Бұл жобаның құны – 9,7 миллиард теңге. «Altyn land» ЖШС құрылысты былтыр бастаған болатын. «Сыр самалы» деп аталатын бизнес санатындағы үйлер Сырдария өзенінің жағасында бой көтеруде.
Жақында Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен бизнес санатындағы алғашқы тұрғын үй кешенінің ресми таныстырылымы өткен еді.
Аймақ басшысы құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарға тоқталып, жаңа кешен тұрғындарға жайлы баспана болатынына сенім білдірді.
– Халықты баспанамен қамту – еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда. Өткен жылы аймақта 4108 пәтерлі 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Осылайша 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Жарасымды істің жалғасы ретінде жақын күндері салтанаты мен сәні келіскен тағы бірнеше нысанның құрылысы басталмақ. «Сыр самалы» тұрғын үй кешені қаламызға ерекше көрік беретін ғимараттардың бірі болары сөзсіз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Құрылысы өткен жылы басталған ерекше үйлер 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Тұрғын үй кешенінің барлық ауданы – 27 мың шаршы метр, коммерциялық ауданы 5 мың шаршы метр болса, жерасты тұрағында көлікке арналған 112 орын қарастырылған.
«Сыр самалы» тұрғын үй кешенінің инфрақұрылымы өте өзгеше болады деп жоспарланған. Өйткені, бизнес санатындағы баспана тұрғын үй кешендерін жіктеудің халықаралық стандарттарына сәйкес салынады.
– Қаламызда жоғары сападағы, санаттағы тұрғын үйдің салынып жатқаны қуантады. Бұл өз кезегінде Қызылорданың сәулетіне әр береді деп есептеймін. Әрі «Сыр самалы» деген атауы да өте орынды қойылыпты. Дәл Сырдария өзені жағасында іргетасы қаланған үйдің иелері самалдыққа шығып, болашақта Сыр самалын сезінетін болады. Бизнес санаттағы үйлердің салынуы адамдардың талғамын жоғарылатады, сапаға мән береді. Алдағы уақытта мұндай тұрғын үйлер көптеп салынса деген ойым бар, – дейді қала тұрғыны Сұңғат Сейітқасым.
«Сыр самалы» тұрғын үй кешенін ресми таныстыру рәсімі мерекелік концертпен аяқталды. Онда отандық эстрада әншілері Мәдина Сәдуақасова мен Серік Ибрагимов жиналғандарға ән шашуын арнады.
Жалпы, биыл Қызылорда облысында бюджет есебінен 14,3 миллиард теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй салынбақ. Атап айтсақ, Қызылорда қаласында – 1544, аудандарда 346 пәтер ел игілігіне табысталады. Оның 16-сы – жеті қабатты тұрғын үйлер. Өйткені, қоғам тарапынан «Қызылордада неге 5 қабатты ғана тұрғын үйлер салынады?» деген сауал туындап жүр.
Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен елді мекендердің сәнін келтіретін әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Бүгінде сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 10 мектеп іске қосылып, тағы 11-інің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады деп жоспарланған. Қызылорда қаласындағы «Қан орталығының» және перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды.
Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталады.
Кәсіпкер және меценат Болат Өтемұратовтың қоры есебінен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынып, жақын күндері ел игілігіне айналады деп күтілуде.
Осы кезге дейін қалада бір ғана Оқушылар үйі болса, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.
Өткен жылы «Отбасы», «Анаға тағзым» орталығы өз қызметін бастаса, жуырда 1000 орындық «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Оған қоса сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Инвесторлар қолдауымен 37 миллиард 600 миллион теңгенің жобалары іске асуда.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Фото: «Сыр самалы» кешенінің эскизі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!