Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кент келбеті көркейіп келеді

28.05.2024, 8:45 558

HALYQLINE.KZ

Шынымен де солай. Егер Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентін аралап шықсаңыз, жоғарыдағы сөздің ақиқаттан жырақ емес екендігін аңғарасыз. Көшелердің бойындағы жасыл желек, жапырағын жел тербеген талдар, алуан бояумен әктеліп, қоршаулары жарасымды сырланған ғимараттар кеудеңді шаттыққа бөлейді. Кенттегі еңселі нысандарды, базарлар мен сауда үйлерін, ерсілі-қарсылы ағылған алуан үлгідегі көліктерді көргенде «сырт көздің Қазалыны «екінші Түркістан» деуі де тегін емес-ау» деген ойға келесіз. Бұл аудан орталығы, яғни Әйтеке би кентінде «бәрі жіптіктей, ешқандай мәселе жоқ» дегеніміз емес. Әрине, шешімін күткен түйінді түйткілдер де кездеседі. Алайда, соңғы жылдар мұғдарында кенттің көркейіп келе жатқаны назарға бірден ілігеді.

Сөзіміздің дәлелі ретінде қолымыздағы дерекке жүгінейік. Біздегі анықтамада «Облыс әкімінің көктемгі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық айлығын жүргізу туралы 2024 жылғы 29 ақпандағы №56-ө өкіміне сәйкес, сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза аймақ» науқанына орай Әйтеке би кентінде санитарлық-тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес кент көшелерін көркейту, көгалдандыру, тазалық жұмыстары 7 аймаққа бөлініп, жұмыстар (көше бойындағы шөптерді шабу, электр бағаналарын әктеу, сырлау және т.б) жүргізілуде. Кенттің санитарлық тазалық жұмыстарын Әйтеке би кенті әкімінің аппараты жанынан ашылған «Қазалы Абаттандыру» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен жарияланған конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз деп танылған «Автотех оқу орталығы» ЖШС атқаруда.

Сондай-ақ, кентте тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру, жою үшін (полигон) арнайы қоқыс алаңы өз жұмысын жүргізуде. Дегенмен, кенттің шет аймақтарына тұрғындардың қоқыс тастаулары тыйылмауда. Рейд барысында бірнеше рет қоқыс тастаушылар анықталып, айыппұл салынды. Водокачка елді мекеніне барар жол, қазақ корымы, айналма жол аумағында әлденеше жылдан бері жиналған қоқыстар арнайы техникалармен көмілуде» делінген.

Тағы бір білгеніміз, Әйтеке би кентінде жалпы ұзындығы 161,424 шақырымды құрайтын 220 көше бар. Оның 56-сына асфальт қабаты, 126-сына қиыршық тас төселсе, 38 көше топырақты. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен қаралған қаржыға кент ішіндегі Бегім ана, Сырым батыр көшелеріне күрделі жөндеу, С.Сейфуллин көшесіне ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, 12 көшеге қиыршық тас қабатын төсеу бойынша келісімшарт жасалуда. Ал, техникалық жағдайы нашарлаған асфальтты 10 көшеге, қиыршық тас қабатты 6 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда кенттің 45 көшесі аяқ сумен қамтылған. Оның ішінде 12 көшеге су өз ағынымен беріледі. Қалған 33 көше су айдайтын насостар арқылы тұтынады. Кент аумағында 6 жерде су насостары орнатылған. Кентішілік көшелерді аяқ сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсы бойынша жеке кәсіпкер «Қамбар» анықталып, келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. 

Қазіргі таңда ұзындығы 2 шақырымды құрайтын арық қазу, бұрынғы арықтарды және «Қараарық» «Кіші қараарық» каналдарын тазарту жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар кентішілік арықтарға аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 5 дана насос құрылғысы сатып алынып, іске қосылды.

Ал, 5-ші квартал аумағында аяқ су арықтарының болмауы салдарынан диаметрі 110 мм болатын, жалпы ұзындығы 4,8 шақырым пластик труба арқылы 6 көшеге аяқ су жіберілуде. Әрбір үйдің тұсына арнайы қондырғы (180 дана винтиль) қалдырылған. Трубалар көшенің 2 бетінде орналасқан. Жылжымалы электрлі насос (гном) арқылы, аптасына 4 рет кезек-кезегімен аяқ су жіберіледі.

Мақаламызды ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек» деген сөзімен түйіндесек.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: