Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шалғай орналасқан ауыл халқы аудан әкімінен не сұрады?

03.06.2024, 10:20 159

HALYQLINE.KZ

Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Қосаман, Беларан, Құланды ауылдық округтерінде болып, тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Алдымен аудан басшысы Қосаман ауылдық округіне барып, Мемлекет басшысының бастамасымен туған жерге тағзым ету үрдісін жалғастырып, Қосаман кесенесін көрді. Жөндеуді қажет ететін жәдігерді сақтап қалу үшін жасалып жатқан жобалармен танысып, одан кейін ауылдық клубта қосамандықтармен кездесу өткізді.

Елдегі елеулі өзгерістер мен істеліп жатқан жұмыстардан хабардар еткен соң, ел азаматтарының өтініш-тілектерін тыңдап, оларға тұшымды жауаптар берді.

Ауыл халқының алғашқы сұрағы ауызсу, электр желісінің тозығы жетуі мен кіреберіс жол қатынасының қиындығы туралы болды.

Бұл жөнінде аудан әкімі Қосаман және Ақеспе елді мекендеріндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу тарту жұмыстарына жоба әзірлеу қолға алынғандығын айтып, жол мәселесі демеушілер есебінен шешілетіндігін жеткізді және сала басшыларына тұрақты бақылауда ұстау жөнінде тапсырма жүктеді.

Одан соң, аудан әкімі «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің «Қосаман» бас су тоғаны №1 су көтеру стансасында болып, Арал және Қазалы ауданын сумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысанның жұмысымен танысты.

Сапар одан әрі Қосаман ауылдық округіне қарасты Ақеспе елді мекенінде жалғасты. Ауылдық медициналық бекет пен мектепте болған аудан әкімі Ақеспе ауылдық клубында жергілікті жұртшылықпен жүздесті.

Бұл жерде де елге қажетті мәселелер көтеріліп, елді мекеннің құм басқан жерінен медициналық бекетті тұрғындардың жаңа қоныстанған аумағына көшіру мәселесі сөз болды.

Осы ретте аудан басшысы тиісті сала басшысына мәселенің тиімді жағын қарап, заң аясында шешімін табуын қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, Ақеспе ыстық су бұлағына дейінгі автомобиль жолының құрылысының жобасы әзірленіп, қаржыландырылуға сұраныс берілгенін жеткізді.

Сапардың алғашқы күні аудан орталығынан шалғайда орналасқан Беларан ауылдық округінде түйінделді. Мұнда қазақ әдебиетінің заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мемориалдық белгісі орналасқан Беларан шыңында болды.

Одан соң Құланды ауылдық клубының уақытша көшірілген ғимараты мен медициналық бекетті көрді.

Мемлекет басшысының 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес елді мекенде іске қосылған су тұщыту қондырғысының жұмысын да бағамдап өтті.

Бұған дейін беларандықтар ауызсуды 60 шақырым қашықтықтағы көршілес Бозой елді мекенінен тасып ішіп келген еді. Қазіргі таңда ауылдағы 57 шаңырақ орнатылған құрылғының көмегімен таза ауызсудың игілігін көруде. Бүгінде қондырғы тәулік бойы сағатына 1 текше метр суды тұщытады.

Сондай-ақ №77 орта мектебінде ауыл халқымен кездесіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесу аясында тұрғындар жол қатынасының жағдайы мен елді мекенге ауылдық клуб құрылысын салу, электр желісін жаңғырту, аяқ су желісін жүргізу және медициналық бекетке жедел жәрдем автокөлігін бөлу мәселесін көтерді. Өз кезегінде Аманжол Оңғарбаев аталған мәселелер ұдайы назарда екенін, олардың кезең-кезеңімен оң шешімін табатынын алға тартты. Ал жедел жәрдем көлігіне байланысты сауалға Халықаралық Аралды құтқару қоры арқылы алу мүмкіндігі қарастырылатындығын айтты.

Құланды ауылдық округінің орталығы Ақбасты елді мекенінде болған сапарда Аманжол Сақыпұлы алдымен «Қосаман-Ақбасты» су құбыры 34 шақырым насос стансасы мен елді мекенге жаңадан салынып жатқан су айдау насосының құрылысымен де танысты.

Аталған жұмыстарды мердігер мекемеге осы жылы сапалы аяқтауды міндеттеді. Мұнан бөлек осындағы өзге де әлеуметтік нысандарды көріп, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Жұмыс сапары аясында көктем мезгілінде ерінді қар сулары салдарынан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының техникалық жолының шайылып кеткен тұсын көріп, тиісті сала басшыларына қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді ескертті.

Атап өткен жөн, аудан әкімі осы кезге дейін ауданға қарасты барлық қала, кент және ауылдық округтерді аралап, 40-тан аса елді мекенде болды. Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан 200-дің үстінде талап-тілек пен өтініш жинақталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: