Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тақырып тұздығы – тәртіп пен тәрбие

13.06.2024, 11:00 631

Оқу жылы аяқтала салысымен балалар көп еркінсіп, кәмелет жасқа толмағандар арасында құқықбұзушылық әрекеттері де сәйкесінше үдейтіні бесенеден белгілі. Әсіресе жаз келісімен мектеп бітіруші түлектер заңсыз әрекеттерге көп бой алдырады. Онымен қоймай, мұғалімдердің де қитұрқы іс-әрекет жасап, шәкірттеріне теріс тәрбие беріп жүргенін көзіміз шалып жүр.  Нақтырақ айтсақ, 1 маусымнан 2 маусымға қараған түні Қызылорда қаласында мұғалім өз әріптесін пышақтап өлтірген. Қазіргі сәтте істің мән-жайы анықталып, күдікті қамауда жатыр. Сондай-ақ, №143 мектептің технология пәні мұғалімі есірткі тасымалымен айналысты деген күдікке ілінді. Бұдан бөлек суға кеткен екі бала және Шанхай аумағында бір-бірін пышақтаған оқушылардың ісі де білім саласындағы салғырттықтың дәлелі болып отыр. Осы және осы тектес мәселелер білім саласы қызметкерлерінің жұмысына күдік ұялатуына байланысты қала басшысы Серік Қожаниязовтың қатысуымен қалалық мәслихатта жиналыс болды. Басқосуға білім саласының іскерлерімен қоса құқық қорғау және төтенше жағдай саласының мамандары қатысты.

Негізінде білім саласының мамандарына көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. ТМД мемлекеттері арасында мұғалімдердің жалақысы бойынша көш басында тұрмыз. Көптеген бағдарлама мен жобалар, мердігерлердің көмегі аясында біршама мектепке керекті жабдықтар беріліп, оқушылардың жайлы әрі сапа­лы білім алуына жағдай жасалып жатқанын жасырмаймыз. Десе де, оқушылар  арасында топтық төбе­лес, буллинг, суицид факторлары толастамай тұр. Статистикаға сүйенер болсақ, маусым айы бастала салысымен бір түнде кәмелетке толма­ған жасөспірімдерге қатысты 56 құқықбұзушылық іс тіркелген. Биыл кәмелетке толмаған заңды өкілдерге 173 хаттама толтырылса, оның 48-і бір емес, бірнеше рет толтырылған… Оқиғалардың мән-жайы және аты аталған мәселелердің алдын алу шаралары жөнінде қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Садуақасо­ва  тарқатты.

– Білім ұйымдарында жан-жақты жұмыстар атқарылып жатқаны­мен, жасөспірімдер арасындағы құқық­бұзушылық тоқтар емес. Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заңбұзушылық әрекеттерін алдын алу мақсатында облыс­тық және қалалық прокуратура, полиция басқармасымен бірлесе отырып, білім беру бөліміне қарасты ұйымдарда заңбұзушылық фактілерін азайту іс-шаралар жоспары бекітілді. Кәмелетке толмаған балалардың беймезгіл уақытта ата-анасынсыз жүруін тарқату мақсатында қалалық полиция басқармасының қатысуымен түрлі рейд жұмыстары жүргізілуде. Есепті мерзімде қала бойынша биыл 189  рейд  өткізілді.

Ал енді су қауіпсіздігіне келер болсақ, 30 сәуір күні балалардың шомылу маусымының басталар алдында Төтен­ше жағдайлар басқармасымен бірлескен мектеп директорлары мен тәрбие жөніндегі орынбасарларының қатысуымен «Су айдынындағы қауіпсіздік» тақырыбында семинар өтті. Сондай-ақ, 2023-24 оқу жылының қорытынды мектепішілік ата-ана­лар жиналысында да су қауіпсіздігі жөнінде сөз етіліп, WhatsApp желісі арқылы түсіндірме жұмыстары мен бейнематериалдар жіберілді, – дейді  бөлім  басшысы.

Серік Салауатұлы өз кезегінде құр статистикалық мәліметпен ғана шектеліп қоймай, көзқарасты түбегейлі өзгертіп, құқықбұзушылықтың алдын алудың жаңа жолдарын қарас­тыруды ұсынды. Яғни, мектеп оқушылары мен педагогтер арасында профилактикалық шараларды күшей­тіп, жасөспірімдердің маргиналдыққа ұшырамай, уақытты пайдалы өткізуіне әрекет жасау керек­тігін  айтты.

– Бірдеңе болса мектеп директорын жұмыстан босатумен ғана шектеліп қалып жатырмыз. Сіз де, біз де кете береміз. Бұл – тек қана білім сала­сының ғана емес, тұтас қоғам мәселесі. Әрине, қызметкер болғасын еңбек демалысын алады. Бірақ та түнгі рейдте еңбек демалысын сыл­тауратпау  қажет.

Сонымен  қатар, жазғы демалыс­ты тиімді өткізу шаралары жіті назарда болғаны жөн. Біз ата-аналармен жұмыс жүргізіп жатырмыз, рейдтік іс-шаралар күн тәртібіне енді. Енді не істеуіміз қажет? Бұдан нәтиже болмаса, мүмкін көзқарасымыз бен жұмыс бағытын өзгерту керек шығар? Спорттық үйірмелер мен клубтардың жұмысын біржақты етейік, – деді  Серік  Салауатұлы.

Қазіргі таңда қала көлемінде шомылуға тыйым салынған 21 учаске бар. Олардың әрқайсысына ескерту тақтайшасы қойылған. Алайда, ескертуді елеп жатқан бала жоқ. Жоғарыда атап өткен екі баланың өлімі де – сол себептен. Осы мәселе төңірегінде қала әкімі төтенше жағдайлар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернұр Райым­бековтен  жауап  алды.

– Біздің жігіттер су алған апат аймақтарынан енді ғана келіп жатыр. Алдағы уақытта қауіпті аймақ­тардағы мамандардың санын арттырамыз.  Қазір қала бойынша суға шомылуға тыйым салынған 21 учас­кеде 20-25 маман кезекшілікте жүр. Демалыс күндері олардың санын екі есеге дейін арттырамыз. Ол жердің барлығында ескерту тақтайша­лары ілінген. Бірақ балалар оған қарап жатқан жоқ. Мәселен, іс-шара бары­сында «КБИ» шағын ауданында су жағасында «Шұғыла» шағын ауданының  балалары   жүр. Айтып ескерттік, артынша олар Тасбөгеттен бір-ақ шықты. Жазаны қатайт­пай, осылай  балаларды  қуып  жүре береміз, – дейді  басқарма  басшысы.

Басқосуға арнайы шақырылған қалалық мәслихат  төрағасы да бүгінде бала тәрбиесінің оңайға түспейтінін айтып өтті. Нақтырақ айтсақ, бала күнінен тұйық өскен, айналасына аса мән бермейтін балалар­мен жұмысты үдету керектігін, мұғалім тек білім беруді емес, тәрбие беруді де жадында ұстау керек­тігін  жеткізді.

– Мектептегі оқушыларға мұға­лімдер еге болу керек. Көшедегі рейдтің орнына қиын балалардың үйіне барып, тәрбиелік мәні бар іс-шара, әңгімелесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізсін. Ата-аналардың жауапкершілігін түсіндіру керек. Суға түсу­ге тыйым салынған аймақтардағы белгілер бүгін қойса, ертең жоқ. Бұл не деген тәртіпсіздік?! Түгендеу керек. Ол жерге суға түсуге болмайтынын адамдар білу керек. Мұнан бөлек, бола­шақта полиция боламын деп арман­дайтын  жастарды ерікті түрде полиция қызметкерлерінің қатарына қосып, көмекке жұмылатын арнайы ықпалды топ жасақтауға бола­ды. Өйткені олар жасөспірімдердің қайда жиналатынын, қайда бара­тынын біледі. Біз сол арқылы балалар­дың тәртібін қадағалай аламыз, – деді  Ибадулла  Құттықожаев.

Иә, заманның ағымымен бала тәрбиесі де қиындай түсті. Оның үстіне капиталистік қоғамда нәпақа табамын деген ата-ананың да баланың тәртібі мен сабағына назар аудара­тын  уақыты  жоқ. Түрлі  субмәдениетке еліктеген жасөспірімдердің жалпы маргиналдыққа салынып, заңнан безуіне бір себеп – осы. Енді осы мәселелерді шешудің бірден-бір амалы, бой түзейтін институт мектеп десек, ондағы ұстаздардың да «балалыққа» салынып жүргенін көріп  отырмыз.

Қала басшысы жиынды қорытындылай келе, жауапты мамандарға балалардың рухани шыңдалуына ден қою керектігін ұсынды. Сондай-ақ, рейд жұмыстарын күшейту керектігін, суға түсуге тыйым салынған жерле­рді жіті қадағалауда ұстау қажет­тігін  қадап  айтты.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: