Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалыптан тыс басшы болды

12.07.2024, 17:05 778

HALYQLINE.KZ

Қазір мекеме басшысы десек, астында қымбат автокөлік, котеджде тұратын адам бейнесі көз алдымызға келеді. Алайда, қарапайым, елеусіз ғана аудандағы ірі мекемені басқарған Қуандық Бодықов қалыптан тыс басшы болғанын баяндауды қолға алдым.

Қуандық Изатуллаұлы мектепті медальмен бітіріп, Алматы қаласындағы энергетикалық институтының «қалалар мен өндірістік мекемелерді электр қуатымен қамтамасыз ету» факультетін үздік бітіріп шықты. 1978 жылы Қазалы аудандық электр жүйесі мекемесінде монтер болып еңбек жолын бастады. Қазіргі жоғары білімді дипломы бар жас маман аяғына «когті», беліне сақтандырғыш белдік тағып, бағана басына шығады деп айта алмаймын. Ал, ол мамандығына байланысты орын босағанша монтер болды, кейін шебер және бригадир болғанда да, жұмыс бітпей жатса, «когтіні» аяғына киіп алып, өзі кірісіп кететін. 1997 жылы Қуандық мекеме басшысының орынбасары болды. Тоқсаныншы жылдар естеріңізде шығар, аудан орталығына электр жарығы күнделікті кешке екі сағатқа ғана беріледі. Мекеме басшылары мен қалтасы қалыңдар теміржолға қарасты электр қуаты үздіксіз берілгендіктен үйлеріне бағаналар орнатып тартып алды. Сол кезде Қуандықтың үйіндегі құдажолыға келген, көршісі елге сыйлы еңбек ардагері, өмір бойы поштада істеп, «КСРО радио байланыс үздігі» төсбелгісінің иегері Ордабай Аяпбергенов: «Қуандық, мен осы жасқа дейін сендей адал басшыны көргенім жоқ. Мекеме басшысы бола тұра қалайша жарықсыз отырады деп сенбей намазға түнде тұрғанда, үйіңе бірнеше рет келіп, терезеден май шам жарығын көріп кеткенмін» деп елді бір күлдірген болатын. Қуекеңнің жары, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» Күләш Қожамұратова күйеуіне басқа да басшылар сияқты үйіне теміржол желісінен үйге электр желісін тартуын айтып, «оқушылардың дәптерін түнімен май шаммен тексеріп» шығатынын айтқанда: «Мен өз үйіме тартып алсам, жарықсыз отырған көршілерімнің бетіне қалай қараймын?» деген болатын.

2004 жылы Қуандық Бодықов «Қызылорда электр желісін тарату компаниясы» АҚ Қазалы филиалының директоры болып бекітілді. Бұл кез ел экономикасы енді көтеріліп келе жатқан уақыт еді. 90-жылдардағы нарыққа өткен кезде, ауданның шалғайдағы елді мекендеріне электр жарығы мүлдем тоқтап қалған еді. Бос тұрған бағаналар мен алюминий сымдарын енді электр жарығы келмейтіндей ұрлап кеткен болатын. Міне, сол шалғайдағы Ажар, Шилі, Шәкен, т.б. елді мекендерге электр желісін жүргізуде, уақытпен санаспай басы-қасында, үйсіз-күйсіз жүрді. Жаздың аптабында, қыстың қара суығында жүргендігі алдынан шығып, кейін ауруға шалдығуына себепші болды. Бірде жұмысқа жарамай іші бүріп жүре алмай қалғанда, мектепте бірге оқыған досы, теміржолға қарасты емхананың меңгерушісі Серік Адаевқа барғанда cоқыр ішегі жарылып кетіпті, ота өте ауыр өтті, тек білікті хирургтер Жолдас Елеуов пен Садуақас Ахметовтың арқасында аман қалды. Сол кезде досы Серік Адаев: «Қуеке, жұмыс-жұмыс дей бермей, өз денсаулығыңа қарап күтініп жүрсей» деген болатын. Ауруханадан шыққанан кейін, қызметіне қосылатын күні Күләш беліне жылы одеялдан тігіп берген белдігімен кеткен болатын. Жұмыстан өте кеш үсті-басы малмандай су болып келгенде, сұрағанда: «Дарияның арғы бетіне бағаналар тартып жатқанда, біреуі суға ағып кетіп бара жатқасын қарап тұрамын ба? Әр бөрене есепте ғой, жігіттерге тартып шығаруға көмектесіп едім ғой» деп тұр! Оған не дерсің! Жалпы, Қуандық қызметін өзінің жеке мүдесінен жоғары қойған азамат еді. Бірде, сабақ үстінде отырған Күләшқа телефон соғып: «Облыстық семинарға келген басшыларды түскі асқа үйге апарамын, дайындал!» дегенде: «машинанды жіберсей, базарға барайын, уақыт аз қалды ғой» дегенде: «күнде машина мініп жүр ме едің? Такси бар емес пе?» деп жауапты қысқа қайырды. Баласы Ержігіт жоғары оқу орнын бітіріп келіп, қызметке тұрғанда: «Жұмысыңды адал атқар. Қызметіңнен шикілік шығып жатса, әкем креслода отыр ғой деп, маған сенуші болма!» деген болатын.

Осындай адал басшыға аудан халқы сенім көрсетіп, 2007 жылы №5 Әйтеке би сайлау округі бойынша Қазалы аудандық мәслихат депутаттығына сайлады. Өзі бір тыным таппайтын басшыға бұл екі есе жұмыс істеуге себеп болды. Депутаттық қызметін іске асырып, аудан орталығындағы тозығы жеткен электр желілерін жаңартты, жарығы әлсіз көшелерге подстанциялар орнатты. Тұрмысы төмен отбасыларына қолынан келгенше көмектесті. Қуекең қайтыс болған соң, апта сайынғы болатын бір жұма күніне екі бейтаныс орта жастан асқан екі келіншек келеді. Дастархан басында Күләштің танымай отырғанын біліп: «мені танымай отырғаныңызды біліп отырмын, базарда көтерме бағадан қарызға зат алып сатып күн көріп жүрмін. Бірде көмек берсе, осы депутат ағай көмектесер деп барып, үйде азық-түлік алатын шамам жоқ дегенімде, үйге бара беріңіз деп, мекенжайымды жазып алып қалған болатын. Сол күні түс ауа үйіме ұн мен вермишель, қант, шемішкі май, қант, т.б. заттарды қабымен беріп жіберіпті» десе, екінші келіншек: «мен де ағайға кент шетінен жер алғанмын, сол жерге фундамент құйғаннан кейін басында болмасақ, құрылыс заттарымыз қолды болады ғой. Соған электр бағанасын қондырып берсеңіз деп едім, маған фундамент құйып жатқанда хабарласыңыз деген болатын, айтқан уақытында электр жарық желісін тартып берді. Қазақ «түсі игіден түңілме» деп босқа айтпаған екен. Ағайдың қайтыс болғанын естіп келіп едік қой» деп ризашылығын білдіріп кеткен болатын.

Мен де Қуандықты жақсы танитыным, Күләшпен бір мектепте қызметтес және ұлы Ержігітке сынып жетекшісі болдым. Қазіргі таңда зайыбы Күләш шаңырақта немерелерінің қызығын көріп отыр. Ержігіті құқық саласында болса, келіні Ақмарал – білікті мұғалім. Немерелері Мирас пен Мерей – университет студенттері, Дамир мен Данил – мектеп оқушылары. Қуандық дүниеден озғаннан кейін келген немересі Әдия бастауыш сыныпта оқиды, атасына ұқсаған болуы керек, есепті «шемішкедей шағады», аудандағы 37 мектептің арасында математикадан өткен олимпиадада бірінші орынға ие болды. Атасы Қуандық мектепті медальмен бітіргендіктен, мектеп фоесінде әр жылдағы мектеп медаль иегерлері тұрған суреттердің ішінен атасын көріп, «ата, сабаққа келдім» және «ата, сабақтан үйге қайттым» дейтін көрінеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болар, Қуекең осы жылдың 23 шілдесінде 70 жасқа келер еді. «Жақсы адамның аты, ғалымның хаты қалады» деген сөзі рас, артыңда Қуекеңнің жақсы аты қалды, ғалым болмаса да, мектеп жасынан бастап күнделік жазатын, оның ішінде Күләшқа арнаған өлеңдерінен басқа, қоғам, адам және ортасы туралы ойлы орамдары бар. Ұлы Абайдың «бұл жалғанда ойлы адамға қызық жоқ» деген сөзі заманында озық ойлы азамат болған Қуандық Изатуллаұлына айтылғандай болып тұрады.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

ҚР  Журналистер  Одағының  мүшесі

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: