Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ағасы бардың жағасы бар

22.05.2024, 15:45 464

HALYQLINE.KZ

«Ағасы бардың жағасы бар» дейді халық даналығы. Кейде жаға боларлық ағалардың сиреп бара жатқанын көріп еріксіз ойланасың. Сондай сәтте ағайындыққа келгенде ағалығынан жезделігі жақын, бірақ мен үшін ағалығы артық Сейілхан Байеділов ағамыздың айтқан сөздері нағыз жаға боларлық ағаның сөзіндей болып санамда қалған еді. Соны көпке жеткізгім келіп, қолыма қалам алдым.

Ол кісі ауданға белгілі азамат, білікті-оташы дәрігер, аудан мәдениетіне де елеулі үлес қосқан жезтаңдай әнші де болатын. Мен ол кісінің өмір жолы, немесе атқарған қызметі жайлы айтайын деп отырғаным жоқ. Саналы жанның жадында болатын, ойында қалатын, ойлы інілері мен ибалы келіндердің жадында сақталатын, жаға болатын ағаға лайық сөздері туралы айтпақпын.

Сейілхан ағамыз маған әке болған Матығұлдың Нұрбай аталығының ақсақалы Жұмахмет Ибрашұлының інісі еді. Сол әкеміздің үйінде үнемі кездесіп, әңгімеміз жарасып, кейде реті келсе әзілдесіп те алатынбыз.

Бірде ағама әзілім өтіңкіреп кетті ме:

– Сен, бала, мені жезде қылайын деп жүрген жоқсың ба? – деді.

– Жоқ, аға. «Сұлтан сүйегін сатпайды» десе де, мен үшін сіздің ағалығыңыз артық. Сізді аға деп сыйлайтынымды өзіңіз де жақсы білесіз. Ініңізбін, аға, енді әзіл айтпаймын, – дедім.

– Иә, бәсе, – деп қуанып қалған.

Бірде Қазалының сылбыр көктемінің бірінде кенттің шетіндегі «Заготзерно» аталатын мекемеде шаруам болып, таныс жігіттердің көлігімен жетіп қалғанмын. Өздеріңіз білесіздер, ол кезде көктем мен күздің батпақты болатынын. Шаруамды бітіріп, орталық көшеге шықтым. Лайсаң жермен қанша дағ-дағтап жүрдім дегенмен, аяқкиім біраз бүлінді. Жанымнан өтіп бара жатқан «Жигули» автокөлігі тоқтай қалды. Есік ашылып:

– Ау, бала неғып жүрсің, отыр… – деген жағымды дауыс есітілді.

Қарасам, Сейілхан ағамыз. Ол кезде «Жигули» анау-мынау адамның қолына тие бермейді. Кентте санаулы адамда ғана болатын. Ал, ол көлікті оташы-дәрігер Сәкеңнің адал еңбегімен алғанын жұрттың бәрі білетін.

Көлікке жақындадым, көліктің іші тап-таза. Қазалыда емес, Алматының асфальтінде жүрген көліктің іші сияқты. Көліктің ішіне бір, аяғымдағы батпақ-батпақ аяқкиімге бір қарап тұрған маған:

– Неге қарап тұрсың… Өткенде маған ініңмін деген жоқсың ба?!.. Балдызыңмын дегенде басқаша болар еді… Қысылма, отыр, есі бар ағалар інілерін батпақта қалдырмайды, отыр енді, – деді күлімсіреп.

Ананы, мынаны айтып отырып жұмыс орныма да жеттім. Көліктен түсерде:

– Аға, рақмет. «Ағасы бардың жағасы бар» деген осы шығар. Жаңағы сөзіңіздің тура мағынасын да, астарлы мағынасын да түсіндім. Сейілхан ағам айтып еді деп айтып жүремін, – дедім…

– Оны өзің білесің… Сені сөздің мәнін ұғатын жігіт деп жүрмін ғой, – деген.

Кейбір аға тұтып жүрген ағаларымның мен туралы айтқан сөздерін есіткенде, істеген істерін көргенде Сейілхан ағамның осы сөзі еріксіз ойға оралады.

Сейілхан ағамыз ағайынға да сыйлы болатын. Құдам Молдабай аға да Сейілхан туысын жақсылықтарынан қалдырмайтын. Бірде Молдабай ағаның құдасының үйінде бірге болдық. Сәкеңе сөз бергенде, тілегін білдіре отырып, сол үйдегі кейуанаға қарап:

– Құдағи, бақытты анасыз. Жүзіңіз жас. Жағдайыңыздың жақсы екені білініп тұр. Менің түсінігімде, медицинада да бар, келіні жақсы ененің өмірі ұзақ болады. Келініңіз жақсы жан-ау. Сіздердің қыздарыңыз да біздің Іңкәрдің өмірін ұзартатын келін болар, – деп еді.

Алла аузына салған шығар. Молдабай құдамыз бен Іңкәр құдағиымыз келіндерінің қызығын көріп отыр.

Ағамыздың осы санамда қалған сөздерін «Есі бар аға інілерін батпақта қалдырмайды», «Келіні жақсы ененің өмірі ұзақ болады» деген сөздерін ретті жерде Сейілхан ағам айтып еді деп айтып жүремін.

Жақсының жақсылығын айт деген. Сейілхан Байеділов ағамыз ініге ғана емес, аудан халқына жаға болғандай азамат еді. Марқұм болып кетті. Жатқан жері жайлы, жер-анасының құшағы мамық болғай. Ақылды сөз айтар, нақыл боларлық сөз қалдырар ағаларымыздың аман болғанын тілейік.

Құдайберген  Есекей,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: