Алты Алаштың басы қосылса, төр – ұстаздікі. Ғасыр өтсе де, жыл өтсе де, бұл сөздің құны жойылмаған. Қай уақытта болсын аяулы мұғалімнің орны ерекше. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ағартушы, қазақ жерінде ең алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, ұстаздарды оқушының тірегі, болашақ ғалым мен шахтерді, ел азаматын тәрбиелейтін ұлы тұлға деп есептейді.
Ғұмырыңдағы білім баспалдағының дұрыс қалануы жақсы, білікті ұстаздың тәліміне тікелей байланысты. Болашағыма нық қадам жасауға мықты иммунитет қалыптастыра білген, мен үшін үздік ұстаз – Ляззат Сейлханова. 1993 жылдан бастап Арал аудандық №220 орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен білім бергенімен қоса, әрбір оқушының өмірлік жолында үлгі болар жан. Өз қолынан бірнеше сыныпты үлкен өмірге шығарып салып, барлық шәкіртінің алғысына әлі күнге дейін бөленіп келеді. Аудандық, облыстық, республикалық ғылыми жоба, іс-шаралардан әрбір үкілеген үміті биік белестерді бағындырып келеді. Өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігі әрбір оқушының жүрегіне жол таба білді. Ешқашан мазмұнсыз дүниелерге бой алдырмай, салмағы бар сөздің дүниетанымымызға жетуіне сарп еткен.
Әрине, сабақтың жақсы өтілуін бағалауға деңгейім жетпесе де, ұстазымның әрбір өткен сабағы өте жоғары құлшыныспен тыңдалатыны анық. Тіпті Ляззат Октябрқызынан үлгі алып, орыс тілі мен әдебиеті пәнін таңдап, аяулы ұстаз болғысы келетіндер қаншама!? Ал ұстаз үшін үлкен мәртебе осы емес пе?
«Егер мұғалімде тек өз ісіне деген сүйіспеншілік болса, ол жақсы мұғалім болады. Егер мұғалімнің әкесі немесе анасы сияқты шәкіртіне деген сүйіспеншілігі болса, ол барлық кітапты оқып шыққан, бірақ жұмысты да, шәкірттерді де сүймейтін мұғалімнен жақсырақ болады. Мұғалім өз ісі мен шәкіртіне деген сүйіспеншілікті біріктірсе, ол – кемел ұстаз». Орыс халқының жазушы, ағартушысы Лев Толстойдың осы бір тіркесі құдды бір Ляззат апайға арналғандай. Әрбір баланың жүрегінен орын тауып, білімге құштарлығын арттыру – мұғалімнің жетістігі. Осындай жетістікке жетудің сырын сұрағанымда, ұстазым: «Ең алдымен өз сүйген ісіңді жасау. Ал жақсы көрген жұмысың саған тек ғанибет сыйлайды. Маған әрбір оқушының білім алып қана қоймай, тәлім-тәрбие алғаны да маңызды. Өмір ақ пен қарадан тұратындықтан, сынақтардан мүдірмей өтуге дайындау – менің міндетім. Ал сол міндетімді атқарып жүріп-ақ жетістікке жетуіме болады» деп, ұстаз атаулысы балаға деген ерекше мейірбандықпен қарау керек екендігін жеткізді.
Кемел елдің келешегінің іргетасын қалау үшін ақылды, білімді ұрпақ аса қажет. Аяулы ұстаздарымыздың арқасында үміт артар шәкірттер көбейеді деп сенеміз.
Нұрсұлтан Рысқалиев,
Арал қаласындағы №220 орта мектебінің түлегі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!