Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сот және БАҚ немесе ақпараттандырудың жаңа түрлері

27.03.2024, 10:55 268

HALYQLINE.KZ

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Қазақтың көрнекті ғалымы, Алаш қайраткері, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы бұқаралық ақпарат құралдарының халық үшін қаншалықты маңызды екендігін осылайша бағалаған.

Газет-журналдар, телеарна, радиолар және тағы басқа ақпарат жеткізу түрлері елдегі және шетелдегі соңғы жаңалықтарды оқырман назарына жеткізеді. Осы арқылы халықтың көз ашық, көкірегі ояу, білімді, ұрпағымыз сауатты бола түседі. Сол үшін де бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі қоғамда қашанда маңызды рөлге ие.

Еліміздің сот жүйесі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан салалардың біріне жатады. Республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдар, телеарналар мен радиолар арқылы сот жүйесіндегі соңғы жаңалықтар мен заңдарға енгізілген өзгерістер тұрақты түрде жарияланып отырады.

Айта кетерлігі, заман алға жылжыған сайын, халыққа ақпарат жеткізудің жаңа түрлері пайда бола бастады. Ақпараттық технологиялар кеңінен дамып келе жатыр. Ақпарат таратушы ретінде әлеуметтік желілер жаңа күшке ие болып, маңыздылығы арта түсуде.

Бұл ретте сот жүйесі де заманның талабына лайықталып, ақпарат жеткізудің жаңа түрлеріне көшіп келе жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілер арқылы заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен саладағы жаңашылдықтар халықтың назарына жеткізіле бастады. Соның ішінде ең жиі таралғаны әрі кеңінен қолданысқа ие болғаны – «Facebook» әлеуметтік желісі. Әсіресе, карантиндік шектеулерге байланысты жұмыс тәртібі онлайнға көшкен кезеңдерде әлеуметтік желінің маңыздылығы, тіпті, артып кетті.

«Facebook» қызметін жүргізу үшін smm, дизайнер, видеомонтаж, оператор, журналист сияқты шығармашылық қызмет мамандарының рөлі күшейе түсті. Бұл ретте сот қызметкерлері де қалыс қалмай, ізденіп, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат жеткізудің жаңа түрлерін меңгере бастады.

Қазіргі таңда соттардың парақшаларынан соңғы үлгідегі анимациялық, мультипликациялық бейнероликтерді жиі көретін болдық. Сонымен қатар, заңнамалар түсіндіріліп, онлайн сұхбаттар ұйымдастырылып, татуластыру тетіктерін дәріптеуге арналған деректі материалдар жасалып, оқырмандарға ұсынылып отыр.

Бүгінде әлеуметтік желілерді қолдану ақпарат жеткізудің ыңғайлы түрі болып есептеледі. Әр адамның қолында жеке ұялы телефон бар. Смартфон арқылы әлеуметтік желілерге тіркеліп, сот саласына қатысты қажетті ақпараттарды кез келген адам көріп, оқып, мәлімет ала алады.

Республика соттарында, оның ішінде Қызылорда облысының соттарында әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы сот саласының ақпараттарымен бөлісу тәжірибесі қалыптасып, күнделікті жаңалықтар жарияланып, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылып отыр. Әсіресе, түсіндірме жұмыстары тиімді жүргізіліп келеді. Мысалы, көп адам біле бермейтін талап қоюлар мен арыздарды беру, алимент өндіру тәртібі туралы көлемді әрі маңызды түсіндірмелер жиі жасалады.

Бұдан шығатын қорытынды, заман алға жылжыған сайын, уақыт талабына ілесіп, ақпарат жеткізудің жаңа түрлерін қолдана отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізе берген жөн. Себебі, сот жүйесінің басты мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Ал, оның заң шеңберіндегі тәртібін түсіндіруге ақпарат жеткізудің ыңғайлы түрлерінің барлығын қолдануға тиіспіз.

Бірақ, әлеуметтік желілердің дамуы газет-журналдар, телеарналар мен радиоларды мүлдем ысырып тастау дегенді білдірмейді. Газет-журналдардағы көлемді мақалалар, телеарналар мен радиолардағы мазмұнды сұхбаттар қашанда қоғам үшін өзекті болып қала береді. Тек ақпарат жеткізудің барлық бағытын тең ұстап, заман талабына лайықтала бергеніміз жөн.

Н.Нұрбайқызы.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: