Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада көркейту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

11.07.2024, 18:25 218

HALYQLINE.KZ

ҚР Президентінің кеңесшісі Ернар Баспаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде еліміздегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын және «Таза Қазақстан» республикалық акциясын іске асыру барысы талқыланды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Өткен жылы 6900 орындық 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 5400 орындық 11 мектеп құрылысы басталады деп күтілуде. Қызылорда облысының әкімдігі мектептерге инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөліп, жоба-сметалық құжаттар әзірленді, сараптама қорытындысы алынды. Жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, 7 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде барлық елді мекенде бес кезеңнен тұратын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтары ұйымдастырылды. Аймақ жұртшылығы белсене қатысқан акция қазіргі уақытта жалғасын табуда. Жыл соңына дейінгі іс-шаралардың жоспары бекітілген.

Қызылорда қаласында демеушілік есебінен 1 млрд 100 млн теңгеге 28 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельмен қапталып, 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Орталық алаңды қайта жаңғыртуға демеушінің 1 млрд теңге және облыстық бюджеттің 1 млрд теңге қаржысы жұмсалды. Теміржол вокзалы ғимараты мен перроны күрделі жөндеуден өткізілді. Балалардың игілігі үшін 1 млрд 600 млн теңгеге 80 ойын және спорт алаңы салынды.

Жаңақорған ауданында демалыс паркі, Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» пайдалануға берілді. Қармақшы ауданы, Жаңажол ауылында орталық алаң және Жалағаш ауданы, Таң ауылында көшелер абаттандырылып, жарықтандырылды.

Облыстық бюджеттен бөлінген 800 млн теңгеге 17 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары, 200 млн теңгеге жуық қаржыға 14 спорт-ойын алаңы салынып, 7 ойын алаңы жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табуда.

Демеушілер облыс орталығындағы 63 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбетін заманауи үлгімен әрлеуде. Аудандарда да көшелер абаттандырылып, ойын алаңдары мен скверлер салынуда.

Қызылорда қаласының көшелерін, аулаларды абаттандыруға облыстық бюджеттен 12 млрд 700 млн теңге бөлінген.

Экологиялық акцияны жалғастыру үшін коммуналдық қызмет мекемелерін жаңа техникамен қамтамасыз етудің маңыздылығы ескерілген. Өткен жылдан бері «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Конкурс үздіктеріне күнделікті тұрмысқа қажетті 29 арнайы техника табысталды. Биыл 436 млн теңге бөлініп, 19 техника алынуда.

Жыл соңына дейін Қызылорда қаласындағы коммуналдық мекемелерге (КРЭК, ТЭЦ) 15, абаттандыру мекемелеріне («Қызылорда тазалығы, «Жасыл Қызылорда», «Қызылорда су жүйесі») 67 арнайы техника әкелінбек. Бұған қоса, облыс орталығында және барлық ауданда «Үздік аула» дәстүрлі конкурсы өткізілуде.

Тазалық шараларын бір реттік науқанға емес, өмір салтына айналдыру, яғни жұмыстарды сапалы әрі тыңғылықты орындау өте маңызды. Осы орайда іске қосылған «Таза Қазақстан» онлайн платформасы Қызылорда облысында жұмыс істеуде. Салалар бөлінісіне қарай бекітілген операторлар, модераторлар мен орындаушылар тұрғындардан түскен өтініштерді уақытылы қарап, тиісті шара қабылдауда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: