Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық студенттерге университетте оқу неге қызықсыз?

22.08.2024, 10:40 260

Университетке арман арқалап келген студенттердің оқуын орта жолдан тастап кетуі – қазір таңғалатын дүние емес. «Жоғары білім ал да, адам бол!» деген ұранмен алға ұмтылған жастардың бір бөлігі үш жыл, тіпті бір жыл өтпей-­ақ, сол ұранның бос сөз екенін түсінеді. Мәселе білімнің сапасында ғана емес, жүйенің өзінде секілді. Оқуға деген құлшыныс алғашқы семестрден кейін-ақ селдіреп, арманның орны­на шынайы өмірдің ауыр жүгі келеді. Шынында, оқу ақысы аспандап тұр, оқудың қиындығы, ұстаздардың шектен тыс жүк арқалатуы, тіпті бөлек әңгіме. Ал диплом қолыңа тигенде  оның  құны  қандай  болары  беймәлім.

Кейбіреулер «мұндай қысымға төтеп бере алмайтындар өмірдің сынағынан өтпейді» деп ойлауы мүмкін. Бірақ шындық әлдеқайда тереңде жатыр. Мұндай студенттер оқу жүйе­сінің ащы шындығымен бетпе-бет келіп от­қанын да айтып өткен жөн. Қоғамда мәселеге біржақты қарау басым. Сол үшін шешім мен жауап әрдайым көңілге қонымды бола бермей­ді. Қызықсыз сабақтар, ескірген әдістемелер, пайдасыз теориялар және бюрократиялық кедергілер – білім алушыға заманауи студент екенін сездірмейді. Ақырында, арман қуып келген жастар жай ғана оқудан шығып кетуге мәжбүр. Жаңа айтқанымыздай, біржақты көзқараспен тек оқытушылар мен университеттің жайын айта беру пайдасыз, мұндайда студенттің  де  ішкі  үнін  естіп  көрейік.

Бұл жерде ең қызығы – студенттерге бағытталған айыптаулар. Көпшілік оларды жалқау, жауапсыз деп жазғырады. «Қазіргі жастар оқуға шыдамайды», «әр нәрсеге дайын болу керек еді» деген сындар айтылып жатады. Бірақ кімнің шыдамы шексіз? Қалтасы жұқа студентке оқу ақысын төлеу азап дерсің. Ал оны университеттің жыл сайын көтеріп отыратын бағаларына сәйкестендіру – одан бетер қиын. Бір семестр оқып, кредиттерін әупірімдеп жапқан соң, студент қолындағы есебін түгендеп, «Мен бұған төтеп бере аламын ба?» деген  сұрақты  еріксіз  өзіне  қояды.

Ал енді жүйенің өзі қандай? Диплом үшін күйіп-пісіп, ақылға қонымсыз бюрократияның шырмауында қалатын студенттерге қайран қалардай ештеңе жоқ. Әр пән ескірген, ескірмесе де, өмірге жақындығы шамалы, таза теориялардан құралған. «Маман даярлаймыз» деп, құрғақ сөзбен алдайтын бағдарламалар болашаққа  деген  сенімсіздік  ұялатады.

Бұл мәселенің екінші ұшы – студенттердің оқудан шығып, басқа оқу орнына ауысуында. Қандай сапалы білім алсаң да, жүйе есікті қақпай, басқасына кетуге мәжбүр етеді. Бұл жоғары оқу орындарының әлсіздігін көрсетеді. Одан бөлек, оқу үлгерімінен қалыс қалып, орта жолда тастап кететіндер де көп. Бәрінің түп төркіні – оқу жүейсіндегі әлсіздік пен әділетсіздік. Айта берсең көп. Студент оқудан шығып жатыр деп оқу орны өз білім беру сапа­сын немесе қызметкерлерді ауыстырмайды. Құп, студенттікі дұрыс емес делік, бірақ «көз қысты,  бармақ басты» әрекеттің әліге дейін барын ешкім жоққа шығара алмайды. Мұндайда оқытушы кінәлі ме, білім алушы ма? Негі­зі, алаңдайтын дүние бұл емес, осы «дәстүрлі» тоқтату үшін қабылданған шешімде.

«Жастың жайын жас түсінбей ме?». Бүгінгі буынның оқудан бұрын мансап жолына түсуге асығатынын көп байқаймыз. Сол үшін әлеуметтік желіде жастардың оқудан шығуына әсер ететін факторларға шағын талдау жүргізуді жөн  көрдік.

Ranking.kz ұсынған дерек бойынша, 2023-2024 оқу жылының басында республика бо­йынша жоғары оқу орындарында 592,7 мың жас студент студент сапында болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға артық. Өткен жылы университеттер 171,7 мың адамды қабылдады. Яғни, жылдық өсім – 5%. Ал  оқу жылының соңында 157,7 мың студент оқу бітірді. Өткен оқу жылында қабылданған студенттердің ішінде 68,2 мың адам мемлекеттік білім беру гранттары арқылы оқыса, 98,8 мың студент ақылы негізде білім алды. Соның ішінде 1,2 мың студенттің оқуын елдегі кәсіпорындар қаржыландырса, 97,7 мың адам өз қара­жаты  есебінен  оқыған.

Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы жыл сайын қымбаттап келеді. Егер 2010 жылы  бакалавриатта оқу орта есеппен 450 мың теңге болса, қазіргі таңда жылына кем дегенде 1,1 миллион теңгені құрайды. Кейбір университеттердегі оқу ақысы көршілес елдерге қарағанда жоғары. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар арасында педагогикалық, заң, инженерлік, медициналық және IT салалары бар.

Қаңтар-маусым айларында елімізде жоғары білім саласына құйылған негізгі капиталға салын­ған инвестиция көлемі 6 863,4 млн теңгені құрады. Бұл сома Қазақстанның әртүрлі қалалары мен облыстарында әртүрлі көрсеткішке ие. Мәселен, Алматы қаласы еліміз бо­йынша ең көп инвестиция тартқан өңір ретінде 3 709,4 млн теңгемен көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Астана қаласы орналасқан, мұнда жоғары білімге 482,7 млн теңге жұмсалған. Шығыс Қазақстан облысы 477,5 млн теңге инвес­тиция тартумен үшінші орында. Қараған­ды облысы да айтарлықтай көлемде, яғни 468,4 млн теңге инвестиция алған. Шымкент қаласы­на 390,2 млн теңге, Солтүстік Қазақ­стан облыс­ына 300,8 млн теңге инвес­тиция салын­ған. Абай облысы мен Батыс Қазақ­стан облысы да шамамен бірдей деңгейде, сәйкесінше 280,9 млн және 282,3 млн теңге көлемінде инвестиция тартқан. Алматы облысы­на 129,3 млн теңге, Жетісу облысына 161,1 млн теңге бағытталған. Қостанай облысында бұл көрсеткіш 68,2 млн теңгені құрайды, ал Павлодар облысында – 59 млн теңге. Ақмола облысына 25,3 млн теңге, Атырау облысына 23,2 млн теңге инвестиция тартылған. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді, мұнда бар болғаны 5 млн теңге инвестиция салын­ған. Бұл мәліметтер Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық  статистика бюросының деректері­не  негізделіп  жазылды.

Көп  жағдайда  студенттер  оқудан өз еркімен шығады. Мысалы, 18,7 мың адам оқуын тастап кеткен. Бұл – өткен жылмен салыс­тырғанда 2,9%-ға төмендеген көрсеткіш. Одан кейінгі жиі кездесетін себеп – басқа оқу орындарына ауысу. Яғни 13,4 мың студент осындай шешім қабылдаған және бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 27,5%-ға өскен. Ал үшінші орында – үлгерімнің төмендігі де оқудан шығуға әкеп соғады. 11,8 мың студент осы себепті оқуын жалғастыра алмады, бұл көр­сеткіш 1%-ға  өскен.

Қаржылық қиындықтар да студенттерге салмақ салуда. Оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі болмағандықтан, 11,6 мың адам университеттен кетуге мәжбүр болды. Бұл сан өткен жылмен  салыстырғанда 4,4%-ға аз.

Сонымен қатар, 5,8 мың студент оқу тәртібін бұзғаны үшін оқудан шығарылды. 1,3 мың адам сол оқу орнында басқа оқыту формасына ауысты. Әскерге шақырылған 1,1 мың студент оқуын тоқтатса, денсаулық жағдайына байланысты 350 студент оқудан шығып кеткен. Ranking.kz порталының мәліметіне сәйкес, оқудан шыққандардың ең көп саны Алматыда тіркелген. Ол – 19 мың жас. Одан кейін Шымкент (12,7 мың студент) және Қызылорда облы­сы (9,5 мың студент) тізімнің басында тұр. Бұл көрсеткіштер – білім беру жүйесінің ішкі мәселелерін ғана емес, қоғамдағы кең ауқымды мәселелердің көрінісін береді. Егер бұл түйткілдерге назар аударылмаса, университет қабырғасынан кетіп жатқан жастар саны одан әрі арта бермек. Аталған статистиканы кестеде толығырақ  жаздық. Назар  салып  көріңіз.

ТҮЙІН: Студенттердің оқу орнынан шығу көрсеткішінің артуы тек жеке таңдауға байланысты емес. Қаржылық қиындықтар, оқу бағдарламаларының тиімсіздігі, оқу үдерісінің қызықсыздығы, және сапалы білім алуға қолжетімділіктің шектелуі жастарды өз жолынан «тайдырып» отыр. Бұл жағдайлар қоғамның болашағына тікелей әсер ететіндіктен, мәселені шешу үшін кешенді реформалар қажет секілді. Егер білім беру жүйесі уақыт талабына сай өзгермесе, елдегі жоғары білімнің сапасы мен оған деген сенім күннен-күнге әлсірей берері – акисома. Сондықтан бұл мәселені шешу тек білім саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс. Айтпақшы, біз мәселені қозғаған адамды емес, мәселені түзетуге күш салсақ,  бәрі оңалады.

К.ҚҰРМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: