28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне орай Ақордада салтанатты жиын өтті. Оған республикалық ақпарат құралдары ғана емес, өңірлердегі жетекші телеарналардың, газет-журналдардың, ақпараттық ресурстардың өкілдері қатысты.
Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, сыйлықтарын тапсырды.
Сондай-ақ, биыл күзде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесіне байланысты референдум өтеді. Бұл туралы бүгінгі жиында Президент хабарлады. Оның сөзінше, АЭС бойынша соңғы шешімді халық қабылдайды.
Президент «экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек» дейді. Тоқаев атом электр станциясын салу мәселесін пысықтауға нақты тапсырма бергенін айтты.
«Қазір жан-жақты талқы болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылып жатыр. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек. Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн» деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, журналистиканың мәртебелі мамандық екенін атап өтті.
– Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси, экономикалық реформаларға арнайы тоқталып, осындай тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге журналистер қауымы зор үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
– Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қолжетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында бірқатар журналиске Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтары, гранттары және Алғысы салтанатты түрде табысталды.
Сурет: akorda.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!