Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім саласы босаңсуға болмайды

07.06.2024, 9:10 185

HALYQLINE.KZ

Кеше қала әкімінің төрағалығымен білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Оған қала әкімінің салаға жауапты орынбасарлары, құқық қорғау, құзырлы органдардың басшылары, қалалық білім бөлімінің толық құрамы мен мектеп директорлары қатысты. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл өткен сайын білім саласына мемлекет қазынасынан қыруар қаражат бөлінуде. Ұстаздардың жалақысы өсіп, білім беру ұйымдары қажетті жабдықтармен жарақтандырылуда. Облыс әкімінің қолдауымен қала көлемінде үш ауысымды мектептер жойылып, санға емес, сапаға мән берілуде. Оқушылардың білімі мен тәрбиесі және мұғалімдердің мәртебесін көтеруге бағытталған талапты жұмыстар жүргізілуде.

2023-2024 оқу жылының ІV тоқсаны басталмас бұрын жазғы каникулда балалардың қауіпсіздігіне арналған кешенді шаралар даярланды. Жоспарға сәйкес, күнделікті рейдтер ұйымдастырылып, қадағалау жұмыстары күшейтілді. Дегенмен, мектеп оқушылары арасында топтық төбелес, суға кету, сонымен қатар ұстаздардың қатысуымен келеңсіз оқиғалар болуда. Бұл білім саласын кері тартқан жағдайлар екені белгілі. Атап айтқанда, ұстаздар арасында адам өлімінің, азғындатушылық әрекет пен заңсыз есірткі айналымына қатысты деген күдіктің туындауы мұғалім мәртебесіне елеулі нұқсан келтірді.

Осы жағдайларды болдырмау бағытында қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Сәдуақасова атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.

Қала әкімі Серік Салауатұлы білім саласындағы жұмысты босаңсытуға болмайтынын, жаз мезгілінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін арттырып, мектеп оқушылары мен педагогтер арасында профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырды.

Ал, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық, топтық төбелестер, қылмыс жасау фактілерінің өршуі бойынша қалалық полиция басқармасының бастығы Айдар Қасанов мәлімдеді.

Шаһар басшысы әлі де қоғамдық тәртіпті күшейту қажеттігін алға тартып, қылмыстың ашылуына емес, оны болдырмауға, барлық патрульдік, учаскелік, ювеналды полиция инспекторларын қаланың аулалары мен шет аймақтарында адресті жұмыс жүргізуі керек деді.

Қазір қала көлемінде суға шомылуға тыйым салынған 21 учаске бар. Олардың бәрінде ескерту тақтайшалары қойылған. Десе де, оны балалар елемей, шомылып келеді. Соның зардабынан 2 жеткіншек жақында суға кетті. Осы жағдайларды ескерткен шаһар басшысы қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ернұр Райымбековтен су айдындарындағы кезекшіліктің жайын сұрады.

Бұған қала әкімі Серік Салауатұлы басқарма тарапынан әлі де болса халық арасында насихаттық жұмыстарды кеңінен жүргізе отырып, мүдделі органдармен бірге кезекшілікті күшейтуді міндеттеді.

Өз кезегінде қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев:

– Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Қазір оқушылар демалысқа шықты. Бұл жерде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қажет. Өз ортасынан оқшау қалған балалармен жеке жұмыс жүргізіп, оқыс оқиғаларды тыюға болады, – деді.

Қала әкімі Серік Қожаниязов бүгінгі мәжілістің маңызын тарқата келе, жауапты қызметкерлерге келеңсіз жағдайлар жер-жерде белең алмауы үшін күшейтілген рейд жұмыстарын ұйымдастыруды, белгіленбеген орындарға суға түспеу бағытында жұмысты үйлестіруді жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: