Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Полковник А.Маншарипов: Мамандық таңдаудан қателескен жоқпын

10.05.2024, 8:45 168

HALYQLINE.KZ

Айдарбек Маншарипов – 30 жылдан астам еңбек өтілі бар полковник. Оның 20 жылында тергеу саласында қызмет атқарған. Қазіргі таңда Қызылорда облысы Полиция департаменті Штаб басқармасының қызметкері. Тәжірибелі тергеушінің артында мыңдаған іс бар, деп жазады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айдарбек Жақсыбекұлының айтуынша, ол бала кезінен халықтың игілігі үшін қызмет етуді және қоғамды қылмыскерден қорғауды арман еткен.

Ол 1973 жылы Сахалин облысында дүниеге келген. Осы уақытта әкесі Жақсыбек Маншарипов Ресей аумағында армияда әскер қатарында қызмет еткен. Кейін отбасы Қызылорда облысының Жалағаш ауданына көшеді. Айдарбек Жақсыбекұлының әкесі еңбек сіңірген агроном-селекционер болған. Ол өмір бойы ауылшаруашылық саласында жұмыс істеді. «Маржан» сортты күрішті өндіріске енгізгендердің бірі. Ұлының өзінің еңбек жолын жалғастыруын армандаған.

«Әкем менің агроном болғанымды қалады. Мен полиция мамандығын таңдаған кезде ол қарсы болды. Оған қарамастан, 1990 жылы Қарағандыға оқуға түстім. Бала кезімнен құқық қорғау органдарының қызметкері болуды армандадым. Әлі есімде, мен әрқашан полицейлерге үлкен таңданыспен және құрметпен қарайтынмын. Оқу орнын өте жақсы бітіріп, туған жеріме оралдым», – дейді Айдарбек Жақсыбекұлы.

Айдарбек Маншарипов еңбек жолын қарапайым жедел қызметкер болып бастады. 1996 жылы Қызылордада Мемлекеттік тергеу комитеті құрылды. Мұнда ол аға тергеуші болып қызмет атқарып, Комитет тарағаннан кейін Жалағаш аудандық ішкі істер бөліміне ауысты. Тергеу бөлімінде жұмысын жалғастырды. Әр жылдары Жалағаш және Сырдария АІІБ бастығының орынбасары болып еңбек етті.

«2003 жылы мен Ішкі стер министрлігінің Алматы қаласындағы Академиясында басшылық лауазымдарға кадрлар даярлау бойынша оқудан өттім. 2006 жылы мені Жалағаш АІІБ бастығы етіп тағайындады. Мұндай лауазымды атқару маған үлкен жауапкершілік артты. Мен басшылық пен қарапайым халықтың үмітін ақтауға тырыстым», – дейді полковник.

Бірнеше жыл бойы Айдарбек Жақсыбекұлы болашақ полиция қызметкерлеріне арналған оқу орталығында сабақ берді. Қазіргі уақытта да университеттерде болашақ заңгерлерге сабақ беріп, тәжірибесімен бөлісуде. Оның Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Құқықтану» кафедрасының оқытушыларымен бірлесіп шығарған «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің процестік құжаттары» оқу құралы жарық көрді.

Полковник өз кәсібін өте жақсы көретінін және өз принциптеріне адал болуға тырысатынын айтады. Оның жұмыс үстелінде сүйікті авторлардың шығармаларын көруге болады. Тергеуші детектив жанрын жақсы көреді, бірақ ауқымды жұмыс көлеміне байланысты кітаппен отыруға мүмкіндік болмайды. Әріптестер полиция полковнигі Маншариповтың жұмысын өте жоғары бағалайды.

Айдарбек Жақсыбекұлы ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қалай жұмыс істегенін есіне алады.

«Ол кезде ішкі істер органдарында заманауи материалдық-техникалық база болған жоқ. Маған бірнеше маманның міндетін қатар орындауға тура келді. Қазіргі таңда полиция органдарында техникалық базалары заманға сәйес дамып, заманауи технологияларды кеңінен пайдалану арқылы құқықбұзушылықтың алдын алуға және қылмысты неғұрлым тез арада ашуға үлкен мүмкіндік бар. Арнайы цифрлық технологиялар тіпті ең қиын қылмыстарды шешуге көмектеседі.

Полиция қызметкері білімді де білікті болу керек. Себебі оларға қоғамда тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мен қылмыспен күресте үлкен міндеттер жүктелген. Сондықтан әрбір қызметкердің өз қызметінде қателік жібермеуі өте маңызды», – дейді Айдарбек Жақсыбекұлы.

Қазір Айдарбек Маншарипов жұбайы Жарқынаймен бірге Шарафаддин, Ернат, Алматбек және Елдар есімді төрт ұл тәрбиелеп отыр. Олардың ең үлкені – болашақ медицина қызметкері, ал екінші ұлы ІT мамандығын таңдады Ол балаларының әке жолын жалғастыратынын қалайды. Алайда мұндай шешімді қабылдау олардың өз еріктерінде.

«Мен бір кездері әкемнің айтқанын тыңдамай, өзім шешім қабылдадым. Өткен жылдар таңдауымның дұрыстығын дәлелдеді. Мен балаларымның жақсы маман болғанын қалаймын. Әрине, егер олардың біреуі полиция қызметкері мамандығын таңдаса, мен бақытты болар едім, бірақ мен оларға қысым жасамаймын. Олар өз армандарын жүзеге асырсын, мен оларды қолдаймын», – дейді Айдарбек Жақсыбекұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: