Бүгінгі сатира
Әуежайдан түсе бергенімде, бір топ блогер мен телеарна тілшілері қоршап алды. Бір жігіт:
– Кешіріңіз, – деді ол. – «Жындылар» газетінің тентек тілшісі едім.
– Аты-жөніңіз? – деп сұрадым.
– Жындыбас Қояншықов!
– Газетің қанша тілде шығады?
– Екі тілде. Орыс тілінде жарық көретін газетіміздің бас редакторы Туксан тугыз Шариков, – деп ыржалақтады ол, – біздің ел – жындылар елі сияқты, облыста туберкулез ауруханасын салып, құрылысты тоқтатып қойды. Сөйтсе, ауданда бірде-бір туберкулезбен ауырған адам жоқ екен. Сіздің пікіріңіз?
– Әкімдерден сұрамаппын…
– Біздің елде, даңғыл жолдардың бойына салынатын үш-төрт дәретхананың өзіне миллиондаған қаржы бөлінеді де, бірақ, қажетіңді өтейтін, отыратын тесігін ұмытып кетеді. Неге? Дәретханаларға миллиондар керек пе? Әкімдер жеудің одан басқа амалы жоқ па?
– Жындыбас десе, Жындыбас екенсің! Сол әжетхананың арты бар емес пе? Айналып кетсін!
– Бір әкім күнді шығыстан емес, батыстан шығару үшін үкіметтен миллиардтаған қаржы сұрапты. Есалаң тірлік қой?
– Үкімет қаржы бөліпті ме?
– Күн ыстық болмас үшін, егін қурап кетпес үшін, күннің сырғанып, тез батып кетуі үшін қаржы бөліпті.
– Сен сияқты, жындыбастар екен!
– Біздің «Жындылар» басылымына жазылу науқаны басталды.
– Есалаң жолға түскен мырзалар жөнінде көп жазыңдар!
– Біздің газетке тек жындылар ғана жазыла алады. Біздің индекс 99.99.99. Сізге көп рақмет. Айтпақшы, рентгенге түсіп, флюрографияңызды жібере аласыз ба?
– Не үшін?
– Газетке өкпеңіздің суретімен қоса жариялайық деп едік… Көп жағдайға өкпелісіз ғой?
– Сенен қашып құтылмасам, табан астында, жынданып кететін түрім бар. Сау бол!
Зыта жөнеліп едім, Жындыбас Қояншықов дауыстай сөйледі.
«Жындылар» газетіне жазылыңыздар! Барлық елдің есалаңдары, бірігіңдер!
Мұхтар ШЕРІМ
Фото: caricatura.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!