Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандағы теңсіздіктер формасы

07.03.2024, 12:40 583

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан байлығының тең жартысы бар-жоғы 162 адамның қолында» деген еді. Содан бері не өзгерді? Әлеуметтік әділеттілік принциптері қаншалықты орнады? 2023 жылы кепілсіз тұтынушылық несие 9,5 триллион теңгеге жетсе, 8,6 миллион адамның қаржы институттарына қарызы бар. Өткен жылы бір ғана  «Халық банкі» акционерлеріне 276,8 миллиард теңге дивиденд төлеуді шешті. Теңсіздіктің бір мәнін осылай ашуға болады.

ТАБЫС  ТЕҢСІЗДІГІ

Табыс теңсіздігі – бұл әртүрлі адам мен әлеуметтік топтың арасында табыс бөлінуіндегі айырмашылықты сипаттайтын көрсеткіш. Коэффициент арқылы мемлекеттің даму деңгейін және адамдардың өмір сүру сапасын анықтауға болады. Табыстың теңсіздігі экономикалық тұрғыда ғана емес, саяси әсері айқын көрініп, ЖІӨ өсуінің баяулауына, кірістің мобильділігі төмендеуіне, кедейлік деңгейінің жоғарылауына әсер етеді.

1980 жылдан бері әлем елдерінің тұрақтылығын саралағанда табыс, байлық және мүмкіндік теңсіздігіне баға беру дәстүрі қалыптасты. 44 жыл бұрын әлемдегі табысы ең жоғары 1 пайыз адамның (75 миллион адам) қалтасына әлемдік кірістің 27 пайызы түссе, табысы төмен 50 пайыз адам (3,7 миллиард адам) жалпы кірістің 13 пайызына ие болды. Содан бері, табыс теңсіздігінің арақатынасы алшақтап, байлар байыған үстіне байып, кедейлер кедейлене түсті.

Табыс теңсіздігін бағалаудың танымал көрсеткішінің бірі – Джини индексі. Италия статисі Коррадо Джини әзірлеген теңсіздік теңдеуі байлықты бөлудің статистикалық өлшемі саналады. Рейтингтің бұл түрі бойынша Норвегия 22,70 пайызбен көш бастаса, одан кейін Словакия (23,20) мен Словения (24,00) орналасты. Ал табыс теңсіздігі Африка елдерінде өте жоғары. Мәселен, Оңтүстік Африкада – 63,00 пайыз, Намибияда – 59,10 пайыз, Суринамда 57,90 пайызды құрайды.

Halyk Finance аналитикалық орталық жетекшісі Санжар Қалдаровтың сөзінше, Қазақстан халқының жартысына жуығы айлығы  төменгі  жалақыдан  аз  әрі табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайды. Елдегі байлардың үлесі 10 пайыз болса, олар ұлт байлығының 60 пайызына иелік етеді. Байлық теңсіздігі бойынша Қазақстан Африка елдерімен бір қатарда. Демек, дамыған елдермен салыстырғанда экономикалық теңсіздік тең емес, халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыруда салық заңнамасына өзгеріс енгізіп, есеп пен статистиканы, өзін-өзі басқаруды жетілдіре түсу маңызды.

– Қазақстанда  табыс  теңсіздігінің  негізгі  проблемасы – еңбекақы  мөлшері төмен. Take-profit.org порталы жариялағандай, Швейцарияда ай сайынғы орташа жалақы мөлшері –  7442 доллар, Люксембургте – 6692  доллар,  Данияда – 6341 доллар, Сингапурде –   4588 доллар, Норвегияда 4976 доллар құраса, Қазақстанда – 657 доллар. Айырмашылығы – 6-10 есеге дейін. Бір ғана Норвегияның негізгі табыс көзі мұнай болса, біздің елде мұнай-газдан бөлек, түсті және қара металлургия, уран тағы басқа сирек кездесетін  металдар  бар. Солай бола тұра, салыстырмалы түрде орташа жалақы мөлшері  төмен, – деді әлеуметтану магистрі Айнұр  Айнарбек.

БАЙЛЫҚ  ТЕҢСІЗДІГІ

Әл-ауқат теңсіздігі әртүрлі адам мен әлеуметтік топтың арасындағы активтердің бөлінуіндегі айырмашылықтан көрінеді.

Байлық теңсіздігі адамдардың тапқан ақшасын бақылайтын табыс теңсіздігімен тығыз байланысты. Алайда әл-ауқат теңсіздігі тек кірісті ғана емес, сонымен қатар банктік шоттардың, акциялар мен инвестициялардың, үйлердің және автокөліктер, зергерлік бұйымдар, өнер және басқа да құндылықтар сияқты жеке мүліктің құнын қамтиды. Байлық теңсіздігі көп елдің әлеуметтік тұрғыдағы әділетсіздігінен хабар береді.

Байлық теңсіздігі ең жоғары елдердің рейтингісі бойынша Бразилия 52,9 пайыз, Колумбия  51,5 пайыз, Ангола 51,3 пайыз деңгейінде. Байлықтың бөлінуі жөнінде Словакия (23,2 пайыз), Словения (24 пайыз), Нидерланды (26 пайыз) өзге елдерге үлгі бола алады. Норвегия, Швеция, Даниядағы скандинавиялық модель бойынша ел байлығы бір қолға шоғырлануға жол бермейді. Индексте Қырғызстан  29 пайызбен, Қазақстан  27,8 пайызбен  бағаланыпты.

Африкада табыс теңсіздігі мемлекеттің экономикалық құрылымында жатыр. Яғни сыбайлас жемқорлық жайлап, инвестиция тартуды тежеп, табысты салалар монополияланды. Еуропадағы ең бай 1 пайыз адам жалпы табыстың 12 пайызын, ал ең кедей 50 пайызы табыстың  22 пайызын алады. Мұны Оңтүстік Африкамен салыстырғанда  20/10 пайызды құрайды.

Байлық аз адамның қолына шоғырланған кезде қоғам үшін жағымсыз салдары артады. Джини коэффициенті – байлық теңсіздігін бағалаудың бір құралы. Бірақ табыстың орнына бұл жағдайда халықтың жеке топтары арасындағы байлықты (немесе актив құнының) біркелкі бөлудің ауытқу дәрежесі қолданылады. 2022 жылы Қазақстандағы әл-ауқаттың Джини коэффициенті шамамен 0,75 болды.

Жалпы, дүниежүзінде әл-ауқат теңсіздігі – табыс теңсіздігіне қарағанда өзекті мәселе. Байлық теңсіздігі – елдің тұрақтылығына әсер ететін құбылыс. 2022 жылы Қазақстандағы ең бай 10 пайызы жалпы активтің 60 пайызына, ең жоғары 1 пайызы 30 пайызға иелік етті. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Африка елдерімен шамамен бір деңгейде.

Әзірге әлеуметтік әділдік толық орнап біткен жоқ, нәтижесінде байлар байи түссе, кедейлер кедейленіп барады. Соңғы 20 жылда халықтың әл-ауқатының деңгейі төмендеді.

Әл-ауқат индексі бойынша өңірлер арасында Солтүстік Қазақстан облысы көш бастаса, Атырау, Ақтөбе облысы мен Астана қаласында қалыпты жағдай тіркелді.

МҮМКІНДІКТЕР  ТЕҢСІЗДІГІ

1990 жылы пәкістандық Махбуб ул-Хак бастаған экономистер адам дамуының индексін ұсынды. Сол жылдан бері БҰҰ Даму бағдарламасы адам дамуы туралы баяндама жариялап келеді. Адамдардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігі, қауіпсіздігі мен құқығы қорғалуы, әлеуметтік әділдік принципі сақталуы, ұзақ өмір сүру деңгейі мен сапалы өмір салты, білім беру мен медицина саласындағы сервиздік қызметтің сапасы есепке алынады.

Теңсіздік мәселесін шешуде мемлекеттік басқару жүйесін өзгертуді талап етеді. Жалпы мүмкіндіктер теңсіздігін бағалаудың тәсілі көп. Halyk Finance аналитикалық орталығының мамандары аймақтық теңсіздікті, яғни адамның тұратын жеріне байланысты туындайтын теңсіздікті бағалауға басымдық беріпті.

2023 жылдың 2-тоқсанында Джини коэффициентінің ең жоғары мәні Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында байқалып, оның деңгейі 0,3-тен асты. Олардан кейін Алматы мен Астана, сондай-ақ Қарағанды мен Абай облысы келеді.

Бұл ретте ең төменгі көрсеткіштер елдің батысында – Маңғыстау және Атырау облысында байқалды. Мұнай өндіруші өңірлердегі кіріс деңгейінің жоғары болуына байланысты болуы мүмкін. Ірі мегаполис – Шымкентте коэффициент төмен.

– Мүмкіндіктер теңсіздігін елдің әр өңірінде әркелкі бағалау керек-ақ. Солтүстік және шығыс өңірлерде кадр тапшылығына байланысты адамдар қалаған жұмысын тез тауып, мансаптық тұрғыда көтерілуіне мүмкіндігі көп. Ал оңтүстік өңірлерде керісінше, жұмысқа орналасу үшін таныс-тамыр мен қаржы керек. Онсыз екі қолға бір күрек табу қиын. Дегенмен, жұмыс істеп, қызметте карьералық өсемін дегендер Президенттік жастар кадр резервін пайдалануына әбден болады, – деді  әлеуметтанушы  Айнұр  Анарбек.

Адамның барлығы тең және толық ерікті идеясын ұстанған коммунизм қоғамында жалпыға бірдей құндылықтар қалыптастырылса, капиталистік қоғамда епті, белсенді адамдар табысты болады. Сондықтан нарықтық қатынасты бағдар еткен елдерде мүмкіндіктер теңсіздігіне объективті баға беру қиын.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

Астана  қаласы

P.S. Әлеуметтік дамудың түрлі деңгейі теңсіздіктің базасы саналады. Елдегі ажырасу, суицид, халықтың банктерге жаппай қарыздануы және тағы басқа жағымсыз құбылыстардың болуы теңсіздік теңдеуіне байланысты. Ендеше, жаңадан құрылған Үкімет ұлт байлығын тең бөліп, қоғамда орта тап өкілдерінің үлесін көбейтуге көңіл бөлгені дұрыс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: