Бүгін дос туралы әнді тыңдап, көңілім кәдімгідей бұзылды. Сонау балалық шаққа сапар шеккендей, қайта келмес жастық шағым ойға оралып, жүрегімдегі қимастық сезімі кеуде тұсымды шаншып қоя берді. Кейде қыз болып туып, жатжұрттық болып, өскен орта, туған үйді қиып кеткенім үшін өкінемін. Достарымды сағынамын. Сол әнді жүз мәрте қайталап тыңдаған шығармын. Әр жолы әртүрлі естелік ой түбінен оянып, санамды шарпып, ішімді алай-түлей етті.
Мен ауылда өстім ғой. Онда қазіргідей телефон тұрмақ электр жарығының өзі сағаттап жанушы еді. Тек кешке ғана. Ал күндіз күніміздің көп бөлігі далада өтетін. Ес білгелі еңбекке араластық. Ауыл сыртындағы бұлақтан арбаға флякты артып алып су тасимыз, отын жарамыз, тезек тереміз. Бұлардың бәрі – біз үшін үйреншікті жұмыс. Шаршадым, істегім келмейді дегенді айту жоқ. Қайта ата-анамызға қолғабыс болып, жұмыс істегенімізді достарымызға мақтаныш етіп айтып отырамыз.
Біздің таныстығымыз қай кезде басталғаны есімде жоқ. Әйтеуір мен еміс-еміс ес біле бастағанда көршілес қоныс тепкен үйдің ұл-қыздарымен ойнайтынмын. Бізге қарама-қарсы көшенің арғы бетінде Жанзира мен Индира есімді апалы-сіңлілі қыздар тұрды. Ал келесі үйде Тоқтар тұрды. Ерболат бізден алыстау тұрса да әкеміздің досының баласы болған соң біздің үйге келгіштеп жүріп араласып кеткен. Бұл – достарымның азан шақырып қойған шын есімі. Ал біз Жанзираны – Дүгелек, Индираны – Қошақан, Тоқтарды – Тоқа, Ерболатты – Жанболат деп айтамыз. Өмірімдегі балалық шақтың кейбір еміс-еміс есте қалған үзік картиналарының арасында да осылармен ойнаған кезім бар. Мектепке де Дүгелек, Тоқа, Жанболат төртеуміз бірге бардық. Ол кезде оқулық тапшы. Екеуара бір кітап береді. Кезектесіп оқимыз. Таңертең сабаққа барарда мен үйден шыққанша Дүгелек мен Тоқа қуыс жолдың бойында күтіп тұрады. Сосын мектепке таяу Жанболат қосылады. Төртеуміз әңгіме соғып, төбемізден қарға ұшса, соғылып жатқан қоңырауға да қарамай, жалма-жан жерге отыра кетеміз. Сондағы ойымыз төбесінен қарға ұшып бара жатқанда кімде-кім тұратын болса, «2 алады» деген ырым жасап алғанбыз.
Дүгелек өте ұялшақ, томаға-тұйық қыз болды. Сыныпта ешкіммен араласқан емес. Мектепті үштікпен аяқтады. Тұйықтығы сол, дайындалып барған сабағын айтуға ұялушы еді. Оны мен ғана білдім ғой. Өйткені кітап алмасып оқыған соң талай рет тақпақ жаттап, сабақ оқып, есеп шығарып отырғанын көремін. Ал Тоқа бізбен көрші нағашы ата-әжесінің үйінде тұрып жатқан болатын. Оның неге өз ата-анасымен емес, нағашыларымен тұрып жатқаны туралы сұрақ бізді қызықтырған емес. Сабақта алғыр, ынталы, кішкене бойлы сары бала болды. Мен 6 жасқа толғанда туған күніме шашын тықыр етіп алдырған, ақ костюм-шалбар киіп, қолына бір бума қауырсын гүлін ұстап келгені әлі күнге көз алдымда. Сол гүлді ұзатылып кеткенше сақтадым.
Сабақтан қайтқанда ұлдар біздің ауыр сөмкемізді үйге дейін көтерісіп келетін. Сосын тағы ойынның жоспарын құрып, есік алдында тұратынбыз.
Бірде мектепке бара жатып Дүгелек екеуміз әңгіме соғып келеміз. 5-сыныпта оқимыз ба, нақты есімде жоқ. Содан жақында үйленген көрші ағамыздың тойы туралы әңгіме болды. Дүгелек:
– Ертең сен тұрмысқа шыққан кезде мені қыз жолдас етесің бе? – деп сұрады.
– Бірінші мен емес, сен тұрмысқа шығатын шығарсың мүмкін, – деймін мен.
– Мүмкін.
– Былай қылайық, егер сен бірінші кетіп жатсаң мен, мен бірінші кетіп жатсам сен қыз жолдас боласың, – деп өзімізше келісіп алып, сертіміздің белгісі ретінде «кішкентай бөбек» саусағымызды байласып, кестік.
Осылай алақаннан сусыған құмдай уақыт зырғып өте берді. Біз де есейдік, ес жидық. Тоқтар мен Жанболат тоғызыншы сыныптан кейін колледжге кетті. Ол кезде біртүрлі қимастық болды. Олар қыста, жазда демалысқа келгенде маған ылғи сыйлық алып келетін. Бұл шақта бозбала мен бойжектен болып алғашқы махаббат әр жүректе бүр жарған шақ. Өздерінің көңіл түкпірінен орын алған қыздары туралы айтады маған. Мен жақсы қыз десем, сөз салады. Ұнатпасам айтқанымды қылып, таңдауынан бас тартады. Ал мені төңіректеген жігіттерге қырғидай тиетін.
Он бір жылдық мектепті бітірген соң мен де жақсы оқығанымның арқасында жоғары оқу орнына түстім. Ал Дүгелек құрбым Астана қаласына жұмыс істеуге кетті. Мектепті бітіріп, жазғы демалысты түні бойы ауылдың көшесін шарлаумен тоздырып жүрген кезіміз. Түнімен қыдырып, ұйқыдан түске таяу оянған Тоқа біздің үйді бетке алады. Шыжыған күннің астында екеуміз әкемнің қауынын жеп әңгіме соғамыз. Сол келгеннен ол біздің үйден кешкі асын ішіп, киімін ауыстыруға бір-ақ қайтады. Сосын қайта келіп, әке-шешемнен мені «бір тал шашын түсірмей өзім әкеліп тастаймын» деп ант-су ішіп сұрап алады. Ауыл іші ағайынның ортасы болған соң біреу аға, біреу бөле, бірі нағашы, ешкімнің жаманат ниеті болмайтын. Сосын әкем де, анам да Тоқаға өз балаларындай сеніп кеткен. Оқу таяп қимай қоштастық. Алыста жүріп телефонмен сағаттап сөйлесеміз.
Қысқы демалыста Тоқа қаладағы курстас досын ертіп келіпті. Содан анам мәнті әзірлеп, Тоқаны досымен қонаққа шақырды. Мен сыныптағы қыздар қауымын қоса шақырдым. Тоқа мен досы жарты сағаттай отырған соң асығыс тұрып кетті. Қыздар қалдық.
– Тоқа үйленеді деп жатыр жұрт, рас па екен, – деді бір қыз.
Шошып кеттім. Сенген жоқпын. Ауылдағы әйелдердің өсегі де дедім.
– Ай сол шын-ау. Бүгін көрші ауыл Бірліктен қыз алып келмекші екен, – деді тағы біреуі. Мұны анам да естіді. Мен сенбей жатырмын.
– Мүмкін емес. Тоқа маған ештеңе айтқан жоқ қой. Ол осы кезге дейін менен ештеңе жасырған емес, – дедім жыларман күйге түсіп. Осы кезде сөзге анам араласты.
– Нәско, «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамас» деген, жаңа жеңгесін асығыс шақырып, жеңіл көлікпен бәрінің кетіп бара жатқанын көрдім. Сендерде той болады-ау, – деді.
Ішім алай-түлей болды. Мына отырыстың тез бітуін тіледім. Көңіл күйім күрт бұзылды. Теледидардан «МузАрт» тобының ән кеші беріліп жатқан. «Ғашық оты жанады жана берсін» деп әндетіп сала берді.
– Ой, ертең Нәскөлер де Тоқаның тойында осылай әндетіп жүреді екен ғой, – деді шешем.
– Қой, Тоқа үйленбейді. Ол маған айтар еді ғой, – дедім өзімді алдаусыратып.
Ішімнен ақиқат басым болып тұрды. Көзімнен қалай ыстық жас шығып кеткенін өзім де білмей қалдым. Тап осы сәтте сыртқы есік ашылып, Нұрбек деген сыныптасым екі езуі құлағына жетіп, сүйіншілеп келіп тұрды. Сол жылаған күйі Тоқаның үйіне бардым. Расында түкпір бөлмеде төрде Тоқаның жанында кіп-кішкентай қараторы келген, көзі бақырайған қыз отырды. Досымды құшақтап егіліп жыладым. Той өтті. Демалыс бітті. Оқуға қайттық. Көктем келіп, күн шуақтанып сала берген кез еді. Жазғы сессия басталғалы жатқан. Жанболат досым үйленіп жатыр дегенді естідім. Қуанышына ортақтасу үшін алыстан ауылға жеттім. Той бітіп, қайтар уақытым таяғанда келіншегін жетелеп жүрген Тоқа досыма, қолына бақытын қондырып жатқан Жанболат досыма қарап өзімді жалғыз қалғандай сезіндім. Ол кезде Дүгелек Астанаға сол кеткеннен ауылға келуді қойған. Тек телефонмен сөйлесеміз. Бұрын мені іздеп, менімен ақылдасып, сырларын ақтаратын екі жігіт. Енді олардың қасында өмірлік серігі бар. Мені қайтсін деген ой мазамды қашырды. Бетімді жасым жуып, үш дос құшағымыз жазылмай ұзақ тұрдық. Біздің бұл түрімізді көріп, достық махаббатымызға куәгер болғандардың бәрі еріксіз жылады. Араға екі ай салып Дүгелек досымның да үйіне кешірімшілер келді. Ол өз адамын Тараз қаласынан тапқан екен. Бұл күні де 18 жасында келін атанған құрбымды аяп жыладым. Уәделескендей тойында қыз жолдас болып қайттым.
Олар балалықты ерте қиып, ересек өмірге тез аттанды. Кейін бірі әке, бірі ана атанды. Мен жастық шақты қимай, әлде өз адамымды жолықтырмағанан ба, олардың тұңғыштары мектепке барып жатқанда барып ұямнан ұштым. Жанболат кейін бізден жырақтап кетті. Ал Тоқа мен Дүгелек әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Тоқаның жақында бесінші перзенті өмірге келді. Ауылға төркіндеп барған әр жолы Тоқа шаңырағына арнайы шақырып, қонақ етпей жібермейді. Келгенімді естісе, құстай ұшып келіп тұрады. Сосын жастық шақ, балалық бал дәурен кезеңнің қызықтарын еске алып, сол шаққа сапарлап қайтамыз.
Достық деген әркімге беріле бермейтін ұлы құдірет екен. Өмір белесінде студент шақта, жұмыста, тұрмыс құрған соң да құрбыларым болды. Бірақ олар менің балалық пәк көңілімде мызғымай орын тепкен осы бір жандарды ұмыттырған жоқ. Оларды әркез сағынып жүремін.
Соңғы уақытта 4 жастағы Арнұр есімді ұлым «балабақшада досым бар» деген сөзді жиі айтып жүр. Тіпті үйге келген соң «досым үйтті, бүйтті» деп ауызынан тастамайды. Үйдегі ойыншығын, тәтті тоқашты «досыма апарам» деп алып қояды. Бірде дүкеннен екі кәмпит алды да «біреуін Арнұр досыма беремін» деді. Мақұлдадым. Дүкеннен шыға бере қайта бұрылып кәмпиттің бірін орнына қойып жатып:
– Досым ауырып жатыр. Біраз болды келмей жүр. Бүгін де келмеген шығар, – деді көңіл күйі түсіп тұрып. Баламның мына қылығына таңырқай қарап, бұл достықты қайдан біледі дедім. Тәрбиешісінен қызық үшін сұрап едім.
– Бұлар күшті дос. Бір-бірінен ажырамайды. Кетерде құшақтасып, беттерінен сүйіп қоштасады. Не болса да бөлісіп жейді, – деді.
Баламның әрекетіне ішім жылып, ортақ чаттан анасын тауып, танысып алдым. Балаларды айырмай, бір мектеп, бір сыныпқа берейік деп келістік. Кішкентай жүректен оянған достық ұлы достыққа жетелесе екен. Дос бола білу де, досың болған да бір бақыт қой шіркін!
Назерке МАРАТҚЫЗЫ,
Арал қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!