Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ халқының адал ұлы

22.06.2024, 8:00 372

HALYQLINE.KZ

22 маусым – қазақ халқының асыл перзенттерінің бірі Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың туған күні. Қызылорда облысын басқарған 4 жылда, 1985-1989 жылдары оның жанкешті еңбегінің арқасында, экономикасы әбден құлдыраған, Арал теңізі тартылып, оның жан-жағындағы халық жұмыссыз қалып, шарасыздықтан басқа өңірлерге үдере көше бастаған кезде, өңірге басшы болып келе сала, тұтас Арал аймағын экологиялық апат аймағы деген қаулы қабылдатқызып, жаңадан жұмыс орындары ашылып, зауыттар мен фабрикалар салынып, халықтың басқа жаққа көшуі тоқтатылып, экономиканы тұрақтандыру үшін ұшан-теңіз жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, САРАТС-1, 2 жобалары дайындалды. Қызылорда қаласында батыс мөлтек ауданы тұрғызылды. Белкөл кентіне баратын аспалы көпір, Шалқия кеніші пайдалануға берілді. Қызылорда ауданаралық энергоорталығы, Арал, Сарыбұлақ су станциясы, Сексеуіл-Түркістан теміржолы салынды. Тігін маталар фабрикасы, «Рисмаш» зауыты, Қызылорда вагон жөндеу зауыты іске қосылған. Сонымен бірге ұшақтар қабылдайтын әуежай салынып, Алматыға басқа қалаларға ұшақтар ұша бастады. Шиелі ауданынан уран, Жаңақорған ауданынан полиметалл кеніштері ашылды. Қиыршық тас, құм, тұз өндіру қарқынды дамыды. Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде одақтық, республикалық деңгейде 5 бірдей қаулы қабылданды. Нәтижесінде Қызылорда облысы үшінші категориялы облыстан екінші категориялы облыстың қатарына қосылды. Экологиялық коэффицент енгізілді.

Еркін Нұржанұлының Қызылорда облысындағы басшылық қызметі Арал экологиялық алаңы мәселесінің мемлекеттік және халықаралық деңгейге көтерілуімен, оның зардаптарын жою үшін Одақ көлемінде іс-шаралар қабылдануымен есте қалды. 1988 жылы 2 шілдеде Мәскеуде өткен бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында Е.Әуелбеков делегаттар мен Одақ басшыларына сол кездегі облыстың жағдайы туралы жан-жақты баяндама жасап, Аралдың, бүкіл облыстың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсарту шараларын қолдауды сұрады. Нәтижесінде КСРО Министрлер кабинетінің «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жөніндегі шаралары туралы» арнайы қаулысы қабылданды. Бұл сол уақыт үшін үлкен ерлік еді. Аралдың экологиялық апат аймағы статусын мойындатып, қызылордалықтардың денсаулығына Арал апатынан төніп отырған зардап үшін жалақысына 30-50 пайыздық үстеме төлеуге тұрақты қаржы бөліне бастады. Осының арқасында қазіргі уақытқа дейін аралдықтар жалақысына, зейнетақыға қосылатын экологиялық үстемақыны алып отыр. 1985 жылы облыс басшысының бастамасымен КСРО Мұнай өнеркәсібі Министрлігінің Құмкөл мұнай кен орнын ашуды дайындау және игеруге байланысты жұмыстарды ұйымдастыру туралы бұйрығы шықты. Еркін Нұржанұлының еңбегінің арқасында Жезқазған аймағына қарасты Құмкөл мұнай кенішін Қызылорда облысына ұзақ уақытқа жалға беру туралы шешім қабылданды. Осы Құмкөлдің арқасында жергілікті халық жұмыспен қамтылып, елдің тұрмыс тіршілігі жақсара бастады. Еркін Әуелбековтың 3 бөлмелі пәтері ғана болған, дүние жинамаған, тек халық үшін қызмет еткен. Обком партиясының 1-ші хатшысы болып тұрған кезінде оны үйіне қонаққа шақырғысы келгендер болған екен, бірақ та сол шақырыстарға, отырыстарға бармай, өзін тек бір қалыпты ұстап, дара тұлға болып, ерекшеленіп қалды. Ол өз заманының турашыл, өтірікке жаны қас, парасатты, еңбекқор, халыққа жақын адам болған. Өтірік айтқандарды, әділетсіздікті, жылпостарды, жемқорларды ұнатпаған. Қызметінің соңына дейін солармен күресіп, тәртіпті күшейткен.

Еркін Нұржанұлы Қызылордаға басшы болып келген кезде, мен институт бітіріп, жас маман ретінде құрылыс саласында еңбек етіп жүргенмін. Құрылыс жұмыстары да қарқынды жүре бастады, жаңадан көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтерді, қала тұрғындарын жаңа типтегі заманауи баспаналармен қамтамасыз ету шешіле бастады. Белең алып кеткен бюрократия мен сыбайластыққа, жемқорлыққа тосқауыл қойылды, жауапсыз басшылар жұмыстан босатылды. Осының бәрі біз сияқты жас мамандардың көз алдында өтіп жатты, бізге өмірлік сабақ болды. Осындай қажырлы еңбектің арқасында Қызылорда экономикасы қалпына келе бастады, халықта болашаққа, әділдікке деген сенім пайда болды. 1989 жылдың күзінде Қызылорда халқы Еркін Нұржанұлына үлкен сенім артып, СССР Жоғарғы кеңесіне депутат ретінде бірауыздан дауыс берді. Ол жақта жүріп те Қызылорда тұрғындарын ұмытқан жоқ.

Сыр елі Еркін Нұржанұлын қашанда құрмет тұтады. Қызылорда қаласының теміржол вокзалынан басталып, «Тағзым алаңы» жанынан өтетін көшеге қайраткердің есімі берілуі де тегін емес. Енді, міне, дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа оның есімі беріліп, ауласына Ерекеңе мәрмар тастан мүсіні қойылды.

Жүсіп Баласағұнның «Адам – бұл дүниеге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін қалдыруы керек» деген сөзін Еркін Нұржанұлы толық орындай алды деп есептеймін. Елі барда Ерекеңдей қайраткер ағаның ұлылығы ұмытылмайды, әлі де ол кісінің қалдырған ізіне, қайраткерлік ісіне талай ескерткіш орнатыла береді деген ойдамыз.

Ералы  ЕСІМОВ,

зейнеткер,

Астана  қаласы.

ӘУЕЛБЕКОВ РУХЫНА АРНАУ

Сөз сарасын жайнатып мәнерлі етіп,

Айтар болсам ойымды өлеңдетіп.

Сыр еліне қалтқысыз қызмет етті,

Еңбек Ері, нар тұлға Әуелбеков.

Біртуар, жаны таза, дара туған,

Еңбек етіп ақ адал жолыменен.

Жеңе білді кедергіні алда тұрған,

Қиын шақта бір болды халқыменен.

Басшы болып келе сала облысқа,

Кірісіп кетті бірден зор жұмысқа.

Ең бірінші тәртіптен бастады да,

Тосқауыл қоя білді бар қылмысқа.

Жемқор мен сыбайластар құрықталды,

Көп дөкейлер жұмыстан шығып қалды.

Тезге салып параға былыққанды,

Жөнге салды Құдайын ұмытқанды.

Ғимаратты шенділерге үй қып берген,

Халықтың игілігі үшін тартып алды.

Пәтерлерді бөлінген заңсыз жолмен,

Көп алалы ана үшін қайтып алды.

Көрсетіп қайсар мінез табандылық,

Танытып ақыл менен дарындылық.

Аралды сақтау үшін арпалысты,

Халқының мекендеген зарын ұғып.

Зауыт пен фабрика да салып берді,

Құмкөлдің де мұнайын алып берді.

Халықты жұмыспенен қамтыды да,

Жүректерге үміт отын жағып кетті.

Жер астынан мол су қоры табылып,

Тереңдерге баратын ұңғылар да қазылды.

Жеткізу үшін Сыр халқына ауызсуды,

Шалғай жерден құбырлар да тартылды.

Кірлетпей аппақ туын адалдықтың,

Жолына бөгет болды жамандықтың.

Әділдікті қолдады жан-тәнімен,

Биік ұстап қалыбын адамдықтың.

Жақсы көріп, халқы оны мақтады,

Ерекең де әркез ел сенімін ақтады.

Лауазымға құл болып, мансап қумай,

Ар-абыройын өле-өлгенше сақтады.

Ер есімі ел есінде жатталады,

Ұмытылмай жүректерде сақталады.

Болашақ ұрпақтарға өнеге боп,

Жалғасын таба берер мақтау әні.

Жүзден жүйрік туылар, мыңнан тұлпар,

Қия шыңға ұшып шығар нағыз сұңқар.

Ерекеңдей халқына қызмет қылған,

Бір ғасырда бір-ақ туар асыл ұлдар!

Ералы  Есімов,

зейнеткер.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: