Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызылорда-Жезқазған» жолы қашан аяқталады?

29.03.2024, 9:05 213

Автожолды тексеру барысында мамандар 600-ден аса сынама алып, бірқатар ақау мен кемшілікті анықтап отыр.
Ойпаң жерден орғып, қыраң жерден қарғып өтетін жолдың жайын жолаушы ғана біледі.

«Қызылорда-Жезқазған» күрежолының Қызылорда облысына тиесілі аумағы, яғни 216 шақырымының құрылысы 6 учаскеге бөлінген.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар мал өткелдері, жолдың жиегін нығайту секілді жұмыстарға да мән беріп жатқанын айтады.

– Жалпы, қыс айларында инертті материалдарды учаске басына жеткізу жұмыстары ұдайы жүргізіліп келді. Қазіргі таңда 5 лотта 24 пен 216 шақырым аралығында толықтай құрылыс жұмысы басталды. Оның ішінде жер жұмыстары, айналма жолдарды салу, жасанды құрылғыларды орнату бар. Сондай-ақ, су өткізгіш құралдар, мал өткелдері, жолдың жиегін нығайту секілді жұмыстар жүргізілуде, – дейді ол.

Сондай-ақ, автотрасса құрылысы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы мамандарының ұдайы бақылауында. Олай дейтініміз, былтыр жылжымалы зертханамен 202 нысанға тексеру жүргізіліп, құрылыс материалдарынан 611 сынама алынған. Барлығы 44 кемшілік анықталып, тапсырыс беруші мен мердігер мекемелерге олқылықтарды қалпына келтіруге ұсыныс берілген.

– «Қызылорда-Жезқазған» автожолына аспаптық тексеру барысында 35 ақау, зертханалық сынама қорытындысымен 9 кемшілік анықталған болатын. Бүгінгі таңда барлық табылған ақау талапқа сай қалпына келтіріліп, міндеттеген ұсыныстар орындалды. Жалпы, бұл күрежолды жаңғырту жұмыстары сала министрлігінің де назарында. Құрылыс материалдары мен атқарылған жұмыстардың нормативтік талаптарға сай болуын орталық мамандары қатаң бақылауда ұстайтын болады, – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев.

Бүгінде автотрасса құрылысына 750 адам жұмылдырылып, тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Қызылорда облысына тиесілі 216 шақырымды құрайтын күрежол жоспар бойынша 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Фото: Мұнарбек Әбілқайыр

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: