Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізге қандай тұлға керек?

12.02.2024, 16:40 295

HALYQLINE.KZ

«Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден» деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның артына қалдырған ұлы сөзін өзінің өмірлік өнегесімен, ізгі істерімен дәлелдеп кеткен тұлғамыз көп. Солардың бірі де, бірегейі – Шайсұлтан Шаяхметов. Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес заманында ұлтшыл мінезімен қазаққа риясыз қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері. Жуырда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада химия ғылымдарының кандидаты, профессор, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтің туғанына 85 жыл толуына орай «Жанып тұрған шаммен тең…» деген атаумен дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаров, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР-ның әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегері Ербол Махмотов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА-ның академигі Кәрімбек Құрманәлиев, жазушы Ораз Қауғабай, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың орфография басқармасының жетекші ғылыми қызметкері Гүлназ Төкенқызы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандары қатысты.

Дөңгелек үстелде туған халқының бақыты үшін басын қатерге тігіп, қалтқысыз қызмет еткен тау-тұлғаның қамқорлығы мен жақсылығын көрген белгілі ғалымдар, сол жылдарда қызметтес болған әріптестері, Шайсұлтан Шаяхметовтің алуан түрлі қырын зерттеген зиялылар әсерлі де шынайы естеліктерімн бөлісті.

«Жалаңаяқ  аспиранттың  қамқоршысы»

Отандық химия ғылымының дамуына зор үлес қосып жүрген ғалым Ербол Махмотов тұңғыш Білім министрімен тағдыр-талайы қалай табыстырып, өмірдегі және ғылымдағы жолына жарық жұлдыздай сәуле шашқан абзал жанның қамқорлығы туралы әсерлі әңгімеледі. «1987-1990 жылдары Алматы қаласында Қазақ КСР Ғылым академиясының органикалық катализ және электрохимия институтының аспирантурасында оқып жүрген кезім. Бір күні мені Білім министрі шақыртты. Кабинетіне кіргенімде ашық қабақпен қарсы алды. Ол диссертациямды қорғап, ғылымға қатты қызығушылықпен ден қойған кезім еді. Шайсұлтан Шаяхметов мені бұрынғы Шевченко, қазіргі Ақтау қаласына баруыма ұсыныс жасады. Әрине, келістім. Сөйтіп, министрдің жолдамасымен білім, ғылым және өндіріс деген үштағанның ортасына топ ете түстім. Одан кейінгі өмір жолым, ғылымдағы қадамдарым шынайы жанашыр тұлғаның қамқорлығымен биіктерге бастады. Кейінірек Ақтауға келгенінде хал-жағдайымды сұрап, сырттай демеуші, қолдаушы болып жүргені мен үшін зор бақыт еді» деп еске алды Е. Махмотов.

Ол Ш.Шаяхметовтің ғалым болатын жастардың өзін көрмей-ақ танитын тереңдігіне, өзі басқаратын саланың ұңғыл-шұңғылына бойлай алатын көрегендігіне көп мысал келтірді. «1984 жылы алақандай Шевченкода 11 жоғары оқу орны болды. Бәрі филиалдар еді. Сол кезде Ш.Есенов атындағы жалғыз мемлекеттік университеттің оқытушыларын таба алмай қалатынбыз. Жаңағы филиалдарға тіркеліп, бәрінен айлық алады. Филиал директоры 1 сөмкемен келіп, бос тұрған балабақшаны институт етіп, грантқа түспей қалған балаларды жинап, оқыта береді. Не кітапхана, не база, не маман жоқ, қазір керісінше филиалдар түгілі институттар да жабылуда. Ш.Шаяхметовтей министр болса, мұндайға мүмкіндік бермес еді. Қазір не көп, ғалым көп. Ғылым магистрінің саны кандидаттан 5 есе көп, ғылым докторының саны – 4500, ал Phd докторлар – 4900. Білім мен ғылымға жаны ашитын министр бұған жол бермес еді» деді ол. Ербол Махмотов Ш.Шаяхметовтен кейінгі министрлердің Тұңғыш министрдің тырнағына да татымайтынына қынжылады. «Білім мен ғылым саласын басқаруға қауқары, деңгейі жоқ министрлердің 2-3-еуінің шындығын бетіне айттым. Былай қарасақ, министр болған адам да: «Әй, маған ұяттау болды-ау, басқа қабілетті адамдар бар еді» деп ұялмайды, оны тағайындаған адам да: «Бұл саланы басқара алатын мынадай азаматтар бар еді» деп айтпайды» деді ол.

Тұңғыштарға  тән  қасиет

ҰҒА-ның академигі Кәрімбек Құрманәлиев Шайсұлтан Шаяхметовтің білім-ғылым саласына, ана тілімізге, ұлт руханиятына сіңірген ерен еңбегін мысалдармен айшықтап, әсерлі жеткізді. «1992 жылы 18 қаңтарда қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш «Білім туралы» Заңын дайындаған Ш.Шаяхметов. Оқу жоспарлары, білім бағдарламалары былай тұрсын, кафедраның штаттық кестесін «уысында ұстап», кеңестік республикаларға өктемдігін жүргізіп үйренген Мәскеудің боданынан босап, бостандыққа бет алған елдің жаңа білім саясатын қалыптастыру оңай шаруа еместігі анық. Ауқымды да қауырт іске білікті мамандарды жұмылдырып, нормативтік-құқықтық актілер даярлау ісін кәсіби шеберлікпен, креативті ойларымен, жинақтаған мол тәжірибесіне сүйеніп жүзеге асырған да Шайсұлтан Шаяхметов болатын. Ел арасында «Шаяхметов заңы» аталып кеткен бұл құжатқа мемлекеттік жоғары оқу орындарымен қатар жекеменшік білім ордалары да білім беру қызметін көрсете алатындығы туралы тұңғыш рет заң нормасы енгізілді. Соның нәтижесінде, жекеменшік балабақша, мектеп, университеттер бой көтерді. Кеңестік кезеңдегі 55 ЖОО саны қазіргі таңда елімізде екі есеге артып, 110-нан асуы жоғары білімге  қолжетімділікті қамтамасыз етудің алғышарттары екені белгілі. Жоғары оқу орындарының дербестігі деген мәселе де осы заңнан бастау алды. Осындай ұлт, мемлекет үшін маңызы зор істердің бәрінде тұңғыштарға тән қасиет-қабілетін көрсеткен, қазақтың біртуар перзенті Ш.Шаяхметовтің қолтаңбасы бар» деді К. Құрманәлиев.

Тұңғыштардың  тұңғышы

Жиында Шайсұлтан Шаяхметовтің «Тұңғыш» деген текті сөзге қай жағынан алсақ та лайықты екендігі тілге тиек етілді. Әулиекөлдегі орта мектепті алтын медальмен бітірген тұңғыш түлек. Самбодан «Спорт шебері» атанған тұңғыш қазақ. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі (1987-1993 жылдары министр болған). «Білім туралы» заңды тұңғыш дайындаған кәсіби маман. «Болашақ» бағдарламасының негізін қалап, 1989-91 жылдары 5 үлкен мемлекетпен келісімшарт жасаған тұңғыш министр. 1960-1986 жылдар аралығында қазақ жерінде 500-ден аса қазақ мектебінің негізсіз жабылып, аралас мектепке айналғанын тоталитарлық жүйеден қаймықпай, «Қазақстан коммунисі» деген кеңес журналына жазған тұңғыш жаужүрек саясаткер. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына бастамашы болған, мемлекеттік тілді жедел оқыту орталығын ашуға мұрындық болған тұңғыш ұлт қайраткері. Осылай тізбектеліп кете береді.

Дөңгелек үстелде филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы мынадай ой айтты: «Бізге Шайсұлтан Шаяхметовтей тұлғалардың өмірі мен істеген ісі өнеге. Ана тілімізге қатысты ұсақ-түйек деп қарайтын нәрсе көп. Ең үлкен мәселе – елге табаны тиген адам көлікке мінеді. Ұшақ, пойыз, автобус, такси болсын… Сол жерде елді, ұлтты танытатын, ел туралы алғашқы әсерт беретін – тілдік жағдай. Астана – елдің төрі. Елорданың қоғамдық көліктерінде мемлекеттік тілде ғана хабарлама айтылуы керек. Ол жерде қазақ тілі мәселесі шешілсе, ел мен жердің иесі кім екенін ұқтырады» деді ол.

Астанадағы №3 автопарктің автобустарында тілбұзар мәтін жазылған хабарландыру ілінгенін сынап, әлеужеліде пост жаздым. Көп ұзамай автопарктің басшысы Нұрбол Ысқақовтан мынадай жауап келді: «Кемшілікті жойдық, орындаушыға қатаң ескерту жасалды. Оны реттеп отыратын бізде нақты бұйрық жоқ, арнайы топ немесе маман да қарастырылмаған. Осы мәселелерді бір жолға қоямын». Екі айдан соң Нұрбол Ысқақов сауатты тілмен жазылған хабарландыруды жіберді. Автобустарға да ілініпті. Мұндай мысал көп. Біз қазір тұлғаны қолдан жасаймыз. Ол – надандыққа апаратын жол. 30 жылда әсірежағымпаз, қорқақ, өтірікші, ақшақұмар, мансапқұмар жастарды (бәріне күйе жағудан аулақпын) тәрбиеледік. Солар шенеунік, министр болып жүр. Міне, осы кезде Шайсұлтан Шаяхметовтей қараңғыда жаққан шамдай, ұлтының бақыты үшін туған адал перзентіндей тұлға, министр керектігін сезінеміз.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: