы мәселе. Мердігер мекемелер өз жайын емес, халықтың қамын да ойлауы тиіс. Байыпты байлам барда байбалам туындамайды. Көтеретін шоқпарды ғана белге байлаған абзал.
Замира ҚОНЫСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!